Accessibility links

Салтанбеков не үшін ұсталды?


Осыдан бір ай бұрын іс-түссіз жоғалып кеткен Павлодар облыстық қаржы полициясының бұрынғы бастығы полковник Серік Салтанбековтың Астанада екені туралы Азаттық радиосына оның жақын-туыстары хабарлады.

Салтанбековтың әйелі Әлия Амангелдіқызының айтуынша, хабар-ошарсыз кеткен күйеуімен оның Берік деген туған інісі Астана қаласында кездескен. Сөйтіп, ол ағасының тірі екеніне көз жеткізіп қайтыпты. Әзірше, бар болғаны осы ғана және ол туралы бұдан басқа ешқандай ақпарат жоқ.

Әуел баста Салтанбековты қорғаған адвокат Серік Сәрсенов Азаттық тілшісіне қазір бұл іспен айналысып жүрмегендігін айтты:
- Серік Салтанбеков пен оның інісі Беріктің кездескенін білемін. Алматыда Серік Тұяқұлын тұтқындауға байланысты прокурордың санкциясы берілмеген соң, оны Астанаға алып кетіп, қазір сол жақта белгісіз бір жерде мәжбүрлі түрде ұстап отыр. Ал мен Салтанбековтың ісімен айналысып жүрген жоқпын. Өйткені, сол уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің заңсыз әрекеттеріне байланысты прокуратура мен тағы да бірнеше мекемеге шағымданған болатынмын. Шамасы, солардың бірі Салтанбековтың туған-туыстарын менің қызметімнен бас тартуға көндірсе керек. Айтпақшы, осының алдында маған Ұлттық қауіпсіздік комитеті Салтанбековтың ісімен айналысуыма тыйым салды. Мұның себебін олар: «сіздің мемлекеттік құпиямен танысуға рұқсат құжатыңыз дұрыс толтырылмаған» деп түсіндірді. Ал оны ҰҚК-нен басқа ешкімнің бермейтіндігін ескерсек, өздері жасап берген құжаттан қандай қателік тапқанын түсіне алмадым.

Адвокат С.Сәрсенов қаржы полициясының бұрынғы полковнигіне қатысты мәселе «Рахатгейтпен» тығыз байланысты деп пайымдайды.

- Жақында маған президенттің бұрынғы күйеу баласына қатысты мәселелерді жақсы білетін бір адам Ержан Өтембаевтың Қазақстанда емес екенін айтты. Естеріңізде болса, қазақстандық ақпарат құралдарының бірінде Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерін өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталып сотталған Ержан Өтембаевтың ҰҚК-нің абақтысында кітапханашы болып қызмет етіп жүр деген ақпарат жарық көрген болатын. Дегенмен, заң бойынша ол Әділет министрлігіне қарасты түрмелердің бірінде жазасын өтеуі керек. Әлгі танысым Өтембаевтың аты-жөні өзгертіліп, шетел асырылғанын айтты. Одан соң, ол қаржы полициясында Рахат Әлиевтің тұсында қызмет еткен генерал Кузьменкоға Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты қысым жасалып отырғандығы туралы да ақпарат берді. Оның айтуынша, ҰҚК Сергей Кузьменкоға Алтынбек Сәрсенбайұлын аңдуға тапсырыс бердім деуге және саясаткерді Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың атқандарын көрдім деп айтуға мәжбүрлеп отыр.
Серік Салтанбеков кезінде Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің қарамағында жұмыс істеген.
Мұны айтып жатқан себебім, егер Салтанбековке қатысты қылмыстық іс қозғалмаса, оны не себепті босатпайды? Астанада онымен кездесіп қайтқан інісі Беріктің айтуынша, Салтанбековты маңызды куәгерлерді қорғау бағдарламасы бойынша ұстап отыр. Дегенмен, менің өзімде бұл жөнінде нақты ақпарат жоқ. Солай бола тұрса да, Серік Салтанбековтың Рахат Әлиевтің кезінде қызмет істегені барлығымызға белгілі. Шамасы, оны да президенттің бұрынғы күйеу баласына қатысты кейбір істерге куәгер болуға мәжбүрлеп отырған болу керек. Әйтпесе, оны ҰҚК қызметкерлерінің өз үйінен алып кеткеніне бір айдан асты. Осы уақытқа дейін оған қарсы қылмыстық іс қозғалып, не болмаса оны босату керек болатын. Ал жоғарыда айтқандарымның барлығы соңғы екі аптада пайда болған ақпараттар. Олардың Салтанбековтың басынан өтіп жатқан бүгінгі жағдайға қатысы жоқ дегенге сенбеймін, - деді адвокат Сәрсенов.
Серік Салтанбеков тамыздың 6-сы күні Алматыдағы үйінде ұсталған соң, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушісі Серік Масқарбаев оның туған-туыстарына қаржы полициясының бұрынғы полковнигіне билікті күштеп басып алуға әрекет еткені үшін айып тағылып отырғандығы туралы қызметтік хат жолдаған болатын. Арада бірнеше күн өткен соң, Салтанбековтың туған-туыстары аталмыш қызметтік хатты жолдаған тергеуші Масқарбаевты қанша іздестірсе де таба алмады. Мұндай аты-жөні бар адам Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет істей ме, әлде істемей ме - ол жағы да әлі күнге дейін белгісіз.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Серік Салтанбековтың адвокаты ретінде Азат Файзуллаевты тағайындаған болатын. Осының алдында ол Азаттық радиосына берген сұхбатында бұл іспен айналыспайтындығын мәлімдеген. Ал аз уақыт Салтанбековтың адвокаты болған Серік Сәрсеновтың айтуынша, Азат Файзуллаевтың өз еркімен бұл істен бас тартуға құқығы жоқ. Салтанбековтың зайыбы Әлия Амангелдіқызы да Файзуллаевтың әлі күнге дейін күйеуінің адвокаты екенін растады.

Азат Файзуллаевтың өзі Серік Салтанбековке қатысты істен бас тартқандығын Азаттық тілшісіне былайша жеткізді:
- Мен бұл істен бас тартқандықтан оған байланысты ешқандай ақпарат бере алмаймын. Салтанбековты оның туған-туыстары мен әйелі іздеп жатқандықтан, ол жөніндегі ақпаратты солардан алған дұрыс болады. Бұдан кейін маған хабарласып, сұрақ қоймай-ақ қойыңдаршы. Сендерге айтар өтінішім осы. Өйткені, осы дауға байланысты бәрібір ешқандай ақпарат бере алмаймын. Мені де дұрыс түсініңіздер.

Ал Серік Салтанбековтың әйелі болса, Азат Файзуллаевтың сөзі шындыққа сәйкеспейтіндігін айтып отыр:
- Ол өткенде де Азаттық радиосына берген сұхбатында, менің түрімді көрген емеспін деп айтыпты. Ол осы сөзі арқылы мені өтірікші етіп көрсетпек. Ең бастысы - күйеуімнің аман-есен екені белгілі болды. Сонымен қатар, бұл жағдай толық анықталмайынша ешқандай пікір айтқым келмейді. Себебі, менің сөзім ертеңгі күні күйеуімнің өміріне қауіп төндіруі мүмкін, - деді ол.
Осы жағдайға байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хабарласқанымызда, ондағылар Серік Салтанбеков туралы ештеңе білмейтіндігін айтты.
XS
SM
MD
LG