Accessibility links

Қазақстанда террорлық шабуылдар жасалмайды, бірақ қаза тапқан «террорист» бар


Азамат Кәрімбаевтың тірі кезіндегі соңғы суреті Ақтөбедегі №5 тергеу абақтысында түсірілген. Сурет марқұмның туыстарынан алынды.
Азамат Кәрімбаевтың тірі кезіндегі соңғы суреті Ақтөбедегі №5 тергеу абақтысында түсірілген. Сурет марқұмның туыстарынан алынды.

Азаттық радиосы «терроризм» айыбы бойынша сотталған Азамат Кәрімбаевтың тобының ісіне қатысты мақала ұсынады. Азамат Кәрімбаевтың өзі былтыр түрмеде қаза болды. Сот үкімінде сотталғандарға қандай айыптар тағылғаны көрсетілген.


«ТЕРРОРИСТЕР» ІСІ

Өткен жылдың қыркүйек айында, Ақтөбе облысында «мұнайлы аймақта лаңкестік актілер жасауға даярланған» деген айып тағылған, алты азамат сотталды. Жауапқа тартылған азаматтарға қатысты тергеу жарты жылға созылып, 17 томдық іс материалдары жиналған. Мұғалжар аудандық соты да, кейіннен апелляциялық шағымды қараған Ақтөбенің облыстық соты да іс материалдармен екі күнде танысып, үшінші күні-ақ үкім шығарды. Апелляциялық сот Мұғалжар аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Азамат Кәрімбаев, Еркін Досқалиев, Александр Тайшиев, Хамза Мұсқалиев, Нұрлан Еламанов пен Ермек Елтаевтар қаруды заңсыз даярлау мен сатып алу, қаруды, оқ-дәрілерді, жарылығыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды ұрлау мен бопсалау; қарақшылық; кәмелетке жасы толмағандарды қылмыстық әрекетке тарту; қатыгездік пен зомбылықты насихаттайтын шығармаларды заңсыз тарату деген баптар бойынша айыпты деп табылды. Бұл азаматтар ислам дінінің консервативтік бағытын ұстанады, олар Құран қағидаларын қатаң сақтау керек дейді.

Сотталған азаматтардың туыстары бұл соттың әділдігіне сенбейді. Тергеу барысы да, сот процесі мен оның шешімі де, тіпті соңғы болған
Төлеген Бөлек, адвокат. Ақтөбе, 24 қараша 2009 жыл.
жайттар да бұл істің әділдігіне күмән келтіреді дейді олар.

Азамат Кәрімбаевтың адвокаты болған Төлеген Бөлек Азаттық радиосына берген сұхбатында бұл іс қолдан жасалған, жеке-жеке қаралған қылмыстық істер біріктіріліп, бір топтың ұйымдасқан шаруасы ретінде көрсетілді дейді.

Сонда бұл азаматтар нақты не істепті, қандай «насихат жүргізді» дегеннің сыртында көзбен көруге болатын айыптары қандай екен? Аудандық сот үкімінде «террорлық топ» мүшелері екі рет тау бөктеріне барып, жер қазған, аңшылық мылтықтардан оқ атып, жаттығу өткізген деп жазылған. Мұның сыртында олар Ақтөбе облысында кейбір өндіріс мекемелерін жару мақсатында жарылғыш заттар сатып алған, жарылғыш қоспаларды жасауды үйренген және жасаған деп көрсетілген.

Топ басшысы Азамат Кәрімбаев Калашников автоматын іздестірген, басқа да суық қару алғысы келген делінеді. Дегенмен, сот үкіміне сенсек, бұл топ нақты террорлық іс-қимылдар жасап үлгермеген, Ұлттық қауіпсіздік комитеті ондай әрекеттердің болатынын алдын ала білген-мыс. Топ басшысы Азамат Кәрімбаев 2009 жылы 14-наурызда қамауға алынған соң топ тарап, олардың әрқайсысы жасырынбақшы болған-мыс.

