Accessibility links

Арақ-шарап арнайы дүкендерде ғана сатылмақ


Келесі жылдан бастап Қазақстанда арақ-шарап өнімдерін 21 жастан асқан тұтынушы тек арнайы дүкендерден сатып алуы мүмкін.

Қазақстанда алкогольді ішімдік өнімдерін шығаруға лицензия берілген елуден астам кәсіпорын бар. Алайда, оның тек 40-ы ғана шынайы түрде жұмыс істеп жатқандығын айтады Алкогольді өнімдерді адал өндірушілер мен сатушылар қауымдастығының вице-президенті Әміржан Қалиев. Ол алкогольді өнімдер айналымын мемлекеттік реттеу бұл кәсіпорындардың іріленуіне, ашық түрде жұмыс істей бастауына әсер етеді деп есептейді:
- Әзірге қазіргі заң нормалары бүгінгі күн талабына сай емес. Сол себептен, заңға алкоголь өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың санын азайту, тек ірі мекемелерді қалдыру, алкоголь өнімдерін шығарумен айналысатын ұсақ жеке шаруашылықтарға ерекше бір тосқауылдар қою арқылы өзгерістер енгізілмекші
Бір кезеңде қат зат болған арап-шараптың барлық түрі қазір Алматының дүкендерінде күндіз-түні сатылады.
«Алкоголь өнімдерін өндіру және сату бойынша мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасы арақ-шарап өндіретін ғана емес, оларды сататын орындардың санын азайтатын шектеулермен де толықтыралады. Бұл ретте арақ-шарап тек арнайы дүкендерде, үлкен және орта дүкендердердегі арнайы бөлімдерде ғана сатылмақшы. Арақ-шарап сататын бөлімдер белгілі-бір уақытта ғана жұмыс істейді. Мысалы, таңғы 10-нан кешкі 10-ға дейін. Қалған уақытта бұл бөлімдер жабық болады. Ал арнайы арақ-шарап сататын дүкендерге уақыт бойынша шектеу қойылмайды.
Алматыда арақ-шарап сататын кіші-гірім дүкендер аз емес. Сондай шағын «Ырыс» дүкенінің сатушысы Айгүлді мұндай өзгерістер қуантып отырған жоқ:
- Бұл тіпті ақылға қонымсыз. Бізді күн сайын мыналар жақсы құтқарып тұр еді. Олар болмаса, енді біз не сатамыз? Қалайша бізге тиым салынып, үлкен супермаркеттерге рұқсат беріледі? Енді тұтынушы арақ-шарапты бір жерден, наны мен шәйін екінші жерден іздеп жүруі керек пе? - деді сатушы бөтелкелер тізіліп тұрған сөрені нұсқап.
Заңға өзгерістер енгізілген жағдайда 21 жасқа дейінгі жастарға дүкенде ішімдік сатуға рұқсат берілмейді. Алкогольді өнімдерді адал өндірушілер мен сатушылар қауымдастығының вице-президенті Әміржан Қалиевтің айтуына қарағанда, бұрынғыдай 18 емес, 21 жасқа толмаған азаматтың да арақ-шарап сатып алуға құқығы жоқ. Тіпті, 21 жасқа толмаған жас арақ-шарап сататын жерлерде, дүкендерде, мейрамхана, кафелерде бармен, даяшы болып та жұмыс істей алмайды екен.
Қазір бұл заң жобасына өзгерістер енгізу бойынша Қаржы министрлігіне қарасты Салық комитеті жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, тамыздың 25-іне олар соңғы отырыстарын өткізуді жоспарлауда.
Алайда, бұл уақытта жаңа заң жобасына қатысты қазақстандық экономикалық сарапшылар Азаттық радиосына басқаша пікір білдірді. Қазақстандағы арақ шығаратын ірі компанияның бірінде жұмыс істейтін экономист Берікжан Кәріпбаев бұл мемлекеттік реттеулердің ашық бәскелестік талабына сәйкес келмейтіндігін тілге тиек етті.
- Біздің еліміздің негізгі бағыттарының бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау емес пе? Егер жаңағыдай мемлекеттік шектеулер қойылса, кіші-гірім дүкендердің жұмысы ақсап қалады. Келешекте Қазақстан ДСҰ-на кірмекші. Ал бұл ұйым талаптарының бірі – ашық бәскелестікке жол ашу ғой.
«Жас қазақ» газетінің экономикалық шолушысы Гүлзат Нұрмолдақызы егер заң жобасына арақ-шарап өнімдерін мемлекеттік реттеу бойынша өзгерістер енгізілсе, оның арты бұл базардың монополиялануына әкеліп соқтыруы ықтимал екендігі туралы ой айтты:
- Меніңше, бұл өзгерістер - республикадағы ішімдік өндірумен айналысатын 5-6 компанияның ұсынысынан туған сияқты. Егер шектеулер қойылып, арақ-шарап тек арнайы дүкендерде сатылатын болса, онда негізінен сол арақ-шарап өндіретін компаниялардың өнімдері болады. Сөйтіп, бұл жерде нарық монополияға ұрынады
Сонымен бірге бұл сарапшылар арақ-шарапты тұтынушы 21 жастан бастап қана сатып ала алады деген өзгеріс те шынайы нәтиже бермейді десе, Алкогольді өнімдерді адал өндірушілер мен сатушылар қауымдастығы бұл заң жобасы Қазақстан президентінің маскүнемдікпен күресті күшейту және арақ-шарап ішу деңгейін азайту туралы арнайы тапсырмасына сай деп отыр.
XS
SM
MD
LG