«Айқын» газетіндегі Айдын Ақбәкінің «Орнынан кететін әкімдердің тізімі жасалып жатыр» деген мақаласында, премьер-министр Кәрім Мәсімовтың үкіметтің өткен отырысында қысқа дайындықты дер кезінде жасамаған әкімдердің тартар жазасының қатаң болатындығын ескерткені жазылыпты. Премьер-министр «біз орнынан кететін әкімдердің тізімін түзіп жатырмыз, дәл қазір осы топқа Атырау облысының Құрманғазы және Мақат аудандарының әкімдері кіріп тұр» деп айтыпты. Мақалада, Мәсімовтың тапсырмасынан соң, білім ошақтарын жөндеу және қысқы жылыту маусымдарына дайындық жұмыстары күрт ұлғайғанымен, кейбір жекелеген облыстардағы мектептердің қысқа дайындығының өте төмен екені баяндалыпты.
«Время» басылымында 25 тамыз күні Астана қаласының №-2-ші Сарыарқа аудандық сотында судья Жолдасбекованың төрағалық етуімен «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Күлекеев пен оның жүргізушісі болған Есенғали Оспановқа байланысты сот процессінің алғашқы отырысының өтетіндігі хабарланыпты. Оспановтың адвокаты Ақылбек Дүйсеновтың айтуынша, қорғаушының тарапынан не бәрі үш, ал айыптаушының тарапынан 63 адам куәгер ретінде сұралмақ. «Жақысбек Құлекеевтің қорғаушысы Сәлімжан Мусин ҚТЖ-ның басқа да қызметкерлерін куәгер ретінде шақыртуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды», - деп жазады мақала авторы Дилярам Аркин. Сондай-ақ, мақалада айтылғандай, бұл сот процессі ашық өтетіндіктен, оған ақпарат құралдарының өкілдері де қатыса алады.
«Жас Алаш» газетінде «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовтің елдегі барша «жасыл» ұйымдарды біріктіріп, жаңа партия құратындығы туралы мәлімдеме жасағаны сөз болыпты. Экологиялық проблемалардың ушығып тұрғанын көлденең тартқан «жасылдар» мәселені билік басына келу арқылы шешуге болады деп есептейді. Ал, М.Елеусізов болса Медеу мен Шымбұлақ таулы демалыс орталықтарының арасына зәулім үйлер тұрғызған алпауыттардың әрекетін сынапты. Сондай-ақ, мақалада "Елеусізов партия құрғанымен Алматының таулы аймағында салынған үйлерді бұзуға дәрмені жетер ме екен? Тіпті бұған президенттің де шамасы жетпеді емес пе?" деп жазылыпты.
«Егемен Қазақстан» басылымында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың олимпиялық чемпион, Бейжіңдегі XXIХ Олимпия ойындарында алтын медаль жеңіп алған штангашы Илья Ильинге құтықтау жедел хатын жолдағаны хабарланыпты. Жеделхатта, «Қымбатты Илья – миллиондаған қазақстандықтардың және тікелей өз атымнан тамаша жеңісіңмен құтықтаймын! Табандылық, мақсаткерлік, жоғары спорттық шеберлік және жеңіске деген жігерлілік көрсете отырып, сен бүкіл әлемдік ойындарда Қазақстанды лайықты таныттың»,- деп жазылыпты.