Accessibility links

Президенттің уәдесі орындала ма?


Парламенттің екінші сессиясының ашылуына қатысқан Президент Назарбаев ішкі саяси мәселелерге байланысты мәлімдеме жасады. Оның мәлімдемесіне қатысты қазақстандық сарапшылар әртүрлі ой айтады.

Қыркүйектің 2-күні Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысында сөз сөйлеген президент Н.Назарбаев Парламент Мәжілісінің сайлауы 2012 жылы өтетіндігін айтып, Мәжілісті таратуға негіз жоқ екендігін ескертті. Президенттің бұл сөзін "қоғамды тыныштандыру үшін айтылған мәлімдеме" деп бағалаған Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының жетекшісі Айдос Сарым қазіргі Парламенттің ол мерзімге дейін отыра алмайтындығы туралы пікір білдірді:
Айдос Сарым: Билік қажеті келген кезде парламентті тарата салуы мүмкін.
- «Мерзіміне дейін отырады» деп айтып алады да, бірақ қажеті келгенде тарата салады. Себебі, қазір биліктің не істерін білмей отырғандығы да анық. Егер шын мәнінде ішкі-сыртқы жағдайлар осыған итермелейтін болса, мұндай сөздердің бәрі бос сөз болып қалады.
Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов керісінше, президенттің бұл сөзі іс жүзінде орындалуы мүмкін екенін, сондықтан биліктен таяу арада саяси реформа күтуге болмайтынын сөз қылды:
- Мен мұны биліктің ішіндегі консерваторлық күштер яғни, осы Парламенттің болашағына үлкен үміт артып және де ешқандай талқысыз, халықтың қолдауына ие болмайтын заңдарды қабылдап, өзінің экономикалық, бәлкім, мүліктік-меншіктік шаруаларын шешіп алғысы келетін топтардың уақытша жеңіске жеткендігі деп білем.
Президент өз мәлімдемесінде сондай-ақ, көп кешікпей Парламентке сайлау, саяси партиялар мен БАҚ туралы заңдарға өзгерістер енгізілген заң жобалары жолданатынын айтқан еді. Аталған заңдарға реформа енгізу Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымы алдында алған міндеттемелерінің бірі болатын. Дегенмен, осыған дейін аталған заңдарды реформалауда бірде-бір қадам жасалынбағанын тілге тиек еткен оппозиция өкілдері, енді айналдырған екі-үш айдың ішінде қоғамды реттейтін сәтті заң жобасының қабылданатынына сенбейді.
- Ол қоғамда болып жатқан өзгерістерге пара-пар келетін, қордаланып қалған көкейтесті мәселелерге, сұрақтарға жауап беретін заңдар бола ма, болмай ма, оны бір Құдайдың өзі біледі. Билік оппозицияның ұсынған заң жобаларын қолдап, солардың ішіндегі, ең болмағанда, ең маңызды тұстарын ескеретін болса және ЕҚЫҰ сияқты беделді ұйым Қазақстанның осы заңдары стандартқа сәйкес келеді деп жатса, онда құба-құп. Қалай болғанда да бәрі биліктің қолында, - деді Әміржан Қосанов.
Президент Н.Назарбаев Парламентте кемінде екі партия болатындай өзгеріс енгізуді ұсынды.
Осыған дейін БАҚ туралы заң жобасын қарастыруда үкіметтік емес ұйымдардың негізгі ұсыныстарын Мәдениет және ақпарат министрлігі қабылдамай тастаған болатын. Егер ол сол күйінше қабылданатын болса, онда елдегі сөз бостандығы жағдайына еш пайдасы болмайды деп болжайды оппозиция өкілдері.
Ал Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев болса, егер билік оларды тыңдауға ниет танытса, тағы да өз ұсыныстарын айтуға дайын екендіктерін жеткізді:
- Ақпарат министрлігі дайындасын, біздің жобамызды алсын. Біз бірігіп жұмыс істеуге әрқашан уақыт табамыз.
Ел басшысы өз сөзінде сондай-ақ, екі партиядан кем болмайтын Парламент жасақтау қажеттігін де айтып өткен болатын. Алайда саясаттанушы Әзімбай Ғали оның жүзеге аса қоятынына күмәнмен қарайды:
- Екіпартиялы Парламент болуы үшін міндетті түрде алдыңғысын тарату керек. Сенат сайлауында да оппозиционерлердің пәлендей құлшынысын байқамадым. Сондықтан біздің Парламент бірпартиялы болып қала беретін сияқты.
Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының жетекшісі Айдос Сарым екі партиядан жасақталған Парламентке билік те, қоғам да әзір еместігін айтады:
- Мұның бәрі қызыл сөз, әрине. Менімше, біз ең алдымен үш-төрт партиялы жағдайдан өтуіміз керек. Оған сол партиялардың басымдықтарын, бағыттарын айқындау арқылы және соны қолдау арқылы, халықты соған сендіру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Бәлкім, ол үш-төрт сайлаудан кейін ғана жүзеге асатын шаруа шығар.
Әйтсе де кейбір сарапшылар Қазақстанда екіпартиялы жүйе қалыптасса да, басты партия ретінде «Нұр Отан» қала береді деп есептейді. Олар «Нұр-Отаннан» басқа саяси күштерге Парламенттен тиетін орынның аз болатындығын айтады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG