Accessibility links

Қос президент келеді деп Ақтөбе әбігерге түсті


Қыркүйектің 21-22 күндері Ақтөбеде Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының 5-ші жиыны өтпекші. Осы саммитке дайындық барысында ақтөбеліктердің наразылығын туғызған жағдайлар аз емес.

Атап айтқанда, Сақтаған Бәйішев атындағы кітапхана жанындағы Скулкин көшесі тұрғындарын учаскелік инспекторлар аралап, 21-22 қыркүйек күндері пәтерлерінен сыртқа аттап шықпауды ескертті. Алдын ала азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алып қоюға кеңес берді. Дәл сол күні тіпті, жұмысқа бармауға да болады, анықтама қағазын ішкі істер қызметкерлері жазып береді. Екі күн бойы көп қабатты пәтерлердің подъездері сырттан жабылады. Полицейлер тұрғындардың жеке куәліктерін, үй кітаптарын тексеріп шықты. Тіркелген қаруларға дейін алып кетіп жатыр.

Саммитке екі тараптан қатысушылар саны дәл анықтала қойған жоқ. Ақтөбе облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдын ала жоспар бойынша екі жақтан қатысатын қонақтар саны 500-800 адам шамасында. Бірақ бұл нақты емес. Саммитке Қазақстан президенті Н.Назарбаев пен Ресей президенті Д.Медведев қатысуы тиіс.

Саммит кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 2000-нан астам полицейлер жұмылдырылады. Ақтөбеліктерге көршілес Атырау және Батыс Қазақстан облыстары қосымша полиция жасақтары көмекке келеді.

«Біз екі облыстан көмек сұрап отырмыз. Әрі полицейлердің біркелкі жаңа киіммен қарсы алып, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге күш салып жатырмыз», - дейді Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Қарасай Көшелеков.


61 жастағы облыс әкімі Елеусін Сағындықов жаз басынан бері саммиттің шаруасымен әлек. Шындығында, Қазақстанның батысында орналасқан Ақтөбе бұрын-соңды мұндай мемлекеттік ауқымдағы шара өткізіп көрген жоқ. Екі жақтың қонақтарын күтіп алуға 2,6 миллиард теңге бөлінген. Оның 1,5 миллиарды республикалық бюджеттен, қалғанын жергілікті қазына мен Ақтөбе кәсіпкерлері қалтасынан шығарып отыр.

Бүгінде қала көшелері ретке келтіріліп, орталықтағы көп қабатты үйлердің сыртқы келбеті жөнделіп жатыр. Қонақ үйлер мен мейрамханалар да қонақ күту жабдығына кірісіп кетті. Көпірлер кеңейтілді. Облыс әкімі Сағындықовтың жеке бастамасымен салынып жатқан орталық мешіт пен православ шіркеуінің табалдырығын қыркүйекте Назарбаев пен Медведев бірге аттайды деп жоспарланған.

Таяуда ҚР Президент әкімшілігі жетекшісі Қайрат Келімбетов Ақтөбеге ұшып келіп, жұмыс қарқынымен танысты. Хромтау ауданындағы Дөң кен байыту комбинатына қарасты жаңадан ашылған серіктестікке келді. Хромтаудан соң Келімбетов Мұғалжар ауданы орталығы Қандыағаш қаласында жаңадан салынып жатқан құрылыс өнімдері зауытына да аялдады. Алайда Келімбетов осы келуінде жергілікті журналистермен сөйлесуге ықылас танытпады.

Ақтөбе саммиті Ресейдің Батыс алдында қатаң сынға ұшыраған және Кавказ төңірегінде күрделі саяси ахуалдың орныққан кезеңіне тап келіп отыр. Саммит өтетін күндері Ақтөбеде көлік қозғалысы шектеліп, орталық көшелер жабылмақшы.

XS
SM
MD
LG