Accessibility links

Діни басқарма техникалық университеттің студенттерін «секталардан сақ болуға» шақырды


Мәди Ахметов, Алматы қалалық орталық мешітінің найб-имамы. Алматы, 8 қазан 2010 жыл
Мәди Ахметов, Алматы қалалық орталық мешітінің найб-имамы. Алматы, 8 қазан 2010 жыл

Қазанның 8-і, жұма күні Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде «Менің діни сенімім» тақырыбында арнайы шақырылған топ пен студенттердің кездесуі өтті. Бір күн бұрын ішкі істер министрлігі дәл осы университеттің профессоры Саят Ыбыраевты түсініксіз жағдайда қамауға алған болатын.


«ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАРЫ ҮШІН ДІН МӘСЕЛЕСІ ӘЛІ ШЕШІМІН ТАПҚАН ЖОҚ»

Кездесуге құқық қорғау органының қызметкерлері қатысады деген ақпарат болғанмен, ресми өкілдер сахнаға жайғасқан Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының имамдарының қатарынан көрінбеді. Бірақ, кездесу кезінде арнайы қызмет орындары дайындаған бейнематериалдар көрсетіліп отырды. Дінтанушылар мен имамдардан тұратын арнайы топ студенттерге Ислам діні мен оның түрлі ағымдары туралы және діни экстемизм жайлы білетіндерін жеткізіп бақты.

Жиынға қатысушылардың пікірінше Қазақстанда, әсіресе, жастар арасында, дін мәселесі әлі шешімін таппай тұр. Өйткені, өсіп келе жатқан жас буын өте әсершіл әрі еліктегіш болғандықтан түрлі діни ағымдар мен секталардың жетегіне еріп кетеді дейді.

«Көптеген елдерде болып жатқан түрлі лаңкестік әрекеттерді алсақ, жанкештілердің дені отызға жетпеген жастар. Оның үстіне әлемде діни жағдай тұрақтанбай тұр. Сондықтан біз жастарымызға ислам діні туралы шынай түсінік беруіміз керек» дейді, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің проректоры Ұлықпан Сыдықов.

Оның үстіне, соңғы кездері жастар арасында дінге деген көзқарастың сан алуандығы мен пәрәнже қолдануына қатысты қоғамда болып жатқан түрлі қарама-қайшы пікірлер де осындай кездесу өткізуге түрткі болса керек.

ҚМДБ ҰСТАНҒАН ЖОЛ ЖӘННАТҚА АПАРАДЫ

Кездесу барысында Алматы қалалық орталық мешітінің найб-имамы Мәди Ахметов, жастарға жәннатқа баратын жолдың қайда жатқанын айтып берді. Оның айтуынша, 73 ағымға бөлінетін Ислам дініндегі бір ғана жол жәннатқа жетелейді.

Жәннатқа апаратын ағымды табу үшін мұсылмандықты толық білу керек. Ал мұсылмандықтан хабарсыз адам шатысып теріс ағымдарға еріп кетеді деген ой айтады Мәди Ахметов.

– Жаңағы 73 топтың ішіндегі жәннатқа апаратын біреуін қалай табамыз десеңіздер, қазіргі кезде Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы толық қарқынды түрде жұмыс істеп жатыр. Сол діни басқарма ұстанған жолды ұстанып, солардың көрсеткен жолымен жүрген болсақ, адаспаған боламыз, әрине, шатаспаған боламыз, - дейді Алматы қалалық орталық мешітінің найб-имамы Мәди Ахметов.

«УАҺҺАБШЫЛДЫҚ БІЗДІҢ ДӘСТҮРІМІЗГЕ ЖАТ»

Дінтанушы ғалым Бағдат Бейсеновтің пікірінше, уахапшылдық қазақ дәстүрімізге жат. Ол саудиялықтарға тән, ол қазақ менталитетіне жат дейді. Ал сопылықтың өте күрделі мәселе екенін айтқан Бағдат Бейсенов, дәл қазір Қазақстанда сопылықты жаңғыру процестері жүріп жатыр дейді.

– Біздің негізгі ұстанатын бағытымыз сунниттік ағым болуы тиіс. Соның ішінде Әбу Ханифа имам ағзам мазһабы бар. Осы мазһабты ұстануымыз керек, - дейді дінтанушы Бағдат Бейсенов.

Сонымен қатар дін өкілдері қыздарды бет-ауызды мүлде тұмшалап жүрмеуге шақырды. «Пәрәнже кигеннің жөні осы екен деп көзді ғана қалдырып, басқа жерді орап алу міндет емес. Шариғатта айтылғандай киіну қажет» дейді олар.

ЖАСТАРДЫҢ КӨП САУАЛЫ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛДЫ

Дін өкілдерімен кездесу барысында студенттерге еркін сұрақ қоюға мүмкіндік берілді. Сондай сауалдың бірі – теріс пиғылды ағымдарды қалай ажыратуға болады деген мағынада еді. Алайда оған жауаптың орнына шариғат пен фиқһ туралы уағыз айтылып кетті.

Студенттердің өздері де көптеген сауалдарының жауапсыз қалғанына қынжылды. Тіпті кейбіреулері сұрақ қоя да алмай қалғандарын айтты. Жиын соңында жастармен тілдескенімізде олар бүгінгі басқосудың көңілдерінен шықпағанын жасырмады. Және де «мұндай жиынның соңы университет ішіндегі намазхананы жабуға әкеп соғуы мүмкін» деген ойларын білдіріп қалды.
Қазақ Ұлттық техникалық университетінің студенттері кездесуде отыр. Алматы, 8 қазан 2010 жыл

Тағы бір айта кетерлігі бас қосуда өзге діндердегі ағымдар туралы сөз қозғалмады. Үгіт-насихат тобы мен университет басшылығы профессор Саят Ыбыраев пен ол жетекшілік етіп келген «Әбжад» студенттік клубының болашағы туралы сауалдарға жауап беруден ат-тондарын ала қашты.

Бұл жиынға қатысқан мамандардың пайымдауынша бүгінгі таңда Қазақстан халқының 70 пайызы Ислам дінін ұстанған. Христиандық екінші, иудаизм үшінші орында. Бұдан өзге көптеген діни ағымдар әрекет етеді.
XS
SM
MD
LG