Accessibility links

Баспасөзге шолу


Бейсенбі күні шыққан басылымдарда Қазақстан мен Ресей басшыларының телефон арқылы тілдескені және «Қазгидрометтің» зерттеу стансасы орналасқан жерді қалалық әкімшіліктің сатып жібергені айтылыпты.

«Жас Алаш» газетінде әлемдік қаржы дағдарысы қазақстандық банктердің шаңырағын бір шайқап кеткелі бері олардың дені акцияларын шетелдіктерге сата бастады деп айтылыпты. Мақалада, қазіргі уақытта 5 банк өз акцияларын жартылай немесе түгелдей сатып үлгергені баяндалыпты. Сатып алушылардың барлығы, әрине, шетелдік компаниялар. Мәселен, "Казкоммерцбанк" өз пакетінің 25 пайызын арабтарға, "АТФ" 100 пайызын итальяндықтарға сатыпты. Ал "Демир банкке" израильдіктер, "Тексако банкке" ресейліктер иелікке келді. «Әлемдік қаржы дағдарысынан соң, біздің нарыққа кіруге қолайлы сәтті шетелдіктер дереу пайдаланып кетті. Бірақ, кейбір сарапшылардың айтуынша, отандық іскерлер әлемдік талаптар бойынша басқаруды үйренгеннен гөрі банк бизнесінен сатып құтылу арзан әрі оңайырақ деген ұйғарымға келген», деп жазады мақала авторы.
«Түркістан» басылымында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшылығы ауысқаны хабарланыпты. Мақалада, кеше премьер-министр Кәрім Мәсімов «ҚазМұнайГаз» компаниясының жаңа басшысы Қайыргелді Қабылдинді еңбек ұжымымен таныстырғаны баяндалыпты. Қайыргелді Мақсұтұлы бұған дейін «Самұрық» холдингісінің басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Мақала авторының айтуынша, өз кезегінде премьер-министр Кәрім Мәсімов ұлттық компанияның жаңа басшысына Қашаған кеніші бойынша келіссөзді үстіміздегі жылдың 25-қазанына дейін тәмамдауды тапсырыпты.
«Айқын» газетінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Дмитрий Медведевтің телефон арқылы тілдескені жазылыпты. Мемлекет басшылары алдағы Қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымы және ТМД саммиттарына әзірлік барысын, оның ішінде Оңтүстік Осетиядағы жағдайға байланысты жайттарды талқылады. «Бұл жағдайды кең көлемде талқылау және келісілген шешімдер қабылдау қажеттілігі туралы жалпы пікір алмасылды», деп жазады мақала авторы.
«Ана тілі» газетіндегі «Алтынымызды литвалықтар ұрлапты» деген мақалада, Алматы қаласында жасанды «Виза» карточкаларымен алаяқтық жасап жүрген екі литвалық азаматтың қолға түскені баяндалыпты. Ішкі істер департаменті қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізіп, әлгілердің бірін зергерлік дүкенінде кезекті «сауда-саттық» жасап жатқан жерінен ұстаған. Осы мезетте оның әріптесі басқа дүкеннен тоңазытқыш «сатып» алыпты. Мақала авторының айтуынша, оларды тінту барысында Ішкі істер қызметкерлері «Виза» электронды карточкасының 20-дан астам жасанды данасын тәркілеген.
«Время» басылымында Виктор Бурдиннің «Қазгидромет» ауа-райын болжамайды» деген мақаласы жарық көріпті. Мақалада, аталмыш "мекеме аз уақыттан соң, өз жұмысын тоқтатады, өйткені Алматы әкімшілігі «Қазгидромет» орналасқан 1,5 гектар жерді құрылыс компаниясына сатып жіберіп, оның орнына ең болмағанда жұмыс істеуге ыңғайлы болатын балама жер де ұсынбаған" деп жазылыпты. Осыдан бірнеше жыл бұрын Абай мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында орналасқан «Қазгидрометтің» зерттеу стансасының жанынан «Қуат» компаниясы бірнеше көп қабатты тұрғын үйлер салып, мамандардың жұмысына кедергі келтірген екен. Мақала авторының айтуынша, енді «Дастай Девелопмент» деген құрылыс компаниясы стратегиялық маңызы бар мекеменің жерін сатып алған. «Бұл компания дәл қазіргі уақытта «Қазгидрометтің» зерттеу орталығының территориясына биік қоршаулар орнатып, сәрсенбі күні бақылау стансасын электр қуатынан ажыратып тастады», деп жазады мақала авторы.
Ауғанстанда тәліптер Кабул қаласына жабуыл жасағаны туралы «Экспресс К» газетіндегі Карлотта Голл мен Санжар Рахимидің мақаласында айтылыпты. Соның ішінде өлімге бел буған содырлар мемлекеттің территориясында орналасқан американдық онға жуық әскери базаға шабуыл жасаған және француздардың бетке ұстар бөлімінің 10 сарбазын өлтірген. «Кабул маңында француздар мен содырлардың арасында болған қақтығыс астананы басып алуға әрекет еткендей көрінді. Шетелдік жауынгерлер мен тәліптердің арасындағы бұл соғыс, АҚШ-тың 2001 жылы өз әскерін Ауғанстан территориясына орналастырғаннан кейін бірінші рет болып отыр», деп жазады мақала авторлары.
XS
SM
MD
LG