Accessibility links

Фараһ Пандит: "Исламның алуан түрлілігіне куә болдым"


Фараһ Пандит Азаттық радиосына сұхбат беріп отыр. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл
Фараһ Пандит Азаттық радиосына сұхбат беріп отыр. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл

АҚШ мемлекеттік хатшысының мұсылман қауымдастығымен байланыс жөніндегі арнайы өкілі Анвар Фараһ Пандит Қазақстанға сапарлап келді. Қазақстанға үшінші сапары кезінде Пандит ханым Азаттық радиосына арнайы сұқбат берді. АҚШ өкілі мұсылман әлемімен қарым-қатынас мәселесі туралы ойларын айтты.



«ЯССАУИДІҢ КЕСЕНЕСІН КӨРГЕНДЕ ЕРЕКШЕ СЕЗІМДЕ БОЛДЫМ»

– Сіздің тағайындалғаныңызға бір жылдан аса уақыт өтті. Өткен жылы Орталық Азияға сапарыңызды Қазақстаннан бастадыңыз. Осы аралықта есіңізде қалған қызықты жайттар болды ма?

– Алдымен, сұрағыңызға көп рахмет. Қазақстан деген ғажап ел, қонақжайлығы да ғаламат. Мұнда қайта жолым түскеніне сондай қуанып отырмын. Атап өтерліктей екі жағдай бар. Біріншісі – ислам дінінің алуан түрлілігі. Соған көз жеткіздік. Екіншісі – жастармен кездесуім болды. Сербияға барсам да, Индонезияны көрсем де, Қазақстанның Шымкент. Түркістан өңіріне барсам да, Исламның алуан түрлілігіне куә болдым.

Есімде қалған ерекше оқиғалар дегенде мынаны айтар едім. Африкадағы Мали елінде, Тимбукту жерінде жетінші ғасырда жазылған Құранды қолыма ұстап тұрған сәтімде бір ерекше сезімде болдым.

Сонымен қатар Түркістанда, кең байтақ даладағы Қожа Ахмет Яссауидің 700 жыл бұрын салынған ғаламат кесенесін көрген сәтте де осындай айрықша сезімді бастан кешірдім.

Осы жолғы сапарымда жастармен кездестім. Олар сөйлескен де бір ғанибет. Неге десеңіз, олар бір-бірімен араласып, жаһандық желі арқылы ислам жайлы пікірлесіп, жақсы ойларымен бөлісіп жатыр.

– Сонда мемлекеттік хатшының мұсылман қауымдастығымен байланыс жөніндегі арнайы өкілін тағайындау тиімді болғаны ғой?

– Биыл айтарлықтай айрықша жыл болды. Әрине, мен өз міндетімді шамам келгенше атқарып отырмын. Өткен он айдан бері 25 елді аралап шықтым. Қай елге барсам да, біздің президенттің жолдауын анық жеткіздім. Мемлекеттік хатшы маған «қарапайым адамдармен күнде көріп жүрген ескі таныстары, құрбылары сияқты сөйлес» деген еді. Сол жолдауды анық жеткіздік, қалың көпшілік те хош көрді.
Фараһ Пандит қазақ журналистерімен әңгімелесіп отыр. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл

Тағы бір атап өтерім – жер бетіндегі халықтың ширек бөлігін мұсылмандар құрайды. Оның көбі – жастар. Сол жастармен сұхбаттасып, дидарласқаныма қатты қуанамын. Соған риза болып отырмын.

«АМЕРИКАДАҒЫ МҰСЫЛМАНДАР ТУРАЛЫ СҰРАЙТЫНДАР КӨП»

– Осындай сапарлар барысында мұсылман әлеміндегі Американың беделі қандай екенін көрдіңіз? Әрқандай бір ерекше тенденция байқалды ма? Американы жақтырмайтын аймақтар да бар ғой. Сол жердегі көзқарасты өзгертуге деген қадам жасалды ма?

