Accessibility links

Райс: Грузия соғысынан кейін Ресей оқшауланды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс
АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс

Өткен айдағы Грузиямен соғыстан кейін Ресей мен АҚШ арасында нашарлаған қарым-қатынастар онан сайын шиеленісе түсті.

Бейсенбі күні Вашингтонда сөйлеген сөзінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Еуропа мен АҚШ-ты Ресеймен тайталасуға шақырды. Ресейдің Грузияға басып кіру шешімінен кейін, іс жүзінде, халықаралық қауымдастықта Мәскеудің достары қалмады, деді Райс ханым.

Кондолиза Райстың айтуынша, Еуропа мен АҚШ бірлесе отырып, Ресейге қарсыласуы керек. Ресейдің өз жері мен шетелдегі іс-қимылдары салдарынан бұл мемлекет “өз-өзін оқшаулады және халықаралық орынсыздыққа” алып келді, деді Райс.

Ол, сондай-ақ, Ресей соңғы жылдары өз көршілеріне қарсы алпауыт елге жараспайтын әрекеттерді қолданды деп атап көрсетті.

“Ең алаңдатарлығы: соңғы бірнеше жыл бойы Ресейдің іс-әрекеттері нашарлап бара жатқан көрінеді. Мен бұл жерде өзге де жайттарға қоса, Ресейдің егеменді көршілерін қорқытуы, мұнай мен газды саяси құрал ретінде пайдалануы, Еуропадағы Кәдімгі күштер келісімін біржақты тәртіппен тоқтатуы, бейбіт елдерді ядролық қарумен қорқытуы, халықаралық қауіпсіздікке қауіп төндіріп отырған мемлекеттер мен топтарға қару-жарақ сатуы, сондай-ақ, Ресей журналистері мен диссиденттерін және тағы басқаларды қудалауын айтып отырмын”.

Райстың мәлімдеуінше, Ресей басшылары елді авторитарлық басқаруы арқылы мемлекетті демократиядан алшақтатуда.

АҚШ басында Ресейді үйлесімді түрде тартуға тырысты бірақ бұл әрекеттер сәтсіз болды деп атап көрсетті Райс ханым.

Осыдан 6 апта бұрын болған Грузиядағы соғыстан кейін Вашингтон мен Мәскеу бір-біріне дөрекі сөздер айтып тастады. Райстың бұл жолғы мәлімдемесі де қатал болды. АҚШ мемлекеттік хатшысы Ресейдің Грузиядағы әрекетін “алдын-ала ойластырылған қадам” деп атады. Грузиядағы әскери әрекеттер тоқтатылған соң, әлем Ресей күштерінің болуының салдарынан құртылған Грузияның инфрақұрылымын қайта құруға көмектесуге асықты, деді Райс.

Сонымен қатар, ол Ресейді тек Никарагуа мен палестиналық Хамас тобы ғана қолдады, Грузиямен соғыстан Ресей ешқандай ұзақ-мерзімді пайда көрмеді деп атап көрсетті. Райстың айтуынша, Грузияның демократиялық жағдайы сол күйінде қалды, ал елдің экономикасы әлі қайта дамиды және одақтастарының көмегімен оның тәуелсіздігіне кепілдік беріледі.

Кейбір сыншылар Ресейдің іс-қимылдарына Буш әкімшілігі кінәлі, себебі ол Мәскеуді тым қатты сынайды немесе АҚШ жетекшілігіндегі Ирақ соғысы да Ресейдің солай жасауына үлгі болған болуы мүмкін дейді.

Алайда Кондолиза Райс бұл айыптауларды жоққа шығарып, Ресей өзінің іс-қимылдарына өзі жауапты деп атап көрсетті.
XS
SM
MD
LG