Accessibility links

«Қазақтелеком»: «Біз телефонның тыңдалуына жауап бермейміз»


Қазақстанда байланыс саласындағы жетекші оператор болып табылатын «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы 10 қазан күні журналистерге арнап өткізген баспасөз мәслихатында тұтынушыларының телефон әңгімелерінің тыңдалатындығына жауап бермейтіндігін мәлімдеді.

Ең ірі байланыс жетекші операторының бірі «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы мен әлемдегі бизнесті басқарушы бағдарламалық шешімдердің жетекшісі SAP компаниясының бірлескен жұмысына 10 жыл толды.
Дегенмен, Азаттық радиосының тілшілерін аталған екі компанияның мерей тойынан бөлек, басқа да сұрақтар қызықтырды. «Қазақтелеком» компаниясы өзінің тұтынушыларының телефон әңгімелерінің қауіпсіздігіне және тәуелсіз интернет басылымдарының белгісіз себептермен ашылмай қалуына байланысты қойған сұрақтарына, аталған акционерлік қоғамының ақпараттық технология бойынша директоры Марат Әбділдабеков жауап берді:
- Өзіміздің тұтынушыларымызда барлығы жақсы болса екен деп тілейміз. Және, біздің компанияда белгілі бір интернет сайттарын жабумен ешкім айналыспайды. Ал телефон әңгімелерін тыңдауға келетін болсақ, бұл бізге қойылатын сұрақ емес. Ондай жауапкершілікті мойнымызға алмаймыз,- деді ол.
Десек те, соңғы кездері кейбір интернет-сайттарында жоғары лауазымды шенеуніктердің телефон арқылы жүргізген әңгімелері жиі-жиі жариялана бастады. Бұл туралы Азаттық радиосында да бір емес, бірнеше рет айтылды. Осыдан екі жыл бұрын қоғамның назары бір сәт - «Қазақтелеком» компаниясы президентінің жалақысына ауған болатын. Сол кезде президент Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министрге ай сайын 365 мың доллар жалақы, сонымен қатар, жылына 2 миллион доллар көлемінде арнайы сыйақы алатын аталмыш компанияның президенті Қайрат Кәрібжановты қызметінен босатуға тапсырма берген еді.
Бұдан бөлек, Қазақстанның президенті, «барлық басынғандар осы уақытқа дейін алған ақшаларын қайтарсын. Оған көнбегендердің арнайы тізімі жасалып, ақпарат құралдарында жарияланады, содан соң, заң бойынша зерттеу жүргізіліп, барлығы тексеріледі»- деген. Естеріңізге сала кетейік, сол уақытта «Қазақтелеком» компаниясының президентінен бөлек, Қазақстанның даму банкісі мен «Самұрық» мемлекеттік холдингісінің басшыларының да жалақылары жұртқа жария болған.
Баспасөз мәслихатында журналистер тарапынан осы мәселеге қатысты сұрақ та қойылды. Дегенмен, компания өкілдері өздерінің басшысының жалақысы туралы ештеңе білмейтіндігін айтты.
XS
SM
MD
LG