«Мұсылмандарды ұстап жатыр, қаруланайық, қорғанайық» деген үрей пайда болған соң топтың кейбір мүшелері 2009 жылы 18-наурызда бір күзетшіге шабуыл жасап, жеке қаруын, басқа да суық қару түрлерін тартып алған делінеді. Бір атап өтерлігі, дәл осы эпизодты сотталған үш азамат мойындайды. Алайда адвокат Асқар Байшүкіров «бұл эпизод террорлық қимылға жатпайды, бұл қарақшылық шабуыл ретінде қарастырылуы керек еді» дейді.

Ал адвокат Төлеген Бөлек дәл осы эпизодтың Азамат Кәрімбаевқа ешқандай қатысы жоқ, қарақшылық шабуыл 18-наурызда жасалды, ал Азамат 14-наурызда қамалған дейді.

Сот үкімінде топ мүшелері «ҰҚК мұсылмандарды ұстап жатыр» деген үрей туғанда жарылғыш заттарды жасаған, алайда оларды қолданбаған делінеді. Қолға түсірген тапаншаны полицияға олар өздері тапсырған, кейбіреуі қашып жүріп қолға түскен.

Сонымен, 2009 жылы 21-наурызда топ мүшелері толығымен ұсталған. Ресми құжаттарға қарасақ, 2008 жылы қазан айында «террорлық» қимылдарға кіріскен топ жарты жылдың ішінде талқандалған. Алайда, сотталған азаматтардың туыстары, адвокаттары айыптың басым көпшілігі қолдан жасалғанын айтады.

Сотталушылар айыптардың басым көпшілігін мойындамаған, ал өздері мойындарына алған қару тонау эпизодының террорлық қылмысқа жатпайтынын айтқан. Бұл жөнінде сот үкімінде жазылғанымен, сот бұл азаматтар айыптарын тергеу кезінде мойындаған болатын деп, тергеу хаттамаларын алға тартты. Сот, сол сияқты, ондаған куәгердің сөздерін дәлел ретінде қабылдады.

Адвокаттар іс бойынша кейбір азаматтардың тек қана куәгер ретінде қаралғандарына назар аударады. Мәселен, кейбір азаматтар «Ақтөбе және Қандыағаш қалалары бойынша әмір боп сайланған» делінеді, алайда олар айыпкер емес, куәгер ретінде ғана жауап берген.

ТҮРМЕДЕГІ ҚАЗА

Сотталғандардың ішінде ең ұзақ жаза мерзімі – 17 жыл «террористік топтың жетекшісі» деп танылған Ақтөбе облысы, Шұбарши ауылының тұрғыны Азамат Кәрімбаевқа берілді.

Сот үкімінде Азамат Кәрімбаевтың 2008-2009 жылдар аралығында террористік актілер жасау мақсатында радикалды бағыттағы топ
Арқалық түрмесінде қаза болған Азамат Кәрімбаевты жерлеуге жиналған жұрт жаназа намазында тұр. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 28 желтоқсан 2009 жыл.
құрып, өзін топтың «әмірі» етіп сайлағаны айтылған. Ол қысқа мерзім аралығында өз жақтастарын көбейтіп, көздеген мақсатына жету жолында топтың жұмысын ұйымдастыра білген делінеді.

Тергеушілер «Азамат Кәрімбаев террористік топты басқарып, Александр Тайшиевты, Хамза Мұсқалиевты, Нұрлан Еламановты, Ермек Елтаевты және Еркін Досқалиевты осы топтың қатарына ендірген» деген байлам жасаған.

