Жексенбі күні Қырғызстанда болған әуе апатының салдарынан қаза тапқан 68 азаматтың үшеуінің қазақстандық болғанын жазады «Время» газетінің тілшісі Алексей Коновалов. Мақалада осы төтенше жағдайға байланысты Қырғызстан үкіметінің әуе апатынан аман қалғандардың аты-жөндерін жариялағандығы баяндалыпты. Ұшақтың ішінде 83 адам болған. Олардың 24 - Қырғызстанның, 52 - Иранның, 2 - Канаданың, 3 – Қазақстанның, 1 - Қытайдың, 1 –Түркияның азаматы. Аман қалғандардың ішінде Қырғызстанның 11 және Иранның 11 азаматы бар көрінеді. Мақала авторының айтуынша, ұшақтың ішінде Қырғызстан жастар волейболы құрама командасының спортшылары да болған. Алдын-ала алынған деректерге қарағанда, бұл спортшылардың кейбіреуі ажалдан аман қалған. Сондай-ақ мақала авторы Қырғызстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің ұшақтың неліктен апатқа ұшырағандығының себебін әлі анықтай алмай отырғандығын да айтып өтіпті.
«Бұл лаңкестік әрекет пе?» деген «Айқын» газетіндегі мақалада Қырғызстандағы апаттың әдейі ұйымдастырылуы мүмкін екендігі туралы болжам жасалыпты. Алайда, Қырғыз республикасының Көлік және коммуникация министрі Нұрлан Сулайманов «апат қасақана ұйымдастырылған жоқ» деп мәлімдеген. «Мұны Төтенше жағдайлар министрі Камчыбек Тәшиев те қолдап отыр», - деп жазады газет тілшісі. Алайда, бұл азаматтардың айтқандарын апатқа ұшыраған ұшақ тиесілі «Итэк эйр» әуекомпаниясының өкілдері жоққа шығаруда. «Біздің болжамымыз бойынша, бұл теракт болуы әбден мүмкін. Ресейге ұшатын ұшақтарымыздың техникалық жағдайы барлық талапқа сай. «Теракт болуы мүмкін» деп отырған себебіміз, ұшақтағы жолаушылардың басым бөлігі – ирандықтар. Яғни 44-і! Ойланатын жағдай...» - деген түсіндірме беріпті әуе компаниясының өкілдері «Айқын» газетіне. Ал Қырғызстанның Азаматтық авиация департаментінің бастығы Алик Асқаров апаттың салдары жан-жақты тексерулерден кейін анықталатынын айтыпты.
Бұл тақырып «Комсомольская правда» газетінің «Қазақстан» қосымшасының назарынан да тыс қалмапты. Мақала авторлары Татьяна Соколова мен Айгерім Қуандықова ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың туған-туысқандарының Бішкекке аттанғандарын хабарлапты. Олардың ДНК-сын тексеру арқылы қаза тапқандардың кім екендігін анықтау көзделіп отыр. Өйткені, денесі өртеніп кеткен қазақстандықтардың кім екендігін анықтау әзірше мүмкін емес көрінеді. Дегенмен ҚР Сыртқы Істер министрлігінің өкілі Ержан Ашықбаев алдын-ала алынған ақпаратқа сүйене отырып, қаза тапқан қазақстандықтардың Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының студенттері болуы мүмкін екендігін хабарлапты.
«Вечерний Алматы» газеті де бұл тақырыпқа айрықша назар аударыпты. Газеттің бірінші бетінде жарияланған Мәдина Ысқақованың бас мақаласында қаза тапқан қазақстандықтардың жоғарғы оқу орындарының студенттері - Мұхтар Мүшекенов, Евгения Цой және Гауһар Исаева екендігі айтылыпты. Үш қазақстандық студент білімін жетілдіру үшін Иранға бармақшы болған екен. Сондай-ақ мақалада Қырғыз республикасының премьер-министрі Игорь Чудиновтың басшылығымен үкіметтік комиссияның құрылғандығы баяндалыпты. Ұшақ апатына орай 26 тамыз Қырғыз республикасында аза тұту күні болып жарияланған.
«Жас алаш» газеті болса, Президент Назарбаевтың сотталған күйеу баласы Рахат Әлиевтің төңірегіндегі дауға қайта тоқталып, «шу бiраз тыншығанымен, әлi де басылар түрi жоқ» деп жазады. Газет мәліметтеріне қарағанда, жақында Әлиевтiң елшi қызметiн атқарған тұсында оның орынбасары болған Вячеслав Денисенконың жұбайы күйеуінің ұшты-күйлі жоғалып кетуіне орай халықаралық ұйымдарға шағымданған. «Бiрақ қорғаушылардың айтуынша, Денисенко «мемлекеттiк төңкерiс жасауға әрекеттендi» деген негiзсiз айыппен 8 жылға бас бостандығынан айырылды», - деп хабарлайды «Жас алаш» газеті. Мақала авторы: «Ольга Денисенко Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасының орынтағына жайғасқанына күйеуiнiң айрықша еңбегi сiңгенiне сенiмдi, әрi экс-дипломат министр Марат Тәжиннiң кепiлдемесiмен елге оралғандықтан, оның тұтқындалуына еш себеп жоқтығын көлденең тартуда», - дейді.