Accessibility links

Астана геосаяси ойыншы болуға кезекті рет талпынуда


Иран президенті Махмуд Ахмадинежад (сол жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордадағы кездесуде. Астана, 6 сәуір 2009 ж.
Иран президенті Махмуд Ахмадинежад (сол жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордадағы кездесуде. Астана, 6 сәуір 2009 ж.

Талдаушылар Қазақстан аумағында ядролық отын банкін құру туралы президент Н.Назарбаевтың ұсынысын ресми Астананың халықаралық деңгейдегі өз беделін көтеру ниетімен байланыстырады. Сонымен бірге, бұл бастамадан Вашингтон – Теhран – Астана үштігі пайда болуы мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

ИРАН ЯДРОЛЫҚ БАНКТІҢ ҚЫЗМЕТІН ПАЙДАЛАНА МА?

Қазақстан аумағында атомдық электр станцияларының (АЭС) қалдықтарын кәдеге жаратуға арналған ядролық отын банкін салу жөніндегі Н.Назарбаевтың сәуірдің 6-сында Астанада айтқан ұсынысы әлемдік баспасөздің ортақ тақырыбына айналды.

Ұлыбританияның ВВС ақпарат тарату корпорациясы ядролық отын банкін құру туралы ойды 2005 жылы айтып, алғаш ұсыныс жасаған Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік екенін еске салды. Ол ойды уақытында АҚШ пен Ресей қолдаған болатын. 2007 жылы АҚШ аталмыш жобаны жүзеге асыруға арнап 50 миллион доллар бөлген еді.

Жоба шеңберінде атомдық отын сақталатын қойма немесе депозитарий одан өзге елдердің өз АЭС-ларына қажет мөлшерде отын сатып алуына мүмкіндік туғызып, ядролық материалдарды байыту бағдарламаларын дамытуды қиындатып отырған өткір мәселелерді азайтуға септесер еді.

Жобада АЭС реакторларының жұмыс істеуіне қажетті байытылған уран өндірісі мен тұтынушы елдерге сату үшін осы отын түрінің қорын сақтау қарастырылған. Депозитарий жұмысын әдетте халықаралық деңгейде ядролық реакторлар жұмысын тексеретін Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік қадағалайтын болады деп белгіленуде.

ВВС материалында жер шарындағы уран шикізатының жиынтық мөлшерінің бестен бір бөлігі (немесе 20 пайызы) Қазақстан аумағында жатқанын еске салады. Болашақта республиканың уран шикізатын сыртқы саудаға шығарудың әлемдік рейтингінде көшбасшы орынды иелену ниеті бар. Бұл туралы өткен күндерде елдің ресми басшылығының жоғарғы буынындағы адамдар, оның ішінде мемлекеттің толық меншігіндегі «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының топ-менеджментінің өкілдері мәлімдеді.

ВВС таратқан хабарға сәйкес, сәуірдің 6-сы күні Астанаға ресми сапары барысында Иран президенті журналистерге Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атомдық отын сақталатын қойма туралы ұсынысын қолдайтынын айтқанымен, бірақ ондай ядролық депозитарий қызметін өз елінің пайдаланатынын не пайдаланбайтыны жайында ештеңе демеген.

АСТАНА ТЕһРАН МЕН ВАШИНГТОННЫҢ АРАСЫН ЖАЛҒАЙ АЛА МА?

Астананың ұсынысын Теһран қолпаштаған уақытта Вашингтондағы Американың жаңа президентінің командасы екіжақты қарым-қатынастағы «жаңа жолдарға» серпін беруді ойластырып жатқан еді деп жазады Irishtimes газеті.

Иранның ядролық бағдарламасын дамыту саясаты екі ел арасындағы қарым-қатынасты бұзып тұрған басты мәселе екендігі белгілі. Бұған дейінгі уақыттарда Махмуд Ахмадинежад егер өзге елдерден ядролық отынның әкелінуіне кепілдік берілетін болса уранды байыту жұмысын тоқтату мәселесін қарауға даяр екенін мәлімдеп жүрді. Дей тұрғанмен, Иран өзінің ядролық отынның оқшау өндірісін, бейбіт мақсаттарға арнап уранды байыту технологиясын меңгеру құқығын қорғап бақты.

