Accessibility links

Президент Лукашенко ұлын жұрттан жасырмайды


Беларусь президенті Александр Лукашенко парламент сайлауына дауыс беруге ұлы Николаймен келді. Минск, 28 қыркүйек 2008 жыл.
Беларусь президенті Александр Лукашенко парламент сайлауына дауыс беруге ұлы Николаймен келді. Минск, 28 қыркүйек 2008 жыл.

Беларусь президентінің тасадағы өмірі журналистердің назарын жиі аударады. Бұл тұрғыда қазақ президенті Назарбаевқа да қатысты елең еткізер әңгімелер жеткілікті. Бірақ одан айырмасы – Лукашенконың өз ұлын жұрттан жасырмайтындығында.


Түйеден түскендей сөйлейтін әдеті бар беларусь президенті бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан қашан да тыс қалған емес. Журналистердің қаламына оның саяси қызметі ғана емес, жеке өмірі де жиі ілініп жатады. Алайда, мұны жалғыз Лукашенконың басындағы жайт деуге болмайды. Владимир Путин, Виктор Ющенко, Нұрсұлтан Назарбаев секілді бұрынғы советтік республикалардың жетекшілерінің де басқан ізі назарда.

ДЕРЕВНЯДАҒЫ ӘЙЕЛ

Мемлекеттегі нөмірі бірінші тұлғаның әйелі де, тасада ұстайтын нақсүйерлері де - алапат өрт, топан су, саяси дүрбелеңдерден бір де кем емес ең қызықты тақырыптардың бірі.

Александр Лукашенконың заңды әйелі - әзірге Галина Лукашенко. Яғни Александрдың өзімен бір селода өсіп, оған маңдайы торсықтай екі ұл тауып берген, бір сөзбен айтқанда, алғашқы қосағы.

Алайда зымыраған уақыт өз дегенін істетті. 1994 жылы Александр Лукашенко президент болды да, Минскіге тұрақтады. Сөйтіп туған деревнясы да, туған топырақтағы жары да артта қол бұлғап қала берді. Арада екі жыл өткенде екі ұлын өз қасына алдырды. Содан бері олардың мансабы Александр Лукашенконың толық бақылауында.

Соның арқасында тұңғышы Виктор Лукашенко ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша президенттің кеңесшісі болып шыға келді. Біртіндеп қауіпсіздік кеңесін өз дәргейіне келтірді, онымен қоймай күштік құрылымдарды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын ықпал иесі болмаққа ұмтылды. Қазірдің өзінде оны Беларусьтің бірден-бір болашақ президенті деп санайтындар бар.

Екінші ұлы Дмитрий «Президенттік спорт клубтың» тізгінін ұстады әрі ұлттық олимпиада комитетінің мүшесі.

Ал әйелі сол баяғы деревняда қала берді. Кейбір интернет-басылымдар жазып жүргендей, ол да Минскіге қоныс аударуға аса құлықты бола қоймаған көрінеді. Әрі Минск те оған «келе ғой» демегенге ұқсайды. Шақырмаған соң бармады ма, барғысы келмеген соң шақырмады ма – ол жағы белгісіз.

Әуелі балалар бақшасының меңгерушісі болып жұмыс істеген президенттің жұбайы кейін Шкалов ауданындағы санаториялық-курорттық сауықтыру ісін басқаратын болды.

Осы жылдың бас кезінде Беларусь министрлер кеңесінің есіне күтпеген жерден бұл әлемде президентің Галина Лукашенко деген әйелі бар екені түсе кетті. Мүмкін, президенттің өзі құлаққағыс қылды ма екен?

Әрине, үкімет ешкімді бекерден-бекер еске алмайды. Бұл жолы Галинаны да құр қалдырмай, құрмет грамотасы мен 85 еуроға тең келетін ақшалай сыйлықпен марапаттады да жіберді. Мұндай грамотаны министрлер кеңесі көрінгеннің қолына ұстата бермейтінін, тек мемлекеттік, шаруашылық және әлеуметтік-мәдени құрылыс пен ел қорғанысын нығайтуға ерен еңбек сіңіргендерге ғана беретінін біліп қойған жөн.

ПРЕЗИДЕНТТЕРДІҢ ЖАҢА ОТБАСЫЛАРЫ

Әйелі тұратын селодан ірге аударғанына көп уақыт болмай-ақ, Александр Лукашенконың махаббат шоғы маздаған серілік өмірі туралы тың деректер пайда бола бастады. Оппозициялық бұқаралық апарат құралдары мен интернет блогшыларының қырағы көзіне президенттің жеке дәрігері Ирина Абельская ілікті.

