Accessibility links

Қарабатанда тағы да оқыс кісі қазасы болды


Қарабатан, Атырау облысы, желтоқсан 2008 ж.
Қарабатан, Атырау облысы, желтоқсан 2008 ж.

Қарабатандағы Аджип ККО «Болашақ» зауыты жобасы құрылысын салып жатқан 44 жасар жұмысшы қаза болды. Бұл зауыт құрылыс алаңында болған қаңтар айындағы екінші кісі өлімі.

Мақат аудандық ІІБ бастығының тергеу істері жөніндегі орынбасары Талап Уришановтың мәлімдеуінше, 29 қаңтар күні таңертеңгі сағат 08.25-те Қарабатандағы медициналық пунктке Аджип ККО консорциумының мердігер компанияларының бірі «МСС Құрылыс» ЖШС жұмысшысы Әлібек Мұхамбетияров кеуде тұсының ауырып тұрғанын айтып, шағымданады. Оны қабылдаған дәрігер Гүлнар Сүндетова науқастың қан қысымын өлшеп, арнайы құралмен жүрегін тексерген соң, миокард инфарктін байқап, Аджиптің реанимациялық тобын көмекке шақырады. Бірақ, жұмысшы ауруханаға жетпей, сағат 09.07-де көз жұмған.

Әлібек Мұхамбетияров Қарабатанға көрші Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауылынан келіп жұмыс істеп жатқан еді.

Жалпы алғанда мұндай кісі өлімі Қарабатан үшін оқыс оқиға болудан қалған. Былтырғы жылдары жұмыс қауіпсіздігі сақталмауы салдарынан бірнеше адам қаза болса, бұл биылдыққа екінші қайғылы жағдай. Қаңтардың 10-ы күні тағы осы Қарбатандағы «Гате Иншат» компаниясының жұмысшысы өзі тұратын жатақханада асылып қалған-ды.

25 жасар тепсе темір үзетін жас жігіттің өзіне өзі неге қол жұмсағаны әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Тергеуші Талап Уришанов ол оқиғада қылмыстық құрам болмағандықтан іс қозғалмағанын айтады.

Ал облыстық ІІБ баспасөз қызметі марқұмның ағасы банктен алған 700 мың теңге (5700 доллар шамасында) несиені қайтаруға кепіл болған, әрі жақында туысқаны жұмыстан қысқарып қалып, несиенің бар ауыртпалығы марқұмға түскендіктен, өмірмен қош айтысқан деген түсініктеме береді.

Бұл жұмысшы Қызылордадан табыс табуға келген екен.
XS
SM
MD
LG