Accessibility links

АҚШ шешен бүлікшілерінің басшысын террорист деп жариялады


Доку Умаров. Бейнекөріністен алынған сурет. 31 наурыз. 2010 жыл.
Доку Умаров. Бейнекөріністен алынған сурет. 31 наурыз. 2010 жыл.

АҚШ Мәскеу іздеcтіріп жатқан шешен бүлікшілерінің басшысын террорист деп жариялады. Доку Умаровтың мүліктерін тәркілеуді және онымен байланыстағы кәсіпкерлер мен компанияларға шектеу енгізуді көздейтін бұл қадам Ресей президенті Дмитрий Медведевтің Вашингтонға сапарының қарсаңында жасалып отыр.

Сәрсенбі күні АҚШ мемлекеттік департаменті былай деп хабарлады: Мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон мақұлдаған тізімге сәйкес, шешен бүлікшілерінің жетекшісі Доку Умаровтың мүліктері тәркіленіп, онымен бизнес жасайтын жеке адамдар мен компанияларға шектеу енгізіледі.

Вашингтон мен Мәскеу қарым-қатынасының жақсаруының тағы бір белгісі делінген бұл қадам Ресей президенті Дмитрий Медведев пен АҚШ президенті Барак Обаманың Вашингтондағы келіссөздерінің алдында жасалып отыр.

Өзін «Кавказ әмірлігінің басшысы» етіп жариялаған Доку Умаров бірқатар лаңкестік шабуылдарға, оның ішінде наурыз айында Мәскеу метросындағы жарылыстарға байланысты жауапкершілікті өз мойнына алған болатын.

АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Филип Кроулидің мәлімдеуінше, мақұлданған жарлық Умаровқа қаржылай көмек пен тағы басқа қолдау әрекеттерін тоқтатуға септігін тигізеді.

- АҚШ Умаровтан төніп тұрған қауіпті ескере отырып, оны лаңкес деп жариялады, - дейді Кроули.

Мемлекеттік департаменттің лаңкестікке қарсы үйлестірушісі Дэниел Бенжаминнің мәліметінше, АҚШ пен Ресейге төніп тұрған қауіп-қатер ескеріліп, Умаров террорист ретінде танылған.

Бұл хабарды Кремль ықыласпен қабылдады. Ресей президентінің халықаралық қылмыстар мен терроризмге қарсы күрес бойынша өкілі Анатолий Сафонов «Интерфакс» агенттігіне АҚШ-тың бұл шешімі Ресейдің Солтүстік Кавказдағы лаңкестікпен күрес әрекеттеріне көмектеседі деп мәлімдеді.

- Бұл - лаңкестікпен күрес саласындағы Ресей мен АҚШ ынтымақтастығының нақты мысалы, - деді Сафонов.

Адам құқықтары жөніндегі «Мемориал» орталығының басшысы Олег Орловтың мәлімдеуінше, АҚШ шешімі дұрыс қадам, бірақ ол Солтүстік Кавказдағы лаңкестікпен күрес әрекеттеріне көмектеспеуі мүмкін.

Ресей Солтүстік Кавказ аймағында исламшыл бүлікшілермен күресіп келеді. Негізінен мұсылмандар тұратын бұл аймақта жемқорлық пен кедейшілік, сондай-ақ жұмыссыздық кең етек жайған.

2006 жылдың маусым айында Умаров мойындалмаған тәуелсіз «Ичкерия шешен республикасының» президенті етіп тағайындалған болатын. Бірақ кейінірек Умаров өзін бүкіл Солтүстік Кавказды қамтитын ислам мемлекетінің басшысы етіп жариялады.

Мемлекеттік департаменттің мәліметінше, Умаров шешен бүлікшілері арасындағы «ұлттық сепаратистер мен радикалды жихадшылардың» жікшілдігін күшейтіп, исламшыл Кавказ әмірлігін құруды көздейтін қозғалыс құрған.
XS
SM
MD
LG