Accessibility links

Қазақстан экспортқа шығатын мұнайға баж алымын көбейтті


Қазақстан Үкіметі экспортқа шығарылатын шикі мұнай және мұнайдан жасалған тауарларға салынатын кедендік баж салығын көбейту туралы қаулы қабылдады.

Қыркүйектің 11-і күні ресми басылымдарда жарияланған Үкімет қаулысына сәйкес, экспортқа жіберілетін мұнайдың әр тоннасы үшін алынып келген баж алымы 109,91 доллардың орнына 203,8 долларға, ал мұнай экспортына ренталық салық төлеушілер үшін әр тоннадан алынатын баж мөлшері 27,43 доллардан 121,32 долларға дейін ұлғайтылды. Үкімет мұнай өндірушілерге экспорттық кедендік баж салығын осы жылдың басында енгізген болатын.

Қазақстан Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Гүлнұр Рахматуллина бұл жаңалықты ішкі нарықтағы мұнайға деген сұраныспен байланыстырады.

- Елімізде қазіргі уақытта шешілмей келе жатқан күрделі мәселелердің бірі – біздегі мұнай өнімдері нарығының өзімізде өндірілетін шикізатпен қамтамасыз етілмеуі. Соған байланысты Үкімет өзіміздегі мұнай өңдейтін зауыттарға шикізат жетуі үшін, сондай-ақ, елдегі мұнай өнімдерінің бағасын ырықтандыру үшін осындай қаулы қабылдап отыр. Себебі, ол да инфляцияны тудырушы негізгі фактор. Біз бұл салада Ресейдің моделімен келе жатырмыз. Онда кедендік салық бұдан да жоғары, - дейді Рахматуллина.

Ал сарапшылардың енді бірі мұны әлемдік нарықтағы мұнай бағасымен байланыстырады. Осыған дейін халықаралық нарықта шарықтау шегіне жеткен мұнай бағасы тек осы айдың басында ғана төмендеген еді. Қыркүйектің 11-і күнгі ақпарат бойынша, брент маркалы мұнайдың 1 баррелі 97,64 долларға бағаланды.

- Қазір біз мұнай бағасының жылдам құлдырап келе жатқанының куәсі боп отырмыз. Ол жақын уақытта тежелмейтін сияқты. Бізде мемлекеттің бюджеті мұнайдан түскен кіріске толығымен тәуелді. Мұнайдың бағасы түссе, онымен бірге мемлекеттің кірісі де төмендейді. Бұл мұнай экспорттайтын елдер үшін, әсіресе, Қазақстан экономикасы үшін өте қауіпті жағдай. Мәселен, Ресей мұнайдан басқа газды да экспорттайды. Ал газдың бағасы биржада анықталмай, келісімде бекітілгендіктен төмендемейді, керісінше, ол уақыт өткен сайын жоғарылай бермек, - дейді экономикалық басылымдардың шолушысы Ярослав Разумов.

Петр Своик (ортада): Қазақстандағы негізгі мұнай экспорттаушы компаниялар Үкіметтің қаулысында көрсетілген баж салығын төлемейді.

Сөйтіп, қара алтын құнының төмендеуі салдарынан пайда болған шығынды сыртқа тасымалданатын мұнай көлемін ұлғайту арқылы толтыра алмайтынын білген Үкімет осындай шараға барып отыр деп түйіндейді сұхбаттасымыз. Экономист Петр Своик болса, мұнайға баж салығының мөлшері ұлғайтылғанымен республика экономикасы үшін оның пайдасы аса біліне қоймайды деп есептейді:

- Себебі, біріншіден, алым мөлшері жеткіліксіз. Екіншіден, бұл салықты мемлекетпен арада арнайы келісімі бар Қазақстандағы негізгі мұнай экспорттаушы компаниялар төлемейді. Егер бұл салықтан мемлекет пайда түсіргісі келсе, әлгі келісімдерді қайта қарастыруы керек.

Үкіметтің мұндай қадамы сырттан келуші инвестицияны белгілі бір деңгейде тежейді деген кейбір мамандардың пікірімен Петр Своик келіспейді.

- Шетелдік компаниялар бұрынғыдай көп мөлшерде дивидендтер алып жатыр. Сол себепті бұлай алаңдауға негіз де жоқ. Бізге шетелдің технологиясы, құрал-жабдықтары шынайы қажет болғанымен, біз сырттан келетін қаржыға мұқтаж емеспіз. Тіпті, бұл біздегі сыртқы қарыздар, т.б. күрделі мәселелердің туындауына да себеп болып отырғанын айта кету керек, - дейді ол.

Үкімет қаулысына сәйкес, экспорттық кедендік баж салығы мөлшеріне енгізілген өзгертулер енді 29 күннен соң күшіне енеді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG