Accessibility links

Қазақстанды Қытайдың экономикалық «шеңгелі» бүріп барады


Қытай президенті Ху Цзиньтао қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алып тұр. Бейжің, 20 желтоқсан 2006 ж.
Қытай президенті Ху Цзиньтао қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алып тұр. Бейжің, 20 желтоқсан 2006 ж.

Энергетикалық ынтымақтастық пен сауда қарым-қатынасы жағынан Астананың негізгі экономикалық әріптесіне айналған Пекин Қазақстандағы әлеуметтік және демографиялық ахуалға тікелей әсер ете алатын бірден-бір сыртқы күшке айналды.

Малайзияда Махатхир Мұхамед билік тізгінін қолға алғанда жергілікті малай ұлты ел халқының 30 пайызын ғана құрапты және олар сіңірі шыққан кедей болған екен. Елдің экономикасы түгел дерлік қытай этносынан шыққан іскер топтардың қолында болыпты. Президент кез-келген мекеменің кем дегенде тең құрылтайшысы малай ұлтының өкілі болуы керек деген жарлық шығарып, қытайлардың малай тілін үйренуіне 10 жыл мұрсат берген. Ол тілді үйренбегендердің барлығын азаматтығынан айыруға пәрмен қылыпты.

«Қазіргі Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынастағы ресурс факторы» деген тақырыппен Алматыда өткен дөңгелек үстелде «қытай экспансиясына» төтеп берудің осындай ерекше үлгісі мысал ретінде айтылды. Экономикасы гүлденген Малайзия бұл күнде ұлттық байлығын өз халқының қажетіне жаратып отыр. Қытайдың демографиялық және экономикалық әлеуетін сезіне бастаған Қазақстан басшылығы енді бір ширек ғасырда Махатхирден де қиын жағдайда қалмас па екен?

ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ТАСҚЫН

Соңғы кездері қазақ баспасөзі «Қара қытай қаптаса...» деген тақырыптағы мақалалар жазуды жиілете бастады. Әу баста шекара түбіндегі атом қаруын сынайтын Лоб-Нор полигонының экологиялық зардабын айтып жар салған қазақ басылымдары кейіннен белгілі қытайтанушы Мұрат Әуезовтің бастамасымен Қытайдың Қазақстанға қарай ағатын өзендерді бұрып ала бастағаны туралы мәселе көтеріп, дабыл қақты. Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекараны бекіту туралы қосымша келісім-шартқа 1997 жылы қол қойылғанда алып Қытайдың кішкентай Қазақстанның мемлекеттілігіне төндіретін қаупі анық сезіле бастады. Дегенмен, аждаһа елінің нағыз қаупі Қытай компанияларының Қазақстан экономикасына жылыстап ене бастаған 2000-шы жылдардан айқын көрінді.
Қытайлық "Ялян" базары. Алматы

Тан Ти Хур есімді жасы 50-дің үстіндегі қытай әйелінің Астанадағы «Артем» базарында саудамен айналысып келе жатқанына біраз болыпты. Күйеуі – Сергей орыс болғанымен, Қытайдың тумасы, екеуі Қытайдың Ішкі Моңғолия аймағынан Қазақстанға қоныс аударғалы 15 жыл. Олардың ер жеткен екі баласы жергілікті азаматтармен шаңырақ құрып, кеңсе жұмысында істеп жатыр. Барлығының Қазақстан жерінде уақытша тұруға рұқсат беретін куәліктері бар. Айтуларына қарағанда, Қазақстанда ерінбей еңбек еткен адамға барлық жағдай жасалған, сондықтан олардың елде тұрақтап қалмақ ойлары бар.

Бұл – қазақ жеріне түрлі жолдармен келіп, қалып қойып жатқан мыңдаған қытай отбасыларының қарапайым ғана бір мысалы. Ресми деректер бойынша Қазақстанда 30 мыңдай қытай ұлтының өкілі тұрады, ал ресми емес дереккөздер олардың саны 300 мыңға жетті дегенді айтады. Демографиялық тасқынмен бір мезетте Қазақстанды Қытайдың экономикалық шеңгелі де құрсаулай бастады.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ - ҚЫТАЙДЫҢ АЛДЫНАН АШЫЛҒАН ҚАҚПА

Бір ғана 2009 жылдың өзінде Қытай Қазақстандағы энергетика саласына дендеп ену жолында «қарышты» қадам жасады. Желтоқсан айында Қытайдың ұлттық мұнай-газ компаниясы (CNPC) еліміздегі бесінші ірі мұнай компаниясы – «МаңғыстауМұнайГаз» акцияларының жартысын 2,6 миллиард АҚШ долларына сатып алды. Ол аз десеңіз, Қытай инвестициялық корпорациясы ұлттық «ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорнының 11 пайыз акциясын сатып алу үшін Лондон қор биржасында бір миллиард долларға жуық ақша жұмсады. Осы елдің және бір алпауыты «Синопек» (Sinopec) Атыраудағы мұнай өңдеу зауытын жаңартуға қатысты кесек жобаны басқару құқығына қол жеткізді.
Қазақ газын Қытайға жеткізетін құбырды салу кезі. Қапшағай маңы, 9 шілде 2008 ж.

