Accessibility links

«Азаматтық құрылтай» табиғи байлықтан түскен кірістің халық игіліне жұмсалуын бақылағысы келеді


Атыраулық бейүкіметтік ұйымдар «Азаматтық құрылтай» құрды. Атырау, 21 сәуір 2009 ж.
Атыраулық бейүкіметтік ұйымдар «Азаматтық құрылтай» құрды. Атырау, 21 сәуір 2009 ж.

Атырауда бір топ бейүкіметтік ұйым «Азаматтық құрылтай» құрды. Олар әрбір қазақстандыққа мұнда игеріліп жатқан жер қойнауындағы табиғи байлықтан алар үлесі бар екенін ұғындырып, игеруші компаниялардың қоршаған ортаға әсерін бақылауда ұстамақшы.

«Өндіруші компаниялар елдің табиғи байлығы арқасында миллиардтаған табыстарға кенеліп жатыр. Бірақ, одан сол байлықтың нағыз иегерлері – халыққа ешқандай қайыр жоқ. Халықаралық қаржы институттарының, түрлі қорлар мен инвесторлардың Қазақстанның экономикасына салған ақшаларынан түсіп жатқан пайда шамалы. Өндіруші аймақтар тұрғындары, сол маңайдағы ауыл адамдары мен компанияның қарапайым қызметкерлері осы байлықтан еншіге қалып жатқан зиянды қоқыстармен былғанған өз жерінде улы суды ішіп, бұзылған ауамен демалуға мәжбүр. Не істеуіміз керек? Өз елімізден қашуымыз керек пе? Әлде үнсіз өлуге дайындалуымыз керек пе?»

Осылай деп дабыл қаққан Атыраудағы «Каспий табиғаты», «Талдау және болжау орталығы», «Адамгершілік», «Заман», «Таза сайлау» тәрізді бір топ бейүкіметтік ұйымдар «Азаматтық құрылтай» ассоциациясын құрды.

«Каспий табиғаты» ұйымының төрағасы Махамбет Хәкімовтың айтуынша, бұған EITI - Extractive Industries Transparency Iniciative бағдарламасына сәйкес Қазақстанда 2004 жылы құрылған «Мұнай табыстары-қоғам бақылауына!» атты бейүкіметтік ұйымдар коалициясы жұмысының ақсай бастауы себеп болған.

– Біз тек валидацияның төңірегінде байланып қалмай айқындық ұғымын кеңейтуді ұсындық. Ал коалиция басында отырғандардың ақшаны есептегендеріне 5 жыл болды. Бірақ, ол ақша қайда кетіп жатыр? Ұлттық қорға қанша, мемлекеттік бюджетке қанша? Қалай бөлініп жатыр? Мұның бәрі тас қараңғы болған соң халық та енжар. Ал өндіруші мен өндіру салдарынан бұзылған экология жайлы ешкім ойланғысы келмейді. Осы маңызды мәселеден соң ғана валидация жайлы сөз қозғау қажет. Біз Үкіметке, Сорос қорына, Дүниежүзілік банкке және Коалицияның барлық мүшелеріне арнайы хат жолдадық. Коалиция құрамында қалғанмен халық үшін маңызды принциптерге негізделген «Азаматтық құрылтайды» құратынымызды айттық, – дейді Махамбет Хәкімов.

- Дегенмен, Махамбет Ғалымжанұлы, 17-19 ақпанда Катар астанасы Дохада өткен ЕІТІ жөніндегі IV- әлемдік конференцияда ЕІТІ-дің халықаралық басқармасы төрағасы Питер Айден Қазақстанның EITI-ді дамытуда қосқан үлесін жоғары бағалап арнайы марапат тапсырды емес пе?

– Олар бұл марапатты валидация үшін берді және ол бәріне түсінікті. 2005 жылдың есебі жасалды, 2006 жылдың есебі әзірлік үстінде. Сонда 2007-2008 жылдардікі қайда? Жасалған есептерінің өзі халықаралық стандарттарға сай емес. Ал шетелдік компанияларға керегі сол. Қазақстанға мұнайдан қанша қаражат түсіп жатқанын білу маңызды, басқа жарнамалап жатқандары бос сөз, экология, елдің жағдайы деген мәселе оларға қажет емес, - деді Махамбет Хәкімов.

Қазақстандағы EITI – айқындық бастамасы ішіндегі келіспеушіліктер жайлы Азаттық сайтында бұрында жазылған еді. Онда атыраулық бейүкіметтік ұйымдар Ұлттық кеңес мүшелері таза сайланбайды, маңызды ұсыныстар Үйлестіру кеңесі мүшелерінің қатысуынсыз қабылданады, коалиция ішінде аймақтық және басқа белгілеріне қарай жікке бөліну бар деген еді.

Коалиция мүшелерінің бұл жолғы бас қосуынан ұққанымыз сол жайттар әлі шешімін таппапты. Айқындық принциптері жайына қалып, әркім өз мүддесін көздеп кетті деседі атыраулық бейүкіметтік ұйым өкілдері.

Қарағандыдан арнайы келген «Благо» қоғамдық бірлестігінің директоры, сарапшы Юрий Криводанов та бұл пікірді қоштайтынын айтты.

– Юрий Павлович, сіз сарапшы ретінде Ұлттық қордағы қаржы жайынан хабарыңыз бар ма?

– Ұлттық қор ақшасының 28 млрд екені белгілі болған, қазір онда 20 млрд теңге ғана қалды. Тек ол ақша кімнен, қалай түсті және қайда, қанша кетіп жатыр деген сұрақтарға ешкім жауап айтпайды. Айқындық бастамасына басында билік басындағылар күле қараған еді. Бірақ, біздің бар болғаны 3 адамнан құралған сарапшылық тобымыздың тексерісінен кейін 38 компания ұсынған бірінші есептегі айырмашылық 26 млрд теңгені құрағанын көргенде ғана Үкіметтің бұл істің маңыздылығына көздері жетті, тіпті Салық комитетінде арнайы бөлім де құрды. Ал содан кейінгі тексеріс екінші есептің толық тазалығын көрсетті. Ендеше Айқындық бастамасы сөз жоқ өте қажет.

Махамбет Хәкімовтың пікірінше, «Азаматтық құрылтайдың» құрылуы нағыз демократиялық шешім.

«Өйткені ата-бабаларымыз кезінде келелі мәселелерді шешуде шен-шекпеніне қарамай құрылтайға жиналған,сонда бірауыздан маңызды шешімдер қабылданған», - дейді эколог.

Бейүкіметтік ұйымдар өкілдері түсіндіргендей «Азаматтық құрылтайдың» негізгі мақсаты жер қойнауы байлығындағы үлесі жолында азаматтардың құқының бұзылуына жол бермеу, Қазақстан жер қойнауы байлығын талан таржыға салуға тосқауыл болу, биліктің жемқорлығын тоқтату, ең бастысы қоршаған ортаны уланудан қорғау.

Билік органдарының, өндіруші компаниялардың, қорлардың қызметіне тұрақты бақылауды ұйымдастырамыз деген олар өздерінің бұл бастамасы тізгінін ешкімнің қолына бермейтінін айтты.

– Әрине, бастапқыда жұмысымыз нағыз уағыз айтушылардікіне ұқсас болады. Бірақ, бұл өте маңызды. Халықты оятуымыз керек. Олар өз Отанындағы ен байлықта үлесінің бар екенін ұғынуы керек, – дейді Махамбет Хәкімов.
XS
SM
MD
LG