Accessibility links

Рамазан - мұсылмандардың ұлық мерекесі


Рамазан - адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Қасиетті Құран кәрімде Алла тағала рамазан оразасының парыздығын осылай атап көрсеткен.

Жастайынан ата-анасының мұсылманшылық тәрбиесін көріп өскен 19 жасар Фариза Маратқызы биыл үшінші жыл ораза тұтып отыр. Ол ораза ұстаған адамдардың жүрегінің таза болатындығына кәмілсіз сенетін жандардың бірі:
- Ораза тұту – мұсылмандардың бес парызының бірі. Кейбір адамдар оразаны уақытша ғана ұстайды. Мәселен, шылым шегуді, ішімдік ішуді біраз уақыт тоқтату үшін. Ал кейбір әйелдер арықтау үшін де ораза ұстап жатады. Ол дұрыс емес. Оразаны таза ниетпен, өз қалауыңмен тұтқан абзал. Ораза ұстаған адамдар таңертең ерте тұрса да, күні бойы сергек жүреді. Оның өзі оразаның бір қасиеттілігінде болса керек. Әрине бастапқыда оразаны алғаш ұстаған адамдар қиналып жатады. Бірақ оның бәрі уақытша, оған да тез үйреніп кетуге болады.
Біз әңгімеге тартқан Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Қалмира Қиқан рамазан айында жастардың мешітке әдеттегіден көп баратындығын айтады:
- Мешіт - қасиетті орын. Ол имандылыққа тәрбиелейді. Көп жастар шылым шегеді, арақ ішеді, бір шетінен сол күнәсін өтеу үшін де рамазан айы бастала салысымен ораза тұтып, мешітке қарай сабылып жатады. Имандылық турасындағы шариғаттарды тыңдау үшін, өз басым мешітке жиі барамын.
Ал Алмас Бекетов соңғы кездері ораза тұтатын студент-жастардың көбейіп бара жатқандығын тілге тиек етті:
- Негізінен бұрынғыға қарағанда жастардың дінге деген көзқарасы өте жоғары болып қалыптасып келеді. Оның бір көрінісі, жастардың рамазан айы кезінде жаппай ораза тұтуы.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі Азаттық радиосына Қасиетті Рамазан айының ерекшелігі туралы былайша әңгімелеп берді:
- Мейірімді, рахымды Аллаһтың атымен бастаймын!
4 күннен кейін қасиеті рамазан айы басталады. Әлемнің 2 миллиард мұсылмандары сияқты Қазақстан мұсылмандары да осы қасиетті айды қарсы алуға дайындық үстінде. Ораза тұту 1 қыркүйектен басталады. Орталық және басқа мешіттерде «тауарих» намазы оқылады. Биыл рамазан айы 29 күнге созылады. Балиғатқа жасы жеткен, ақыл-есі дұрыс кісілерге ораза тұту парыз.
Рамазан айының 26-нан 27-не қараған түні - Қадыр түні. Бұл түн мың түнге пара-пар келеді. 30-қыркүйек (сейсенбі) күні Ораза айт мейрамы басталады. Айт намазы Алматыда сағат 7.30-да оқылады. Пітір-садақаны рамазан айының басынан айт намазына дейін беруге болады.
XS
SM
MD
LG