Байытылған уран АЭС-нда отын ретінде қолданылады, ал, одан әрі байыту арқылы одан атом бомбасына қажетті қару материалын жасауға болады.

Irishtimes газетінің жазуынша, ядролық отын қоймасын салу кестесі мен ақша қаражатының ауқымы әлі белгіленбеген. Оның үстіне ондай банктің қайда орналасатынына да әлі жауап табылмаған. Сондай-ақ, бұл айтылғандарға газет Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы Астананың халықаралық беделін арттыруды көздеумен де байланысты дегенді қосады.

Сонымен бірге, бұл кезде Ирандағы ресми тұлғалар Барак Обаманың 5 сәуірде Прагада сөйлеген сөзін сынға алып жатқан-тын дейді Reuters агенттігі. АҚШ президенті Барак Обаманың Прагада сөйлеген сөзінде Американың Еуропада зымыраннан қорғану жүйесін орналастыру жоспарын жалғастыруға тиістілігін, өйткені Иранның ядролық бағдарламасы қауіп төндіретінін мәлімдегенін АҚШ-тың ресми әкімшілігінің сайты Whitehouse.gov жеткізеді.

Ресми Теһран, Иран сыртқы істер министрлігі өкілінің сөзі арқылы, АҚШ пен ядролық қаруы бар өзге де елдерді ондай қаруды істен шығаруға шақырады. «Біз... ядролық қарудан ада бейбітшіліктің орнағанын күтудеміз», - деген Иран сыртқы істер министрлігі өкілінің сөзін Reuters агенттігі келтіреді. – Біз АҚШ пен өзге де елдер ядролық қаруды жою және залалсыздандыру бағытында нәтижелі де нақты шараларды іске асырады деп күтеміз...»

Eurasianet.org интернет-сайтында орталықазиялық мәселелер жөніндегі маман Жоанна Лиллстің «Астана Иран мен Америка арасындағы ядролық саудада делдал қызметін атқаруға талпына ма?» деген мақаласы жарияланған. Мақала ауторының пікірінше, Қазақстан өзінің сыртқы саясаттағы орағытпаларымен Иранның ядролық бағдарламасына байланысты әлемдік ең күрделі дилеммадағы өзіндік геосаяси ойыншы ретінде ықпалын нығайта алады.

Аутордың айтуынша, Қазақстан президентінің елде ядролық отын банкін құру жөніндегі ұсынысы қабылданған жағдайда Қазақстан қажеттілігі бар елдерді ондай отынмен қамтамасыз ететін, әлем сенім артқан жаһандық субъект бола алмақ.

Мақала ауторының көрсетуі бойынша, соңғы күндерде ақпарат құралдарында қазақстандық басшылық ядролық банкке қатысты Вашингтонмен құпия келіссөз жүргізуде және америкалықтар Астананың ол ұсынысын байыппенен таразылауда деген хабарлама жүр.

Мүмкіндігі бар үміткер есебінде Қазақстанды қолдауға итермелейтін тағы бірнеше қосымша факторлар бар дейді Eurasianet.org сарапшысы. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық етуге тиіс. Бұл жағдай қазақ тарапын, Жоанна Лиллстің сөзімен айтқанда, «адал бітістіруші» атағына ие болуды ойлауға итермелейді. Қазақстан әрдайымда Ресеймен одақтастығын айқын көрсетуден қашпайды, бірақ, сөйте тұра Астана, аутордың пікірінше, үнемі өзінің өзге де, Құрама Штаттар, Қытай және Еуроодақ кейпіндегі басты серіктестерімен тепе-тең қатынас ұстауға тырысып келеді, және тырысады да.

ҚАЗАҚСТАН «ЯДРОЛЫҚ» ЕЛДЕРДІҢ УРАНҒА СҰРАНЫСЫНА ҮМІТ АРТАДЫ

Spacedaily.com сайтының пайымдауынша, Қазақстан басқа да мұнайға бай елдер сияқты сыртқы саудаға мұнай шығарумен ғана шектелейін деп отырған жоқ, ол елден сыртқа шығарылатын өнімдердің қатарын уран тәрізді ерекше тауармен толықтыру арқылы өзінің сыртқы саудасын диверсификациялауды көздейді. Бұл бағытта уранға деген үлкен сұраныс өзінің ядролық энергетикасын дамытуға мүдделі және дамыған АЭС торабы бар елдер тарапынан болады деп есептейді.

