Accessibility links

Дат журналисі Орталық Азиядағы діни экстремизмнің аңыз екенін дәлелдейді


Тәжік сарбаздары антитеррорлық жаттығулар кезінде. 18 қазан 2002 жыл.
Тәжік сарбаздары антитеррорлық жаттығулар кезінде. 18 қазан 2002 жыл.

Даниялық журналист Майкл Андерсен «Орталық Азиядағы діни экстремизм жайындағы аңыз» атты деректі фильмін ұсынады. Ол діни экстремизм мен терроризм авторитарлық жүйенің жемісі екенін айтады.


АҢЫЗ ЖӘНЕ АҚИҚАТ

Орталық Азия елдерінде бірнеше жыл тұрған дат журналисі Майкл Андерсен аймақтағы экстремизм қаупі жайындағы ресми мәлімдемелерге зерттеу жүргізді.

Нәтижесінде журналист «Орталық Азиядағы діни экстремизм жайындағы аңыз» атты деректі фильм түсіріп, ол алғаш рет үстіміздегі жылдың 20-қаңтарында «Әл-Жазира» телеарнасынан көрсетілді.

Фильмде мұндай қауіптің туу себептері жайында Орталық Азиядағы сарапшылар мен құқық қорғаушылардың және мұсылман діндарларының пікірлері келтірілген.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының Өзбек қызметіне берген сұхбатында журналист Орталық Азиядағы экстремизм туралы фильм түсіруіне
Дат журналисі Майкл Андерсен.
түрткі болған себептер жайында айтады.

– Осы фильмде мен Орталық Азияда шынымен діни радикализм бар ма, жоқ әлде бұл адамдарды қатаң бақылау үшін, сондай-ақ саяси оппозицияны жаншу мақсатында аймақтағы ел басшыларының қолдан жасаған аңызы ма деген сауалға жауап табуға тырыстым. Фильмді жасау барысында адамдардың діни өмірін бақылауда ұстау үшін билік терроризм қаупін әдейі әсірелеген деген пікірге келдім, – дейді Майкл Андерсен.

Майкл Андерсен фильм атауында «аңыз» деген сөзді қолдана отырып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Орта Азия елдерінде ислам экстремизмінің қаупі өте төмен болғанын түсіндіреді.

Алайда, Андерсеннің айтуынша, бүгінде бұл елдердегі авторитарлық режимнің нәтижесінде мұндай қауіптің пайда болғаны рас. Майкл Андерсен өз сұхбатында өзбек президенті Ислам Каримовтың саясатына көбірек көңіл аударады.

– Фильмді түсіру кезінде біз Орта Азияда діни радикализмге қоса, тіпті терроризм қаупі де бар деген тұжырымға келдік. Қазір мұндай қорқыныш расында да бар. Алайда олардың пайда болғаны үшін экстремистер мен радикалды діндарларды емес, аймақ елдеріндегі билеуші диктаторларды, нақтырақ айтқанда, Ислам Каримов пен оның айналасындағыларды айыптау керек. Өйткені, олар осыдан 10-15 жыл бұрын бұл жайында айта бастағанда, Орталық Азияда діни экстремизм қаупі жоқ болатын, – дейді Майкл Андерсен.

Сонымен қатар, оның пікірінше, дәл сол жылдары, мысалы, Өзбекстан Ислам Қозғалысының (ӨИҚ) бұрынғы көшбасшысы Жұма Намангани секілді экстремистер қатты шеттетілген болатын. Кейін, 1996 жылы, бұл қозғалыс террористік ұйым деп танылды.

ЕРКІН ОЙДЫ БАСЫП-ЖАНШУ

Журналистің айтуынша, кейінірек президент Ислам Каримовтың басшылығымен өзбек билігі зайырлы оппозицияны қудалап, өзгеше ойлайтындарды түрмеге қамай бастады. Олардың тек бірнешеуі ғана шетелге қашып бассауғалады. Майкл Андерсеннің пікірі бойынша, дәл осы еркін ойды басып-жаншу әрекеттері Орталық Азияда экстремизм қаупінің пайда болуына әкеп соқты.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының Өзбек қызметіне берген сұхбатында журналист батыс елдерінің көшбасшылары Орталық Азия мемлекеттерінде болып жатқан жағдайларға қанық екенін айтады. Алайда, Майкл Андерсеннің ойынша, бүгінгі таңда олардың назары басқа мәселеге ауып отыр.

– Мен Орталық Азия бойынша көптеген батыс дипломаттарымен және сарапшылармен араластым. АҚШ, Британия және Еуропалық Одақтың ресми өкілдері аймақтағы жағдайдан жақсы хабардар, бұл жөнінде күмәндануға болмайды. Бірақ, менің ойымша, бұл мәселе оларды толғандырмайды. Оларды бірінші кезекте газ бен мұнай қызықтырады, геосаяси ойында Қытай мен Ресейден жеңіліп қалмауды, Ауғанстан бағытындағы тасымалдан ұтылмауды көксейді. Мыңдаған өзбектердің түрмеде қиналып жатқанына, діндарлардың экстремист деп заңсыз айыпталуына Батыс самарқау қалып танытып отыр, – дейді Майкл Андерсен.

«Орталық Азиядағы діни экстремизм жайындағы аңыз» фильмін түсіру барысында дат журналисі Майкл Андерсен бүгінгі таңда өз елдерінен тыс жерде жүруге мәжбүр болған Орталық Азияның оппозиция өкілдерімен кездескен. Журналистің пікірінше, олардың арасында парасатты, ақылды және қайсар жандар аз емес.

– Ислам Каримовтың пікірін қолдамағаны үшін өзбек оппозициясының көшбасшысы Мухаммад Салихтың туысқандарын басып-жаншып, оның екі бауырын түрмеге отырғызды. Әрине, аймақтағы өзге елдердегі сияқты, өзбек оппозициясы да біріге алмады. Менің ойымша, сансыз милициясы мен қарулы күштері бар диктатор Каримовқа қарсы тұру оңай емес, – дейді дат журналисі Майкл Андерсен.

Оның ойынша, совет одағы ыдырағаннан кейін 20 жыл өткен соң Орталық Азия елдеріндегі зайырлы оппозицияны жою осы аймақтағы басты проблемалардың біріне айналды. Бүгінгі таңда бар тағы бір мәселе, бұл – діни радикализм мен экстремизм қаупі болып отыр.
XS
SM
MD
LG