Accessibility links

Қашаған мәселесі реттеледі


Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов Қашаған жобасына қатысты даулы мәселе бойынша тараптардың келісімі қазанның 25-іне дейін аяқталатынын мәлімдеді.

«Консорциумға қатысушылардың барлығымен өткізілген күрделі келіссөздердің нәтижесінде Үкімет мемлекеттің аталған жобадағы үлесін 16,6 пайызға дейін ұлғайтты. Жобаны жүзеге асыру мерзімі өзгергені үшін еліміз өтемақы алатын болады», - деді К.Мәсімов.
Сонымен бірге Премьер-Министр Қазақстан жер қойнауын пайдалану және мемлекеттің бұл саладағы рөлін айқындайтын жаңа заңдар дайындап қабылдайтынын хабарлады.
«Біз ең алдымен халықаралық стандарттар мен тәжірибелерге сәйкес келетін келісім-шарттардың сенімділігін қамтамасыз ететін заң нормаларын жақсартамыз», - деді Премьер-Министр.
Мәсімовтің айтуынша, Үкімет өндіруші салалардың ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі бастаманы қолдай отырып, энергия қорларының экспорты мен өндіруші салалардағы қаржы ағымдары мен кірістердің ашықтығын күшейтуге бағытталған саясатты жалғастыратын болады.
Үкімет осы аптада Парламенттің қарауына жолдаған салық туралы жаңа заңның жобасындағы жер қойнауын пайдаланушыларға салынатын салық мөлшерін айқындауға энергетикалық қауымдастық өкілдері де қатысқанын айтты К.Мәсімов.
ІІІ Евразиялық энергетикалық форум жұмысына АҚШ, Испания, Канада, Ұлыбритания, Түркия және т.б мемлекеттерден делегаттар қатысып жатыр.
- Бұл жиын Қазақстанның мұнай-газ және энергетика кешені үшін өте маңызды оқиға болды. Жалпы кез-келген форумда тек бар мәселелерді қозғап, міндеттерді айқындап, одан шығудың жолдары ортаға салынады. Форум сонысымен маңызды, - деді Азаттық тілшісіне «Kazenergy» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары ассоциациясының атқарушы директоры Ләззат Көккөзова.
Екі күнге жалғасатын форум жұмысы барысында ғаламдық энергетикалық проблемалар мен Қазақстанның мұнай-газ және энергетика салаларындағы стратегиясы талқылануда.
XS
SM
MD
LG