Бүкіләлемдік рецессия энергия ресурстарын сататын негізгі елдерге де кері әсерін тигізіп, өткен жылдың шілдесінен 2009 жылдың наурызына дейін 147 доллар болып тұрған мұнай баррелі бағасының 40 долларға түсуіне себеп болды.

1991 жылы Советтер одағы құлаған кезден бастап қарқынды мұнай сыртқы саудасының индустриясын (өткен жылы күніне 1,54 миллион баррель мұнай өндірді) құра алған Қазақстан да, сыртқа сататын негізгі шикізат тауарларының бағасы төмендеп, қиындық көруде.

Spacedaily.com сайтының сараптамасында елге келген шетелдік инвестициялар ауқымы 40 миллиард доллардан асқанменен, 2008 жылы бүкіләлемдік шаруашылықтың шайқалуы және мұнай бағасының түсуі Қазақстан экономикасының даму деңгейін жылына 5 пайызға төмендетті, ал дәл сол кезде ақшаның құнсыздануы 18 пайызға жеткен еді.

Қазақстанның Ұлттық банкі осы жылдың 4-ші ақпанында 18 пайызға теңге девальвациясын жасады, бірақ Қазақстан үкіметі отандық банктерді құтқаруға белсенді кірісіп, анағұрлым сақ батыстық үкіметтерге қарағанда әлдеқайда үлкен интервенционизм танытты.

Бірақ, дағдарыс салдарын жеңуге Қазақстанның мүмкіндігі аз емес. Мұнай бағасының арзандауы суасты терең платформалары секілді құрылғылар арқылы игеріліп жатқан кеніштердегі өндірістік шығыны анағұрлым көп жұмыстарға айтарлықтай кері әсерін тигізе алмады.

Осы орайда, Алматыдағы Қазақстан-Британдық техникалық университетінде (Kazakh-British Technical University) болған халықаралық конференция кезінде профессор Жанна Ахметбекова мәлім қылған сандар көңіл аударарлықтай қызғылықты деп хабарлайды Spacedaily.com.

Профессордың айтуынша, Қазақстанда мұнай шығарудың өндірістік шығындары орта есеппен барреліне 2 долларды құрайды, бұл Қазақстанды Таяу Шығыстағы әлемнің жетекші мұнай өндірушілерінің қатарына енгізеді.

Қазақстанда бұл саладағы ұлан-асыр ақшаның ауқымы таңдандырады: есептеу үшін тек мұнай барреліне деген әлемдік бағадан өндірістің өзіндік құнын алып, елде өндірілетін мұнайдың жалпы ауқымына көбейту керек (өткен жылы күніне 1,54 миллион баррель).

Бүгінгі бағамен алғанда бұл деген күн сайын қазақстандық мұнай кәсіпорындары жиынтықтағанда 75 миллион доллар таза пайда тауып отыр деген сөз (әрине, тасымалдау шығынын есептемегенде, бірақ мұнай құбырлары арқылы тасымалдау арзанға түседі)!

Яғни, өткен жылдың шілдесінде баға шарықтау шегіне жетіп тұрған кезде жаңағы сан шамамен үш есеге көбірек болды. Ондай үлкен ақшаларға келгенде расымен-ақ қандай мәміле ашық жасалар дейсіз!

Бірақ, мемлекет жеткен жетістіктерімен тоқтайын деп отырған жоқ. Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев ақпанның аяғында парламенттің төменгі палатасында сөз сөйлеп, Қазақстан 2009 жылы уран өндірісінің ауқымын 40 пайызға, яғни 11900 тоннаға дейін (2008 жылғы көрсеткіш 8512 тонна болатын) арттырады және бұл ауқымды 2010 жылға қарай жылына 15400 тонна өндіру жоспары бар деген мәлімдеме жасады.

Мұндай өсімге «Хорасан-1» және «Хорасан-2» уран кендеріндегі жұмыстардың нәтижесі елеулі үлес қосуға тиіс. Осы кендер көлемінде шикізат өндіру жұмыстары осы жылдың алдағы кезеңдеріне жоспарланған.
XS
SM
MD
LG