Жергілікті «Арлан» азаматтық қозғалысы өкілдері технологиялық жабдықталуы жөнінен ешкімге дес бермейтін жапондық әйгілі «Марубени» коропорациясының мұндай кешенді жобаларды іске асыруда халықаралық тәжірибесі жоқ Қытай компаниясынан қалайша жеңіліп қалғанын білмей дал. Және бір белгілісі, «Синопек» қызметкерлерінің ілгеріде пара беру қылмысына қатысы болғаны әйгіленген.
Қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтың соңғы кездері жасап жатқан мәлімдемелеріне сенсек, Қытай компаниялары 2002-2007 жылдар аралығында құйтырқы коррупциялық амал-тәсілдермен Қазақстандағы мұнай майшелпектерін біртіндеп қолға түсіріп отырған. Басқаша айтқанда біздің ең осал тұсымызды пайдаланып, қазақ экономикасына шеңгелін салған.

БАТЫС ЕУРОПА - БАТЫС ҚЫТАЙ ТАС ЖОЛЫ КІМНІҢ ЖЕТІСТІГІ?

Өткен желтоқсанда Түркіменстаннан тартып Өзбекстан, Қазақстан арқылы өтіп, Қытайды жалғап жатқан газ құбыры іске қосылған соң, Қытайдың Орталық Азияға тамырын терең жайғаны аян болды. Бұл жайт аймақтағы газ тасымалына жеке-дара үстемдік етіп келген Ресейді тықсырып, өңірге жете мән бермей отырған АҚШ-ты селт еткізді. «ҚазМұнайГаз» компаниясының өкілі Әсел Елемесованың айтуынша, транзиттік төлемдер есебінен Қазақстан бұл құбырдан қомақты табыс табады. Оның үстіне, құбыр Қазақстанның түстігіндегі қызба көршілерін «жөнге салып» отыруына мүмкіндік беретін құрал рөлін атқара алады. Алайда, мұның бәрі Қытай-аждаһаның қалай дөңбекшігеніне байланысты болмақ.

«Экономикалық дағдарыстан мұртымыз қисаймай шықтық» деп жар салып келген қазақ үкіметі 2009 жылы көктемде Қытайдан 10 миллиард доллар қарыз алуды ұйғарды. Бұған Президент Назарбаевтың Қытайға ауыл шаруашылық мақсатында жер беру туралы абайсызда айтқан сөзін қосыңыз. Қытай компанияларының мұнай келісімдеріне қол жеткізуі осы қомақты қарыздың қайтарымы сияқты көрінеді.
Түркіменстан, Қазақстан, Өзбекстан және Қытай басшылары түркімен-қытай газ өндіру кешенін ашып тұр. 15 желтоқсан 2009 ж.

Қазақстан басшылығы Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолы жобасын өздерінің үлкен жетістігі ретінде жарнамалап жатыр. Еуропа сарапшыларының айтуынша, бұл жолдың салуына мұрындық болып отырған – Қытай. Жобаны іске асырушы Азия даму банкінде Қытайдың ықпалы өте күшті екенін сарапшылар мойындап отыр. Тас жолдың салынуын Дүниежүзілік банк, Еуропадағы қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі қолдап отыр. Әрине, Қазақстан бұл жолдың қызығын көрер, бірақ, бұл – Қытайдың тауар нөпірін Батысқа қарай ағызатын төте жолдың бірі болатыны, ал ол күре жолдың қазақ жерін басып өтетіні аян.

Ол аз дегендей, жақында Қытайдың Теміржол министрі Пекиннің Еуразия құрлығын кесіп өтетін жүрдек теміржол желісін салуды жоспарлап отырғандарын айтты. Олардың бұл ниеті іске асса, Қазақстан Қытайдың экономикалық экспансиясының құрсауында біржола қалып қоймақ. Жергілікті сарапшылар Ресей, Беларусь және Қазақстан бірлесіп құрған Кедендік одақ Қытайдың бұл қарқынына тосқауыл қоя алатын жалғыз күш деп отыр. Алайда, бұл одақ Ресейдің саяси-экономикалық ықпалының артуына, сөйтіп ұлттық-патриоттық күштер айтып жүргендей, Кеңес одағының қайта жандануына алып келе ме деген үрей бар. Екінші жағынан бұл жергілікті халықтың күнкөріс көзіне айналған қытай тауарларының қымбаттауына, халықтың кедейленуіне алып келеді.

КІМ КҮШТІ: БАТЫС ПА, ҚЫТАЙ МА?