Ол Александр Лукашенко қайда барса, сонда барып, президенттің тамырын басып, денсаулығына кінәрат түсірмей мұқият қарады. Президенттің ресми қабылдауларында да жиі төбе көрсетті.

Әсіресе Александр Лукашенконың Францияға жасаған сапарында болған уақ-түйек бір жайт (әрине, президентке уақ-түйек болғанмен басқаларға тосын жайт) екеуінің арасындағы қарым-қатынастың қай биікке шыққанын жалпақ жұртқа әйгіледі де жіберді.

Осы сапарда көрші бөлмеге орналасқан сыртқы істер министрін президент әй-шәйға қаратпай басқа бөлмеге ауыстырып, орнына Абельскаяны орналастыру жөнінде бұйрық берген дейді. Сонан бері Ирина Абельская президенттің Дроздадағы резиденциясына біржола қоныс аударған көрінеді.

2004 жылы Ирина Абельская ұл туып, есімін Николай деп қойды. Жарық дүниеге Николайдың келгенін біреу білсе, біреу білген жоқ. Әлдебір күш оны жұрттың білгенін қаламаған.

Белорусь президентінің ұлды болғанға дейінгі бастан кешкендері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өмірі төңірегіндегі
Президент Нұрсұлтан Назарбаев әйелі Сара Назарбаевамен сайлау учаскесінде. Астана, 4 желтоқсан 2005 жыл.
оқиғаларға азды-көпті ұқсайтын тәрізді.

Сара Назарбаевамен ұзақ жыл отасқан ол қатарынан үш қыз сүйді. Алайда жылдар өте келе ерлі-зайыптының арасына селкеу түсті ме, кім білсін, әйтеуір интернет басылымдар Қазақстан президентінің серілік өмірі туралы ауыз жаппай жазатын болды.

Әрине, әркімнің тағдыры әртүрлі. Бірақ, Беларусь президенті секілді, Қазақстан президенті де ұлды болды деген хабарлар тағдырда да ұқсастықтар болатынын жоққа шығармайтын сияқты. Қазақстан президенті, тіпті, бұл ұлға жай ұл деп емес, болашақ тақ мұрагері ретінде қарайтыны да ұзынқұлақтан естіліп қалды.

Бұл тұрғыдан келгенде қазақ президентіне қарағанда беларусь президенті ашық-жарқын болып шықты. Ол ұлды болғанын жасыруды қойды. Николай өмірге келгеннен соң бірер жыл өте өз дәрігері әрі ұлының шешесіне деген Беларусь президентінің сезімі салқындай бастаған тәрізді.

ПРЕЗИДЕНТ ЖӘНЕ ОНЫҢ ӘЙЕЛДЕРІ

Соңғы кездері Николай анасынан алысырақ, президентке жақынырақ жүретін болды. Баланы тікелей өз қолына алған әкесі оны оттан суға, судан отқа салып, шыңдауға кіріскен көрінеді.

«Коля бір жасқа толғанда, – дейді президент, – қолынан жетектеп моншаның буына кіргіздім. Әрине, бастапқыда жылады. Есесіне қазір, яғни небәрі төрт жаста екеніне қарамастан ми қайнататын жүз градус ыстық бу мен жиырма сегіз градустық бассейнде қиналмай отыратын болды. Оған мұз салынған ваннада да жата алатынын қосып қойыңыз».

Ынтызар ғашығынан арасын ажыратқаннан кейін де беларусь президенті махаббаттан біржола күдер үзбей, алда тұрған жаңа өмір, жаңа бақытқа тағы қол созды. Бұл жолы оның қармағына әнші Ирина Дорофеева ілікті.

Президенттің туған күнінде Лукашенкоға қарата «Сенсің менің періштем» деген әнді үздіге әуелеткен осы әнші дейді сырт көздер. Сөйтіп жүргенде президенттің төңірегінен жаңа бір жұлдыз жарқ етті. Бұл жұлдыз – сұлулық байқауының жеңімпазы Лика Ялинская болып шықты.

Александр Лукашенконың осынау жүріс-тұрысы жөніндегі әңгімелерге оның ресми әйелі болып саналатын, бірақ он бес жылдан бері бөлек тұратын Галина Лукашенко сене қоймайды. Бірде ол: «Қарым-қатынасымыз ойдағыдай. Тамаша балаларымыз, немерелеріміз бар. Балаларымды да, күйеуімді де жиі көремін. Мен бақытты әйелмін. Мен туралы «әлдебір талайсыз жалғызілікті әйел» деген сөздер – жел сөздер» деп ағынан жарылды.
XS
SM
MD
LG