Accessibility links

Қарағандыда қазақ театры жаңа ғимаратқа ие болды, ұлы Абайға еңселі ескерткіш те орнатылды


Қарағанды қаласындағы Сәкен Сейфуллин театрының жаңа ғимараты. 8 желтоқсан, 2008 ж.
Қарағанды қаласындағы Сәкен Сейфуллин театрының жаңа ғимараты. 8 желтоқсан, 2008 ж.

Қазақстан президентінің Қарағандыдағы сапарына орай театр үйін пайдалануға беруді алдын-ала жоспарлаған шенеуніктер құрылыстың бітпей жатқан жұмыстарын уәделі күнге үлгерту үшін әдеттегідей бюджет қызметкерлерін "жұмылдыру" тәжірибесін тағы қолданды.

Қарағанды қаласында Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры мен Станиславский атындағы орыс драма театрының бір шаңырақтың астында өнер көрсетіп келе жатқанына жарты ғасырдан асып кеткен еді. Ортақ сахнада бір күні қазақ драма театрының спектаклі көрсетілсе, екінші күні орыс театры сахнаға ие болатын. Бір ғимаратты қос өнер ұжымының қоныстанып отырғанына қарамастан, Бейбітшілік бульварындағы бұл театр үйін қарағандылықтар Сәкен театры емес, Станиславский театры деп атайтын. Міне енді Сәкен театрының өнер ұжымы өз алдына бөлек шаңырақ боп шықты.

С. Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының жаңа ғимаратының алғашқы кірпішін 2006 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаев қалаған. Араға екі жылдан аса уақыт салып өнерсүйер қауымға жаңа театр үйі есігін айқара ашты. Жылдар бойы өнерсүйер қауымның армандағаны орындалды. Станиславский атындағы орыс драма театрымен қысылып- қымтырылып бір ғимаратта өмір сүріп келген қазақ әртістері бөлек отау тікті. Жаңа театр үйі бұрынғы Бейбітшілік бульвары бастау алатын Бұқар жырау даңғылының қиылысындағы шағын алаңда тұрған ескі жазғы театр орнынан бой көтерді.
Қарағандыдағы жаңа театр үйінің ашылуында Н.Назарбаев сөйлеп тұр. 8 желтоқсан, 2008 жыл.


Айт күндері Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев театрдың ашылу салтанатына қатысып, театр ұжымына жаңа ғимаратта шығармашылық табыс тіледі.

Театр ғимараты 8 қабаттан тұрады. Сәулет өнерінің қыр - сыры мен шеберлігі анық аңғарылған ғимарат құрылымы 3 блокқа бөлінген. Олар 705 орындық үлкен және 200 орындық кіші залдар мен қосымша блок.
Құрылыстың жалпы аумағы 24 мың шаршы метрді құрады. Жобаны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 3 миллиард теңгеден аса қаражат жұмсалған. Театр залдарының сахнасы қазіргі заманға сай үлгідегі жарық және дыбыстық құрылғылармен жабдықталған. Әр әртістің жеке бөлмесі бар. Сонымен қатар сырттан гастролдік сапармен келген театр ұжымдарына арналған қонақжай да қарастырылған.

Қарағандыдағы театр өнерінің қара шаңырағы жаңа ғимаратының ашылу салтанатында жиналған көрермен назарына Мұхтар Әуезовтің "Айман-Шолпан" спектаклін ұсынды.
С.Сейфуллин атындағы театр артистері президентпен бірге.Қарағанды, 8 желтоқсан, 2008 жыл.

Сонымен қатар Құрбан айт күндері Қарағандыда ұлы Абай ескерткіші көргендердің көз қуанышына айналды. Жоба авторы Асқар Нартов. Биіктігі 5 метр болатын Абай ескерткішін сәулетші Мақаш Әлиақпаровтың жетекшілік етуімен, мүсінші Ерлан Шахиев бір жыл ішінде дайындап шығарды.
Осыған дейін Қарағанды облысында Абай атындағы кітапханалар мен қала, елдімекендер болғанымен, ұлы ақын рухына тағзым ететін орын болмай келіпті. Енді қазақтың бір туар данасының қоладан құйылған мүсіні Қарағандыдағы Шалқыма концерттік залының алдынан орын тепті.
Шалқыма концерт залының алдындағы Абай ескерткіші. Қарағанды, 8 желтоқсан, 2008 жыл


Абай ескерткішінің де ашылуына қатысқан ҚР президенті Н. Назарбаев аймақ өнері мен мәдениетінің өркендеуіне үлес қосатын істерді аз уақыт ішінде мәресіне жеткізіп, тапсырмаларды "бұлжытпай" орындаған жергілікті билік пен мәдениет саласының атқамінерлеріне ризалық білдірді.




XS
SM
MD
LG