Қытай қазірдің өзінде қазақ мұнайының үштен біріне иелік етіп отыр дейді оппозиция өкілдері. Ал ресми деректер қытай компанияларының мұнай саласындағы үлесі 25 пайыздан аспайды деп отыр. Қазақтың үрейленетін жөні бар десек те, кейбір сарапшылар Батыс алпауыттары тұрғанда таяу уақытта «Қытай басқыншылығы» бола қоймайды деп сендіреді. Нью-Йорктегі «PFC Energy» сараптамалық компаниясының маманы Джулия Нанидің айтуынша, Қазақстандағы ең сүбелі деген Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған мұнай-газ кеніштеріндегі басты акционерлер – Батыстың ең ірі мұнай алпауыттары, әрі бұл бөлініс болашақта өзгеріске ұшырай қоймайды. «Өнім өндіру көлемі артқаннан соң олар елдегі басты мұнай өндіруші болып қала береді», – дейді сарапшы.
Қытай президенті Ху Цзиньтао Қазақ үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімовпен кездесіп тұр. Шанхай, 30 сәуір 2010 ж.

Қытай компаниялары қазірдің өзінде Қазақстан экономикасының 10 пайызын бақылап отыр, және олардың мемлекеттік, корпоративтік стратегиясы бүгін пайда тауып қалуға емес, алыс болашаққа бағытталған дейді белгілі экономист Олжас Құдайбергенов. «Айталық, француздар мұнда тек пайда табу үшін келеді, ал Қытай бізді өз экономикасын ресурспен қамтамасыз ететін шикізат бұлағы және ел экономикасын көрші елдерге қарай өргізудің мүмкіндігі деп біледі. Ең бастысы, Қазақстан орасан зор байлығы бар, бірақ халқы аз үлкен аймақ, және ол Еуропамен емес, дәл осы Қытаймен шектесіп жатыр. Сондықтан, Қытай компаниясының осындағы кез келген кен орнын сатып алуын оның экономикалық экспансиясын іс жүзіне асыруы деп түсінген жөн», – дейді сарапшы.

Енді бір сарапшы Марат Шибұтов Қытай компанияларының және бір мысық пиғылын ашып берді. Оның айтуынша, Батыс компаниялары көп қаржы салуды талап ететін үлкен жобаларға ауыз салса, Қытай өндірісі жолға қойылған, экономикаға ықпал ете алатын компанияларды қарпып қалып жатыр. «Қытайлар өнімнің алуан түрі өндірілетін мемлекеттік «ҚазМұнайГазбен» бәсекелес «ПетроҚазақстанды» сатып алды, ал ол ішкі нарықтағы баға саясатына үстемдік ете алады, бұл – өте қауіпті құбылыс», – дейді маман.

АЛАҒАН ҚОЛЫМ - ...АЛАҒАН

Аждаһа елдің жер шарындағы қимыл-қозғалысын сарапқа салған мамандар Қытайдың Африка құрлығы мен Қазақстанға қатысты әрекеттерінің мүлде бөлек сипатта екенін аңғарады. Қытай Африка елдеріне инвестиция салу барысында ондағы әлеуметтік жобаларға көп мән береді, онда әсіресе аурухана, мектеп салу, инфрақұрылымды жақсартуға ерекше назар салынған. Ал Қазақстанға келгенде әлеуметтік жобалар кейінге ысырылған.

Мәселен, Ақтөбенің жергілікті «Жансая+» бірлестігі мен «Сорос-Қазақстан» қорының бірлесіп жасаған есебін негізге алсақ, «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» кәсіпорны білім және денсаулық сақтау салаларына қаржы бөлгенімен, ол ақшаның жұмсалуына қатысты ақпарат көмескі күйінде қалған. Баспасөз беттерінде әсіресе қытай компаниясының экологияға тигізіп жатқан зардаптары, жергілікті жұмысшыларға жалақы төлеудегі әділетсіздіктер жиі айтылып, жазылып жатады. Батыс компанияларының иелігіндегі компаниялармен салыстырғанда қытай компанияларының бақылауындағы орындарда еңбекшілердің құқықтарын бұзу жайттары жиі жазылады.
CNPC-Ақтөбемұнайгаз компаниясының Жаңажолдағы мұнай ұңғымасы. Ақтөбе облысы, 22 наурыз 2010 ж.

Мұндай жағымсыз жайттарға ресми бұқаралық ақпарат көздері көз жұмғанымен, тәуелсіз қазақ газеттері Батыс Қазақстанның ауыл-аймақтарындағы мүшкіл әлеуметтік ахуал мәселесін жиі көтереді. «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» кеніші орын тепкен аудандағы экологиялық ахуалдың күрт нашарлауы, жұмыссыз халықтың ішінде шетелдіктерге тәнін сату сияқты келеңсіз факторлардың белең алуы бірнеше мақалаға өзек болды.

Қытай үшін Африка мен Қазақстанның ең үлкен айырмасы да осы – географиялық орналасу орны болып тұр. «Қоныс аударып, болашақта өз диаспорасын қалыптастырғысы келетін қытайлықтар үшін Африка – шалғайдағы аймақ, ал Қазақстан дәл іргеде жатыр емес пе?» – дейді Марат Шибұтов.
XS
SM
MD
LG