Accessibility links

Тағы да Алаш туралы…


1917 жылы құрылған Алашорда партиясы және оның маңына топтасқан Алаш зиялыларының ұлттық мүдде мен тәуелсіз мемлекет құру жолындағы тарихи істеріне былтыр, яғни, 2007 жылы 90 жыл толған болатын. Сондай-ақ, Алаш зиялылары мен Алашорда партиясы көшбасшыларын «Халық жауы» деген жаламен нақақтан оққа байлаған 1937-38 жылғы сталиндік репрессияға да 70 жыл толған болатын.

Бұған дейін, Алашордалықтар хақында Қазақстанның әр өңірінде ғылыми бас қосулар мен арнайы іс-шаралар өткенін Азаттық радиосы әр кез айтып келеді. Жыл бойы Алашорда мен Алаш идеясы және қазақ зиялыларының ұлт үшін сіңірген еңбектеріне арналған жиындардың Алматыда қорытынды отырысы өтті.

Алашордалықтар хақында өткізілген кездесулер мен ғылыми отырыстар кезекті науқаншылдық емес екенін жазушы Нұрдәулет Ақыштан естідік:

— Науқаншылдық деп айта алмас едім. Себебі, мемлекеттің тіл, дін туралы жүргізіп отырған саясатынан Алаш идеясының ұшқыны байқалады. Жалпы науқаншылдық дегеннен қашуға болмайды. Осындай шаралардың аясында игілікті істер жасалып, тың бастамалар көтеріліп жатады.Әрине, кейін әлгі бастамаларды аяғына дейін жеткізсе құба-құп.

Қорытынды жиынға қатысқан ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев Алаш зиялылары мен Алаш идеясы төңірегіндегі жұмыстар болашақта да өз жалғасын табатынын айта келіп:

— Алашорда мен 20 ғасыр басындағы «ұлтым» деген зиялылар оқу бағдарламасына арнайы енгізілмек. Және Алашорда мен оның айналасына топтасқан үркердей топтың қоғамдық қызметі мен өмірін жекелей зерттеушілерге арнайы грант тағайындалады.

Осы жылдың күзінде Семейде өткен Алашорда хақындағы халықаралық жиын барысында Семей мемлекеттік педагогика университетінің алдында Әлихан Бөкейханұлының ескерткіші ашылған болатын. Ал, Алматыдағы қорытынды отырысқа ҚР президенті Н.Назарбаев өз құттықтауын жіберіпті. Оны Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов оқып берді. Құттықтауда:

— Келешекте Алаш арыстарына арналған ескерткіш те бой көтермекші – делініпті.

Алайда, репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының директоры Ғарифолла Әнес, Астанада салынуға тиісті Алаш зиялыларына арналған ескерткіш орнатылмаған жеткізді.

— Бас қаламызда Алаш ескерткішінің орнатылмауы биліктің Алашорда мен Алаш зиялыларына деген ашық қарсылығы. Үкіметтің арнайы қаулысында Астанада Алашқа арналған ескерткіш қойылады деген. Бірақ, кейіннен белгісіз себептермен сызылып тасталды. Мұны үкіметтің ақшасы жетпегендіктен сызып тастамағаны бесенеден белгілі.

Жалпы, қазіргі билік Алаш идеясынан қашқақтайтыны жасырын емес. Әйтеуір, Алаш идеясының өміршең әрі қазақтың тұғырлы идеясы екенін білетіндер қосамжарланып қоймағанының арқасында ғана өтірік те болсын көңіл бөлгенсиді.

Сонымен қатар Астана мен Алматыда және Қазақстанның барлық қалаларындағы бас көшелер Алаш зиялыларының атында болу керек. Мысалы, кез- келген қаладағы достық, тәуелсіздік деген көшелерге Ақаңның, Әлиханның, Міржақыптың, Жаншаның аттары берілуі қажет. Ұлт мүддесі үшін күрескен арыстарымызға қимаған көшемізді кімнің атына бермек үшін сары майдай сақтап отырмыз?

Қалай болғанда да Алаш туралы іс өз жалғасын табатынының бір айғағы —университеттер жанынан ашылған Алаш зерттеу орталықтары. Семей мемлекеттік университетінің жанынан Алаштану орталығы ашылса, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университінің жанынан Ахмет Байтұрсынов атындағы Алаштану ғылыми орталығы ашылды.
XS
SM
MD
LG