Сот үкімінде «Азамат Кәрімбаев әлемде болып жатқан террористік актілерді айта отырып, жиһадтың төрт түрі барын, оның ішіндегі дұрысы - Алла жолындағысы екендігін айтқан, осылайша насихат жүргізген. Осы мақсатта Қандыағаш қаласының аумағында орналасқан «ГЕОМ» спирт зауытын және маңызды басқа да обьектілерді жарып ел экономикасына елеулі нұқсан келтіру жеткілікті деп терроризм актісін жасауға шақырған» делінеді.

Бұдан басқа сот үкімінде «соғысқа дайындық жаттығуын жүргізу мақсатында Азамат Кәрімбаев, Александр Тайшиев кәмелеттік жасқа толмаған екі жасөспіріммен бірігіп, оларды Күйгенкөл маңындағы Жамет тауына алып барып, тау басынан екі рет шұңқыр (окоп) қазып, оның үстін өздері алып келген заттармен (темір құбырлар, целлофан) жауып, үңгір жасаған, аузына дайындап алып келген темір қақпа есік орнатқан. Сол жерде пластмасса бөтелкелерді нысана етіп қойып, аңшы мылтығынан атып үйреніп, тактикалық әскери дайындық өткізген» деп жазылған.

Алайда, 2009 жылы қыркүйекте болған сот мәжілісінде берген жауабында Азамат Кәрімбаев өзінің ешқандай террористік топ құрмағанын, өзі дін жолында жүргендіктен, тек қана дін тарабынан мұсылман қауымы үшін уағыз айтқанын айтқан.

Азамат Кәрімбаев бірде-бір айыпты мойындамады, ақталатынына сенімді болды дейді оның адвокаты Төлеген Бөлек. Сот барысында Азамат Кәрімбаев қазіргі кездегі зорлық-зомбылыққа қарсы, имансыздыққа наразы болып, арақ ішу, зинақорлық және де басқа зұлымдық іс-әрекеттерге қарсы үгіт жүргізгенін айтқан.

Ол діни уағыз айтқанда жалпы Құран бойынша әлемдегі жағдайды баяндағанын, ал Қазақстан билігіне қарсы шығу, Ақтөбе облысында террористік іс-әрекеттер жасау жөнінде ештеңе айтпағанын мәлімдеген. Ақтөбе қаласында «Кегок», «Батыс Қазақстан энерго» және тағы басқа мекемелерге жігіттерді жұмысқа тұрғызу үшін алып барғанын, оларға ешқандай тапсырма бермегенін, осы мекемелерді жарып жіберу жөнінде ой-жоспары болмағанын айтқан.

Азамат Кәрімбаев қару-жараққа, жарылғыш заттарға да өзінің ешқандай қатысы жоқтығын, ал үйінен табылған шолақ мылтықты құқық органының қызметкерлері әдейі мұның ауласына тастаған деп санайтынын, себебі, мылтықтың нөмерлері қайрақпен әдей өшірілгенін мәлімдеп, ол мылтықта өзінің саусақтарының ізі болмағанын алға тартқан.

2009 жылғы қыркүйектің 23-күні судья Шапаған Әлнияз Азамат Кәрімбаевты айыпты деп тауып, оны 17 жылға бас бостандығынан
Азамат Кәрімбаевтың жесірі Айман (сол жақта), үлкен қызы Құралай (оң жақта) және кіші қызы Орахан. Қаңтар, 2010 жыл.
айыру және қатаң режимдегі колонияда ұстау туралы үкім шығарды.

Ал арада үш ай өткенде, 2009 жылдың желтоқсан айының аяғында, Азамат Кәрімбаев Арқалық түрмесінде белгісіз жағдайда қаза болды. Азаматтың туыстары марқұмның денесіндегі жарақаттардың негізінде оның азапталып өлтірілгендігін айтады. Алайда ресми орындар Азамат Кәрімбаев «өзіне-өзі қол салды» деп отыр.

АЛТЫНШЫ ЗОНА

Сот материалдарында террористік топ мүшелері деп танылған Александр Тайшиев пен Еркін Досқалиевтің жарылғыш құрылғыларды қолдан жасау үшін 2009 жылдың қаңтар айында Ақтөбе қаласының орталық базарына барған делінеді.