– Президент Обаманың мұсылман мемлекеттеріне байланысты тұғырнамасын әр елдегі елшіліктер арқылы іске асыруға тырыстық. Тұғырнаманың өзі сыйластық пен мүдделестікке негізделген. Сол сыйластық пен мүдделестікке сүйене отырып қарым-қатынас орнатуға тырыстық. Оған қоса технология, білім, басқа да салаларға өзгеріс енгізіп, соған септігімізді тигізуге бар пәрменімізше еңбек еттік.

Біз серіктестікті ұзақ мерзімге жоспарлап отырмыз. Оны баянды қылу үшін уақыт керек, ынтымақтастық керек. бір-бірімізге деген сенім, сыйластық керек.

– Осы шараларға мұсылман әлемі жауап қайырды ма?

– Біз мұсылман әлемімен сұқбат, қарым-қатынас жасағанда онлайн құралдарын белсене қолданып отырмыз. Жаңа технологияларға сүйенеміз. Мысалы, Facebook тұтынушыларын көбейтуге тырысып жатырмыз. Кіммен кездессек те, қандай іске кіріссек те – бәрі жария, ештеңені жасырмаймыз. Бар мәліметті жеткіземіз.

– Бірақ Facebook-ке тыйым салған елдер бар ғой. Мысалы, Пәкістан өткенде біршама уақыт тыйым салды. Иранда да бір шектеулер бар...

– Мен тек Facebook-ты ғана айтып отырған жоқпын. Әрбір технологиялық мүмкіндікті қолдана отырып, өз ойымызды, тұғырнамамызды жеткізейін деп отырмыз. Алайда Америка Facebook-ты жапқан әрекеттерге қарсы болады. Одан басқа да онлайн мүмкіндіктерді, бетпе-бет кездесулерде дәстүрлі байланыс құралдарын қолданамыз. Қай елге барсақ та, сол елдің жергілікті жағдайын ескеруге тура келеді. Мысалы, бір елде жақтырмай сөйлесуі мүмкін. Енді бір ел жылы сөйлеседі. Бірақ бір ортақ нәрсе – диалог құруға бәрі де бейім, бәрі ынталы.

– Мұсылман әлемінде Америкаға бағытталған қандай тенденцияларды байқадыңыз?

– Біріншіден, қазір әлемде Америкадағы Исламға деген қызығушылық бар. Бұл күндері «Америкада мұсылман болу» туралы білгісі келеді. Бұдан бөлек қай елге барсам да, жастардың бәрі «Мен кіммін?» деген сауалға жауап іздейді екен. Өзінің болмысын, даралығын анықтау бәріне ортақ мәселе екенін аңғардым. «Тарих пен діннің, мәдениеттің арасында қандай байланыс бар?» деген сауал барлық елге, жалпы әлемге ортақ екен.

«АЗШЫЛЫҚ ҚАУЫМДАРДЫ ДА ЕСКЕРУ КЕРЕК»

– Ресей мен Орталық Азия елдерінде діни ұйымдар мемлекет пен дін өкілдерінің арасында араағайындық қызмет атқарғысы келеді. Мұндай ұйымдар дін мәселелерін жеке билеп-төстеп, «монополия» орнатқысы келеді. Басқа діни азшылық топтар солардың көлеңкесінде қалады. Сондай елдегі мұсылман азшылық топтарына қатысты не айтар едіңіз?

– Өзімнің осы қызметке тағайындалғандағы мақсатымды ашып айттым. Қай елге барсақ та (мұсылмандар көпшілік болсын, азшылық болсын), сол елдермен жан-жақты қарым-қатынас жасаймыз.

Азшылық қауымдарды да ескеру керек. Өйткені олар да – сол мемлекеттің ажырамас бөлігі. Мысалы, Батыс Еуропада 30 миллиондай мұсылман бар. Азшылық болса да қарасы әжептәуір қалың. Біздің еліміз кез-келген елмен серіктестік орнатқанда, мұсылман саны аз болса да, көп болса да, діннің алуан түрлілігіне ерекше мән береді.

– Уақытыңызды бөліп әңгімелескеніңізге рақмет!
  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG