Accessibility links

Әскерилердің соңғы баспанасы – мола...


Сейсенбі күні «Баспанасыз әскерилер Кеңесі» Қорғаныс министрлігінің әлі күнге дейін өздерін тиесілі баспанамен қамтамасыз етпей отырғандығын мәлімдеді.

Аталған Кеңестің белді мүшесі, запастағы подполковник Дәулет Жұмабеков Қорғаныс министрлігінің өз міндеттерін ғана емес, баспана мәселесіне байланысты соттың шығарған шешімін де орындамай отырғанын айтты.
Бүгін Кеңес құрылғалы бері осымен екінші рет баспасөз мәслихатын өткізген запастағы офицерлер журналистерге үйсіз-күйсіз әскерилердің баспаналарын көрсетті. Запастағы офицерлер Қорғаныс министрлігінің, министр Даниял Ахметовтің зейнетке шыққан әскерилердің тағдырына немқұрайлы қарауына байланысты өздерін қаңғыбас деп есептеуге толық құқықтары барын айтты.
Әскерилер ең алдымен бір шөлмек араққа сатып алынған «Индезит» тоңазытқышының қорабын баспанаға айналдырып, оның ішінде қалай өмір сүруге болатынын көрсетті. Қазақстанның ауа-райының құбылмалы екенін ескерген әскерилер жауын-шашын мезгілі басталғанда қорапта өмір сүру қиынға соғатын болса да, мұндай тәжірибені экономикасы гүлденген Американың қаңғыбастарының да кеңінен қолданып жатқанын жеткізді.
Олар өркениетті елдердегі баспананың екінші баламасы ретінде әскери күрке бейнеленген суретті көрсетті. Үшіншісі – құстың ұясы болды. Дегенмен, запастағы подполковник Дәулет Жұмабековтің айтуынша, адамға арнап ұя салуға мүмкіндік болса да, оны өсіп тұрған ағаштың көтеруі екіталай. Ең соңғы баспана — әскерилердің бейітіне қойылатын ескерткіш болды.
- Біздің білуімізше, Алматының шетінен төрт шаршы метр жерді 100 долларға сатып алуға болады. Егер де біз бұл дүниеден өтер болсақ, Қорғаныс министрлігі өз міндетінен құтылады. Сондықтан, дәл қазіргі уақытта біз мысалға келтірген ең соңғы баспана барлығына тиімді болатын тәрізді. Осының алдында «Баспанасыз әскерилер Кеңесі» Қорғаныс министрлігіне наразылық ретінде қалалық әкімшіліктен аштық жариялауға рұқсат сұраған болатын. Өкінішке орай, қалалық билік біздің өтінішімізді қанағаттандырмады. Сол себепті Қорғаныс министрлігінің әкімшіліктен біз үшін аштық жариялауға рұқсат алып беруін талап етеміз, — деді запастағы офицерлер.
Запастағы подполковник Жұмабеков Қорғаныс министрлігі баспана бермесе, әскери күркеде өмір сүретіндігін айтты.
Баспасөз мәслихатының соңында аталған Кеңестің мүшелері Қорғаныс министрі Даниял Ахметов пен президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу оқыды.
Баспасөз мәслихатын өткізген запастағы офицерлерге қолдау білдіру үшін биылғы жылдың көктемінде әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан ұшқыш Александр Говядиннің жесірі Светлана Анатольевна да келді. Ол Азаттық радиосына берген сұхбатында Қорғаныс министрлігінің әлі күнге дейін баспанамен қамтамасыз етпей жатқанын айтты:
- Менің күйеуім әскери ұшақты сынау кезінде апатқа ұшыраған соң, маған Қорғаныс министрлігінде қызмет істейтін лауазымды басшылар баспана мәселесін аз уақыттың ішінде шешіп беретіндігін айтты. Уәде бергендердің арасында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Алтынбаев та бар. Бірақ, ол уәде әлі орындалған жоқ. Маған әскери салада жұмыс істеуге бірнеше рет ұсыныс жасалды. Күйеуімнің жағдайынан соң бұл салаға жолағым келмейді. Қайын атам да сендерге баспананы қашан беретін болды деп жиі-жиі сұрайды. Оған да не айтарымды білмеймін. Сегіз жасар қызым екеуіміз қаланың шетіндегі күйеуімнің қызметтік пәтерінде тұрып жатырмыз. Баспанасыз жүрген әскери қызметкерлер көп. Бүгін болмаса, ертең бізге бұл баспанадан шығыңдар деп айтуы мүмкін.
Баспанасыз әскерилер Кеңесі қыркүйек айының соңында баспасөз мәслихатын өткізгенде, Қорғаныс министрлігі биылдан қалдырмай баспанамен қамтамасыз ететіндіктерін және осы мақсатта Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінен қаржы сұрағандарын айтқан. Бірақ Дәулет Жұмабеков аталған министрлікке хабарласып, ол жақтан Қорғаныс министрлігінің ешқандай да қаржы сұрамағаны туралы жауап алғанын мәлім етті.


XS
SM
MD
LG