«2009 жылғы 19-наурызда Мұғалжар ауданының Құмсай елді мекені жанында Еркін Досқалиев, Александр Тайшиев, Хамза Мұсқалиев, Нұрлан Еламанов пен Ермек Елтаевтар 15-20 шақты бөтелкелерге бензин және ацетон араластырып құйып, тұтанып жарылатын сұйықтық жасаған».

«Террористік топтың» мүшелері бұл жарылғыш заттарды өздерімен бірге Қандыағаш қаласына тасып апарып, қала сыртында талдардың арасына жасырғандығы үшін кінәлі деп танылған. Сот үкіміне қарағанда, Еркін Досқалиев сотта берген жауабында жарылғыш заттарды қызық көріп өзі ғана жасағанын, оған Александр Тайшиевтың ешқандай қатысы жоқтығын мәлімдеген.

Кейіннен апелляциялық шағымында Еркін Досқалиев өзіне тағылған айып бойынша дәлел-айғақтар табылмағандығын айта келіп, соттың істі біржақты қарағанын жазған болатын. Сот Қандыағаш қаласының тұрғыны 37 жасар Еркін Досқалиевті 13 жылға бас бостандығынан айырды. Бүгінде ол Ақтөбегі ел ішінде «алтыншы зона» атанып кеткен 168/2 қатаң режимдегі түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Туыстарының айтуынша, шариғат заңдарына мойынсұнатын Еркін өткен жылдың наурыз айында Жайнагүл Айдапкеловамен мұсылмандық жолмен некеге тұрған. Алайда бірнеше күннен кейін оны ҰҚК қызметкерлері ұстап алып кеткен.

Жайнагүл өзінің Еркіннің әйелі екендігін растайтын заңды құжаты болмаған соң көпке дейін күйеуімен кездесе алмай келген. Жақында
«Терроризм ісі» бойынша сотталған Еркін Досқалиевтің әйелі Жайнагүл Айдапкелова. Ақтөбе, 24 қараша 2009 жыл.
олар түрме кеңсесінде ресми түрде некелерін қиғызған. Содан кейін Еркін түрме аумағында зайыбымен кездесуге рұқсат алды.

Жайнагүл күйеуіне тағылған айыпты толығымен жоққа шығарады.

– Ешқандай жарылыс болған жоқ, адам өлген жоқ, соған қарамастан 13 жыл беру ақылға сыймайды. Естіп жатырсыздар ғой, сотта да айтылды спирт зауытын өртегілері келді деп. Мен күйеуімнің «зауытты барып жарамын» деген сөзін естіген жоқпын, оның өртмейтіндігіне де сенімдімін, – дейді Жайнагүл Айдапкелова.

Ол өздеріне «Алладан өзге дос та, жәрдемші де жоқ» екендігін айтады.

«Бұл істегі әлділдікті бір Аллаға тапсырамыз, адвокат жалдаған жоқпыз. Қазақстанда заң жоқ, сот сандалып отыр, тіпті бұл елден кеткіміз келеді», – дейді Жайнагүл.

Жайнагүлдің өзі де исламның консервативтік бағытын ұстанады.

МЕМЛЕКЕТКЕ СЕНІМНІҢ ЖОҒАЛУЫ

Сот кезінде Александр Тайшиев пен Еркін Досқалиев екеуі жарылғыш құрылғыларды қолдан жасау үшін Ақтөбе қаласының орталық базарынан бірқатар заттар сатып алғандығы, Азамат Кәрімбаевқа тау шатқалында жер қазуға көмектескені туралы айыптаулар айтылған.

