Accessibility links

Куәгерлердің көбісі Күлекеевке тағылған айыптарды жоққа шығарды


Бүгін Астанада «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Күлекеевтің ісі бойынша сот отырысы жалғасты.

Жауап алынған куәгерлердің көбісі тендерлердің заңды өткенін және компания басшылығына ешқандай қысым көрсетілмегенін айтты. Сот отырысында туысының жол жөндеу тендеріне қатысуына ықпал етті деп Күлекеевке тағылып отырған айыпқа қатысты мәселе қаралды.
Бұл жолғы сот барысында компанияда өткен тендерлердің заңдылығына қатысты тараптардың сөзі тыңдалды. Прокурор Еркін Шәріпов Күлекеевті өз жиенін жол жөндеу тендеріне қатыстырды деп айыптады:
- Нәтижесінде, айыпталушының туысы тендерді жеңіп шығады. Келісім сомасы бір миллиард теңгеден артық. Бірақ, тендер жеңімпазы берген темір жол жөндеуге қажет шпалдар мемлекеттік стандарттарға сай болмай шықты.
Сотқа куәгер ретінде шақырылған «Қазақстан темір жолы» компаниясының бөлім бастығы Айнұр Исаева өзінің тек келісім-шарт жасаумен айналысатындығын жеткізді:
- Мен қызметімде конкурстық басқарушылар бекіткен келісім-шарттарды пайдаланамын. Және шпалдар туралы сөз қозғалып отырған «Еді групп» серіктестігі бойынша тендердегі келісім жасалғанда компания басшыларынан ешқандай қысым жасалмады.
Келесі куәгер «Қазақстан темір жолы» компаниясының департаменті директорының орынбасары Сұңғат Назыров та компания басшылары тарапынан ешқандай қысым жасалмағанын растады.
Бірақ куәгер ретінде сотқа шақырылған, компанияда темір жол жөндеуімен айналысатын бас инженерлердің бірі Қалиолла Ысқабұлов «Еді групп» серіктестігінің компанияға берген шпалдарының келісімге сай болғанымен, сапасының толық сәйкес келмегендігін айтты. Оның айтуына қарағанда 800-ге жуық шпалдың 45-інен түрлі ақаулар табылған.
Сот жалғасып жатыр. Судья, прокурор және адвокаттың келісімі бойынша «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысына тағылған айыптар тергеліп біткен соң, Күлекеевке 100 мың доллар пара алды деген айып бойынша тергеу жүргізіліп үкім шығарылуға тиіс.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG