Accessibility links

Қазақ мұнайы Ресейді айналып транскавказдық бағытпен кетіп жатыр, ал газ магистралының тағдыры қыл үстінде


Теңіз кенішінің мұнайы алғаш рет Құрама Штаттардың қолдауындағы Баку-Тбилиси-Жейхан бағыты арқылы батыс нарығына шығарылды. Бірақ Ресей КТК мұнай құбырына бақылауды күшейтті, ал ЕуроОдақ Nabucco мұнай құбыры туралы Түркиямен де, Каспий жағалауы елдерімен де келісімге келе алар емес.

Каспий аймағын батыс тұтынушыларымен байланыстырып отырған көмірсутекті экспорттық бағыттарды бақылауға қатысты геосаяси бәсекелестік әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында кейінгі орынға шығып қалды. Бірақ бұл майданда белгілі оқиғалар орын алуда. Мәселен, қазақ мұнайы алғаш рет Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры арқылы тасымалданды, сол кезде Ресейдің КТК мұнай құбыры бағытын бақылауды күшейткені белгілі болды.

«Қазақстан Ресейді айналып өтіп мұнай тасымалдауда» деген тақырып қойылған мақала немістің Focus журналының бетінде жарық көрді. Бұл мақалада қазақстандық мұнайдың оңтүстік-кавказдық Баку-Тбилиси-Жейхан бағыты арқылы батысқа тасымалдана бастағаны айтылады. Қазақстаннан сыртқа шығарылатын шикізаттың көлемі күніне 100 мың баррель болады деп болжанады. Өткен аптада Әзірбайжандағы ВР концернінің ресми өкілі Тамам Баятли да аталған құбыр арқылы ірі мұнай кеніші Теңіздің мұнайы тасымалданғанын айтты. Ертеректе бұл желімен Жерорта теңізінің порты Жейхан арқылы тек қана Әзірбайжан мұнайы тасымалданған.

«Қазақ мұнайын тасымалдау үшін құбыр жеткізгішті пайдалану батыс нарығына Ортазиялық мұнай-газ қорларын ашудағы маңызды қадам болды», -делінген Focusтың мақаласында.

Айтпақшы, UPI американдық ақпарат агенттігінің мәліметінше, аталған бағыт бойынша тасымалданатын мұнай көлемі Focus журналы келтіргеннен әлдеқайда көбірек көрінеді. UPI Қазақстанның Әзірбайжандағы елшілігіне сілтеме жасай отырып, жылына 120 миллион баррель мұнай тасымалдануы мүмкін дейді. (бұл күніне 300 мың баррелден аса).

Қазақстанда сондай-ақ Украинаның да тасымалдау мүмкіндіктері қарастырылуда. Бір апта бұрын екі жақ қазақстандық мұнайды тасымалдайтын мұнай терминалының құрылысын салуға жұмыс тобын құру туралы келісімге келді, -деп хабарлайды РБК-Украина агенттігі.

Южный порты аумағында қазақстандық мұнайды тасымалдайтын терминал құрылысының мүмкіндігі қарастырылуда. Астанада өткен Қазақстан-Украина экономикалық ынтымақтастық комиссиясының мәжілісінде осы мәселені шешу үшін жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ бұл жұмыс тобы аталған құрылысқа қатысты өздерінің ұсыныстарын білдірулері керек. Басқа бір Ресейді айналып өтетін экспорттық магистралдың жобасына келсек, оның болашағы тұманды көрінеді.

«Nabucco құбыр желісінің тағдыры қыл үстінде», - дейді Radio Free Europe/Radio Liberty (RFE/RL) шолушысы Ахто Лобякас. Бірақ бұл деректі ЕуроОдақ ресми өкілдерінің ешқайсысы жария түрде мойындаған жоқ.

Біріншіден, ЕуроОдақтың жоғары лауазымды ресми өкілі журналистерге 4-қараша күні Брюсселде құпия түрде Түркия транзиті туралы келісімдердің тоқтатылғанын айтты.

Екіншіден, Әзірбайжан Ресей мен Еуроодақтың Nabucco желісін толықтыруда шешуші рөл атқаратын газ экспорты туралы бәсекелес ұсыныстарының ешбіріне тоқтала алмай тұр.

Үшіншіден, бұл ұзақ мерзімді жоба үшін тек Әзірбайжан газы жеткіліксіз болады. ЕуроОдақ ресми өкілінің айтуынша, 31 миллиард текше метр газдың көбірек бөлігін «елдің басқа аймақтары» жеткізуі керек. 2020 жылдары Nabucco дәл осындай күшпен жұмыс істейді деп күтілуде.

Бірақ әлемдегі газ қорынан екінші орын алып отырған Иран уран байытуды жалғастырып болғанша ойынның сыртында қалмақ. Ал экспорттық қуаты күшті Түркменстан өзін Әзірбайжан мен Nabucco-ға жалғайтын транскаспийлік құбыр желісіне қатысуға әлі шешім қабылдаған жоқ.

Брюсселде барлығы Nabucco газ тасымалдаушысының мәселесі оң шешімін табады деп үміттенді. ЕуроОдақтың энергетика мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Андрис Пиебалгс қараша айында Түркия, Әзірбайжан, Түркменстан мен Қазақстанға келуге тиіс. Бұл сапардың мақсаты аталған елдердің Ресейді айналып өтетін құбыр құрылысындағы ынтымақтастықтың жалғастығын байқау.

Каспий жағалауы елдері ЕуроОдақтың ұсынысына біржақты жауап беруге дайын емес. Біра жағынан, Батыс сарапшыларының айтуынша, Мәскеу оларға өзінің транзиттік бағытын ұсынуда, екіншіден, ол тікелей қысым жасауы да мүмкін.

3,3 мың шақырым ұзындықтағы Nabucco құбырымен посткеңестік Каспий жағалауы елдерінің газы Түркия мен Балқан арқылы Орталық және Батыс Еуропаға тасымалданбақ. Брюсселде осы бағыт арқылы Ресейге тәуелділікті азайтудан үмітті.

Бірнеше күн бұрын Ресейдің басқа құбыр желісі - Каспий құбыр концорциумы (КТК) жобасына қатысу мәселесін күшейткені анықталды.

«Бұрын Оманға тиесілі болған, КТК-ның 7 пайыздық акциясын сатып алған Орталық Азия мұнайын Батыс нарығына тасымалдаушы стратегиялық маңызы бар құбыр ретінде Ресей үкіметі бұл жобаның акция пакеттерін ұлғайтты», — деп жазады американдық New York Times басылымы.

Мақалада Ресейдің «тариф мәселесі туралы пікірталастан кейін» бақылауды күшейтіп, үлесін қомақтырақ қылып алғаны туралы жазылады. Осыларды саралай келе, енді Мәскеу Новороссийск портына Теңіз мұнайын жеткізетін экспорттық желінің күшін арттыруға дайын деуге болады.

Ресей мен Қазақстан үкіметінен басқа батыстық және ресейлік ірі мұнай компаниялары Chevron, BP, Exxon Mobil, Shell, «Роснефть» пен «Лукойл» КТК-ның акционерлері болып табылады.
XS
SM
MD
LG