Кеңқияқ ауылының тұрғыны Александр Тайшиев террористік шабуылдарды жоспарлағаны туралы өзіне тағылған айыптауларды жоққа шығарды. Алайда сот оның тергеу кезінде айыптарды мойындағанын алға тартты. Бірақ Александр Тайшиев «шұңқыр (окоп) қазып, дене шынықтырумен айналысқанын, ал қару пайдалану туралы тек алғашқы әскери дайындық оқулық кітабынан оқығанын, оны өзін және отбасын қорғау үшін үйренгенін» айтқан.

Александр Тайшиев соттан өз асырауында кәмелеттік жасқа толмаған төрт баласының барын, әйелінің аяғы ауыр екендігін, 90 жаста әжесі барын ескеріп, бас бостандығынан айырмауды сұраған болатын. Бірақ сот оны 13 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Ата-анасының жалғыз ұлы 33 жасар Александрдың балаларының үлкені дайындық сыныбына барады, кенжесі 5 айға жаңа толды. Әйелі Ақмарал сотта күйеуіне қатысты бірде бір эпизодтың нақты дәледенбегендігін айтады.

– Сот материалдарындағы көрсетілгендердің барлығы жалпылама түрде, оның қылмыстық әрекетке барғандығы нақты дәлелденбеді. Александр отбасында өте салмақты, қарапайым және момын адам. Біздің ендігі бар амалымыз – дұға қылу қана. Оған жала жауып, 13 жылға соттап жіберген мемлекеттен еш үміт жоқ, – дейді Ақмарал Тайшиева.

ОТБАСЫНЫҢ ЖАЛҒЫЗ АСЫРАУШЫСЫ

Террористік топқа қатысы бар деп айыпталған азаматтардың тағы бірі – Қандыағаш қаласының тұрғыны Хамза Мұсқалиев. Сот материалдарында, 2009 жылдың 18-наурызында топ мүшелері Ермек Елтаев, Нұрлан Еламанов пен Хамза Мұсқалиевтар алдын ала сөз байласып, «Әскерилендірілген теміржол күзеті» компаниясының Ақтөбе филиаланың Қандыағаш станциясындағы күзетшісіне қарулы шабуыл жасап, оның тапаншасын тартып алғандығы жазылған.

Хамза Мұсқалиевтың қорғаушысы Асқар Байшүкіров Азаттық радиосына берген сұхбатында, Хамза Мұсқалиевтың террористік топқа
Терроризм айыбы бойынша сотталған Хамза Мұсқалиевтің әкесі Марат Мұсқалиев. Қандыағаш, Ақтөбе облысы, 26 қыркүйек 2009 жыл.
қатыспағандығын және қандай да бір әрекеттер жасағаны анықталмағандығын айтады. Күзетшіні тонауға барғанда қаруды қалай қолдану керектігін білмегенін, күзетшінің бөлмесіне кірмей, сыртта қалғанын айтады.

Хамза Мұсқалиев пен оның қорғашуысы апелляциялық шағымда уәждер келтіріп, қылмыстық әрекеттерін басқа бап бойынша қайта қарап, бас бостандығынан айырмауды сұрайды. Адвокат Асқар Байшүкіров енді соттың келесі сатысына шағым түсіретіндерін айтады.

Аудандық сот 29 жасар Хамзаны айыпты деп тауып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Қазір ол Қызылорда қаласындағы 169/5 қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатыр. Оның артында бостандыққа шығуынан үміттеніп, күтіп отырған әйелі мен екі баласы бар.

Анасынан ерте айрылған Хамзаның елуден асқан әкесі, үлкен әпкесі мен құлағы естімейтын және сөйлей алмайтын үшінші топтағы мүгедек інісі бар. Қандыағаш станциясында әскерилендірілген арнайы темір жол күзетінің күзетшісі болып жұмыс істеген Хамза үлкен отбасының жалғыз асыраушысы болатын. Енді ол жүк әпкесіне түсіп отыр.

– Үлкен әжеміз Хамзаны мектеп бітіргеннен кейін «біз өлгенде жаназамызды шығарып, басымызда құран оқиды» деп, Сарыағашқа арнайы жібертіп оқытқан болатын. Одан кейін әскерге барып келді. Соңғы үш жылдай жұмыс істеп жақсы болып жүрген. Намаз оқып жүргендігіне де көп болған жоқ еді. Енді міне, ойда жоқта осылай болды. Оның барлық кінәсі – жанында жүрген жолдастарының бірінің тапаншасын өз еркімен құқық органдарына өткізуге барғандығында. Ол қарудың кімдікі екендігі анықталғандығына қарамастан, оны 12 жылға соттап жіберді. Ең болмағанда «заңсыз қару ұстаған» деген жалғыз баппен сотталғанда болмас па еді… оның үстіне тағы да айыптар тағып, жауып тастады, – дейді көз жасына ерік берген әпкесі Жанар Мұсқалиева.

Өткен жылдың желтоқсанында Қызылордаға барып інісін көріп қайтқан Жанар қаражат тапшылығына байланысты қапастағы бауырына енді қашан бара алатынын да білмей отыр.

САИД БУРЯТСКИЙДІҢ УАҒЫЗДАРЫ

Биыл 22 жасқа келетін Қандыағаш қаласының тұрғыны Нұрлан Еламанов сот үкімімен 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Бүгінде ол Ақтөбе облысындағы Қандыағаш қаласында орналасқан жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеп жатыр. Анасы Светлана Еламанова үстіміздегі жылдың қаңтарында барып ұлын көріп келгендігін айтады.

– Халі жаман емес сияқты, өзі бәрі жақсы дейді. Бірақ қайдан жақсы болсын. Жап-жас бала 12 жылға жабылды. Нұрлан төрт қыздың ортасындағы ұл еді. Өте момын, ашық, мінезі сондай жақсы, мен оның ондай жамандыққа бармайтындығына күмәнім жоқ. Сотта тек қана іштен тынудан басқа амалым болған жоқ. 12 жыл дегеніңіз оның барлық өмірі сонда өтеді деген сөз. Обал ғой, – дейді Светлана Еламанова.

Сот материалдарында Нұрлан күзетшіге қарақшылық шабуыл жасаған деп көрсетілген. Одан өзге, 2009 жылығы 22-наурызда Қандыағаш
Террорлық әрекет жасамақ болған деген айыппен сотталған Нұрлан Еламанов дәнекерлеуші болып жұмыс істеген. Қандыағаш, Ақтөбе облысы, 2008 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
қаласының сыртындағы далада Нұрлан Еламановтың тығып қойған қара түсті сөмкесінен айғақты заттар ретінде ұңғысы мен дүмбісі кесілген қосауыз екі аңшы мылтығы, қолдан жасалған жарылғыш затты тұтандырғыш, көптеген оқ-дәрілер, пытыралар және 4 дана DVD дисктер алынғандығы жазылған.

«…Сот психологиялық-филологиялық сараптамасының қорытындысы бойынша, бұл дисктердің мазмұнында ұлттық, діни және рулық ұрыс-керісті қоздыратын, терроризмді насихаттайтын және террорлық актілерді жасауға ашық түрде шақыру белгілері бар» делінген сот үкімінде.

Сотталушылардың барлығы да ол дисктерде ғаламтордан оңай табылатын Саид Бурятскийдің уағыздары болғандығын, бірақта оларда жиһадқа үндейтіндей ештеңе жоқтығын айтады.

Өзінің апелляциялық шағымында Нұрлан Еламанов терроризмге қатысы жоғын, террористік ұйымдасқан топ болмағанын, заңсыз қару жасамағанын айтқан. Ол күзетшіге шабуыл жасағаны туралы өзіне тағылған айыпты жоқққа шығарған.

ҮГІТ ҚҰРБАНЫ

Сотталғандардың арасындағы ең жасы – Қандыағаш қаласының тұрғыны Ермек Елтаев жиырмаға биыл толады. Судья оны 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бүгінде Ермек Қызылорда қаласындағы қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатыр.

Анасы Гүлбадан Жаңабаева Арқалық түрмесіндегі Азамат Кәрімбаевтың жұмбақ өлімінен кейін баласы үшін алаңдап, қаңтар айында ұлына барып, оның жанында үш күн болғандығын айтады.

– Баламның жағдайы жаман емес, дегенмен жақсы деп те айта алмаймын. Түрмеде қайдан жақсы болсын, мен ол іштей күйзеліске түсіп, бірдемеге ұшырайды ма деп қорқып едім. Балам кішкене есейгендей болып көрінді. Маған «кешіріңіз, көп уайымдап, жылай бермеңіз, мен
Терроризм айыбы бойынша сотталғандардың туған-туыстары облыстық сот ғимаратының алдында. Ақтөбе қаласы, 24 қараша 2009 жыл.
үшін дұға жасаңыз» деді. Үшінші күні «жақсылап күріш пісіріп берші, іштегі балаларға апарып берейін» деп өтініш айтты, – дейді Гүлбадан Жаңабаева.

Сот үкімі бойынша Ермек Елтаевқа «әскерилендірілген темір жол күзетінің» күзетшісіне қарақшылық шабуыл жасап, атыс қаруын тартып алған деген айып тағылған болатын. Одан өзге «террористік топқа мүше болып, аймақта террористік актілер жасауды жоспарлаған» деп көрсетілген.

Алайда, сот мәжілісінде Ермек Елтаев өзіне тағылған айыптардан тек Қандыағаш қаласында күзетшіні тонағанын мойындайтынын, басқа тағылған айыптарды мойындамайтындығын, ешқандай ұйымдасқан топқа кірмегендігін айтқан.

Оның анасы Гүлбадан Жаңабаева ұлының жалғыз кінәсі – «белгісіз біреулердің үгіттеуімен әскерилендірілген күзет мекемесінің күзетшісіне шабуыл жасап, қаруын тартып алғандығы» болғанын айтады.

– Ұлыма бірнеше рет біреу телефон шалды. Мен нақты ешнәрсе айта алмаймын… бірақ оны біреулер үгіттеген болуы керек. Менің ұлым өте тұйық, мінезі салмақты, сөйлесе де орынды, ақылмен сөйлейді. Өткен жылдың наурызында ол біреулерден Ақтөбеде барлық мұсылмандарды жауып жатыр дегенді естіп, қорқып, қару алып өздерін қорғамақ болған. Бірақ біраз уақыт өткенде олар сол қаруды өз қолдарымен апарып берді. Егер сол оқиға болмағанда менің балам бүгінде жанымда болушы ма еді, кім біледі? – дейді гүлбадан Жаңабаева.

Ақтөбе өңіріндегі «террорлық топтың» қысқаша сотталу тарихы осындай. Сотталған алты адамның ешққайсысы да өздеріне тағылған «терроризм» айыбын мойындаған жоқ. Олардың туыстары мен адвокаттары әлгіндей айыптауларға негіз болған іс қолдан жасалған дейді.

Топ басшысы деп танылған Азамат Кәрімбаев соттала салысымын көп ұзамай Арқалық түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза тапты, қалған бес адам түрмеде жазасын өтеп жатыр.

Азаттық радиосы Азамат Кәрімбаевтың жұмбақ қазасы туралы бірнеше хабар жариялады. Ол туралы ақпараттар сайтымызда шыққан соң белсенді оқырмандар Интернетте арнайы бет ашып, марқұмның өліміне байланысты әділ тексеру жүргізуді сұрап Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, адам құқығын қорғаушы ұйымдар мен жұртшылыққа ашық хат жазып, оған қол жинауды ұйымдастырды.
XS
SM
MD
LG