Accessibility links

Евгений Жовтис - әлемнің әйгілі диссиденттері санатында


Евгений Жовтистің суреті салынған қоңырау
Евгений Жовтистің суреті салынған қоңырау

Вашингтондағы Foreign Policy журналында «Әлемнің бас диссиденттері» деп аталатын мақала жарық көрді. Онда бостандық пен демократия үшін ғаламдық күреске үлес қосып келе жатқан қайсар тұлғалардың аттары аталады. Бұл тізімге Қазақстаннан құқыққорғаушы Евгений Жовтис кіріпті.




САЯСИ ҚУҒЫН КӨРУШІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ

Foreign Policy басылымының жазуынша, Ауғанстаннан Зимбабвеге дейінгі, Қытайдан Перуге дейінгі елдерде диссиденттер өздеріне төніп тұрған қауіптерге қарамастан азаттық жолында күресіп келеді. Бұл мемлекеттердегі диссиденттер соққыға жығылады, ұрланады, қудаланады, қамауға алынады және түрлі қинау мен азаптау көреді.

Мамырдың 7-де Foreign Policy журналы жариялаған тізімде Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаушы Евгений Жовтистің де есімі бар. Жовтис діни сенім мен адамдардың бас қосу еркіндігі және демократиялық реформалар үшін барлық ынта-жігерімен күресіп келеді делінеді аталған мақалада.

Қазақстандағы Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис жол жүру ережесін бұзу арқылы кісі өліміне себепкер деген айыппен 2009 жылдың 3 қыркүйекте 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Халықаралық бақылаушылар Жовтистің ісі бойынша өткен сот күлкілі болды, оның адвокатының тіпті дәлел-айғақтар келтіруіне рұқсат берілмеді дейді.

Жовтис – Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымының демократиялық институты мен адам құқығы бойынша бюросының сарапшысы, әрі Дүниежүзілік демократиялық қозғалыстың мүшесі.

"ДӨКЕЙ ДИССИДЕНТТЕР"

Foreign Policy-дің әлемнің бас диссиденттері жөніндегі тізіміне өзбек ақыны Юсуф Жумаев енгізілген. Жумаев 2007 жылғы желтоқсан айындағы сайлаудың алдында президент Ислам Каримовтың биліктен кетуін талап еткен соң президенттің ар-ожданына нұқсан келтірді деген айыппен қамауға алынған болатын. Юсуф Жумаев 5 жыл бас бостандығынан айырылып, түрмеде азаптауға душар болған деп жазады Foreign Policy. Өзбек ақыны Жумаев 2008 жылдың шілде айында атышулы «Жаслық» түрмесіне ауыстырылған еді.

Людмила Алексеева, ресейлік адам құқығын қорғаушы
Әлемнің бас диссиденттері қатарына ресейлік құқық қорғаушы 82 жастағы Людмила Алексеева ілінген. Ол 40 жылдан бері Ресейдегі репрессияларға қарсы наразылық танытып келеді. Соңғы айларда Алексееваға Кремлдің қолдаушылары шабуыл жасаған болатын. Осыдан кейін Еуропа парламенті Алексееваны адам құқықтары бойынша 2009 жылғы Сахаров сыйлығымен марапаттады.

Сонымен қатар тізім ішінде дүниеге аты мәшһүр шахматшы Гарри Каспаровтың да аты аталады. «Біріккен азаматтық майданның» негізін қалаушы және оппозициялық «Другая Россия» коалициясының жетекшісі Каспаров 2008 жылғы президент сайлауында сол кездегі президент Владимир Путиннің таңдаған мұрагері Дмитрий Медведевтің қарсыласы болмақшы еді. Бірақ әртүрлі қудалауларға байланысты сайлауға түспейтін болды.

Foreign Policy тізіміне бұрынғы совет мемлекеттерінің арасында Беларусь пен Әзірбайжан елдеріндегі диссиденттер қосылған. Бұдан өзге, Ливия, Тунис, Мысыр, Сирия, Иран, Пәкістан, Қытай, Мьянма, Вьетнам, Индонезия, Шри-Ланка елдеріндегі саяси себептермен қуғынға ұшыраған тұлғалар келтірілген.
XS
SM
MD
LG