Accessibility links

Б.Нұрмұхамедов: Қазақстан Ресейді қолдамауы керек


26 тамыз күні Ресей президенті Дмитрий Медведев Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындау туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.

Ресей басшысы бұл шешімді қабылдағанда «осетин мен абхаз халықтарының тілектерін ескеріп, БҰҰ Жарғысының ережесін, халықаралық ереженің принциптері туралы 1970 жылғы декларацияны және т.б. халықаралық құжаттарды басшылыққа алғанын» айтты.

Грузия өзінің жікшіл екі аймағының тәуелсіздігін Мәскеудің мойындауын «ашықтан ашық аннексия» деп бағалады.

Ресейдің бұл шешіміне бірқатар Батыс елдері – оның ішінде Ұлыбритания мен Франция және Германия наразылықтарын білдірді.

Еуропа комиссиясы Мәскеудің шешімі Грузияның егемендігі мен территориялық тұтастығын мойындаған БҰҰ-ның Қарарына қайшы келетінін атап көрсетті.

Ресми Астана әзірге бұл мәселе бойынша өз ұстанымын білдірген жоқ.

- Ресейдің бұндай қадамды дәл осы уақытта жасап жатқаны ойландыратын нәрсе: АҚШ президент сайлауына дайындалып жатыр, Еуропа Одағы Ресейдің мұнай-газына тәуелді болып отыр. Міне, осы сәтті пайдаланып, бір кездері ықпалын жүргізген аймақты қайтадан өзіне қайтару мақсатында осындай қадамға барып отырған Ресей енді оқшау жағдайға түсуі мүмкін деп ойлаймын. Еуропа Одағы, АҚШ, Балтық жағалауы елдері, Украина бұл мәселеде Ресеймен келіспесі анық. Және бұл Ресей Федерациясының өз тұтастығы үшін де қауіпті дер едім. Себебі, бір кездері Кеңестер Одағының құрамында болған елдердің біртіндеп өз тәуелсіздігін алғаны секілді, бұдан кейін Ресей Федерациясындағы 80-нен астам субъектілердің әрқайсысы жеке шаңырақ құрып, тәуелсіз ел болуға ұмтылмасына ешкімдік кепілдік бере алмайды. Менің ойымша, қазіргі жағдайда Қазақстан Ресейдің осы саясатына қолдау білдірсе - қателік болар еді. Өйткені, бұндай саясат келешекте Қазақстан үшін де өте қауіпті, - деді «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Бөріхан Нұрмұхамедов Азаттық радиосына.

Осыдан бір күн бұрын - тамыздың 25-і күні - Ресей Думасында Абхазия президенті Сергей Багапш пен Оңтүстік Осетия президенті Эдуард Кокойты сөз сөйлеп, өз елдерін тәуелсіз мемлекеттер деп тануды сұрады. Сол күні Ресей парламентінің қос палатасы ел президенті Д.Медведевті Грузияның жікшіл аймақтарының тәуелсіздігін мойындауға шақырып үндеу жасаған болатын.

АҚШ президенті Д.Буш және Батыстың өзге де елдері Ресей президентінен ондай қадамға бармауды сұраған еді.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG