Accessibility links

Интернетке тыйым Түркияның Еуроодаққа қосылуын қолдаушыларды алаңдатып отыр


Түрік премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған баспасөз мәслихатында. Стамбұл, 7 маусым 2010 жыл.
Түрік премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған баспасөз мәслихатында. Стамбұл, 7 маусым 2010 жыл.

Түркиядағы сөз еркіндігіне қатысты алаңдаушылықтар интернетке бақылау күшейген сайын өсе түсті. ЕҚЫҰ-ның хабарлауынша, осыдан үш жыл бұрын биліктегі Әділет және даму партиясының ұсынған заңы арқылы Түркияда 5 мыңнан аса вебсайт жабылды. YouTube сайтына қатысты бұрыннан келе жатқан тыйым туралы даулы мәселе осы сайттың еншілес компаниясы Google-ды шектей бастаған соң қайта көтеріліп отыр.


БИЛІКТІҢ БОЙҒА БІТКЕН ДАҒДЫСЫ

Осыған дейін Түркия Еуропа Одағына қосылу жолында сөз бостандығы мен цензураны азайтатын сияқты еді. Оның орнына одаққа қосылу жөніндегі келіссөздер басталған бес жылдан кейін Түркия бірнеше вебсайттарды жауып тастап, өзінің Еуропа Одағына қосылуын қолдайтындарды абдыратып, Иран мен Қытай сынды интернеттің қас жауына айналып отыр.

Түркия ресмилері мен Google-дың арасында текетірес күшейе түскен тұста ЕҚЫҰ Түркияны соңғы үш жылда 5 мыңнан аса вебсайтты тұмшалап, сөз еркіндігі мен адам құқықтарын шектеп отыр деп айыптады.

Бұл елдің интернетке қатысты ұстанымы осыған дейін де, 2008 жылдан бері кедергілерге тап болған YouTube вебсайтына тыйым салу шараларымен жіті бақылауда болған. Ол кезде грек ұлтшылдары Түркияның негізін қалаған Мұстафа Ататүрікке тіл тигізетін видеосын YouTube-ке шығарған соң, Түркияда бұл сайтқа кіру мүмкін болмай қалды. Десе де түркиялық ресмилер YouTube сайтына Vtunnel сынды прокси қызметтері арқылы кіру мүмкіндіктері бар екенін біліп қалды.

Бірақ қазір бұл мәселе билік басқа сайттың видео тарататын еншілес компанияларына тиесілі вебпарақшаларға кіруді шектеген соң қайтадан талқылауға шығып отыр. Түркияның бұл қадамына қатысты интернет еркіндігін қорғаушы топтар өткен аптада сотқа шағымданып, миллиондаған адам заңсыз түрде интернеттен шеттетіліп отырғаны айтылды.

Интернетке жауапты Түркияның көлік және коммуникация министрлігі өздерінің әрекеттерін YouTube-тің тапқан пайдасының салығы бойынша Google үкіметке 20 миллион доллар қарыз болып отыр дегенмен ақтағысы келді. Оның айтуынша, YouTube Түркия елімен текетіреске көшкен, Түркия оны ешқашан қабылдамайды.

Бірақ бұл шектеулерге қатысты сын айтушылар бұл жанжалдың түбірі ақшада емес сөз еркіндігін шектеуде жатқанын айтады.

Google теріске шығарып отырған салық жөніндегі айыптаулар Түркияның ірі ақпараттық компаниясы Dogan Group-қа қатысты айтылған. Бұл компанияға өткен жылы салықтан жалтарды деп 3,9 миллиард доллар айыппұл салынған. Түркия билігінің бұл айыппұлы діни ұстанымдағы биліктегі Әділет және даму партиясын сынап жүрген зайырлы басылымды тоқтату үшін жасалған деген мәлімдемелер айтылып, оған қатысты ЕҚЫҰ мен АҚШ мемлекеттік департаменті ол айыппұлдарды айыптаған болатын.

Стамбулдағы Билги университетінің ақпараттық зерттеулер және коммуникация жөніндегі профессоры Халук Сахин түрік үкметінің интернетті тұмшалап тастау әрекетін кінәлап, ресмилер қазіргі кез «ақпараттық заман» екенін түсінбей жатыр деді.

«Биліктің санасы бір ғана цензура мен еркін аққан ақпараттарды тоқтатуда жатыр. Мұндай сана-сезім елде бұрыннан келе жатыр, ара-тұра әртүрлі формада, журналистерге қарсы сот істері сияқты немесе нақты бір интернет қызметіне тосқауыл қою сынды тиімсіз әрекеттерімен көрініп жатады», - дейді ол.

ИРАН, ҚЫТАЙ ЖӘНЕ... ТҮРКИЯ

Интернетке тыйым салу шаралары 2007 жылдың мамырында қабылданған заңнан басталды. Заңда жанкештілік әрекеттерге итермелейтін, құмар ойындарға шақыратын, балаларды жыныстық қатынасқа пайдаланатын, есірткіні жарнамалайтын және порнографиялық вебсайттарға тыйым салу жөнінде айтылған. Сонымен қоса, 5651 деп аталған заң бойынша терроризмге қарсы заңды бұзатын немесе Ататүрікке тіл тигізген сайттарға тыйым салынады делінген.

Және де Түркияның Азаматтық кодексінде жекелеген адамдардың өз құқығын қорғау жолындағы шағымымен сайттарға тосқауыл қоюға болады. Бұл жағдайды 2008 жылы Стамбул соты пайдаланып, биолог әрі атеист Ричард Доукинстың вебсайтын жауып тастаған. Оған исламшыл кітаптардың ауторы Аднан Октардың Доукинс өз сайтында асылық көрсетіп, масқаралап, дінге тіл тигізді деп түсірген шағымы себеп болған.

Еуропарламенттің британиялық депутаты және Түркия бойынша комитет өкілі Ричард Ховитт жағдайды реттеу үшін бұл мәселеге қатысты шұғыл шаралар қолданып, Түркияның саяси көзқарастарға тосқауыл қоюын тоқтатуға шақырды.

«Онда дұрыс мағына жетіспей мен мұның бәрінде табиғи әділеттік сұранып тұр. Түркияны жақсы көретін адамдар, Түркияны Еуропа Одағына мүше ретінде көргісі келетіндер үшін бұл елдің интернетке кіру проблемасы бойынша атышулы Иран мен Қытай сияқты болуы сенімсіздік тудырады».

Интернетке шектеулерді алып тастау жөніндегі еуропалық үндеулер айтылғанымен, түркиялық ресмилер тарапынан саяси ниет жоқтың қасы дейді Ховитт:

«Бір жағынан алғанда, Еуропа мен халықаралық қауымдастықтың құқы бар, “қойыңыз, халықаралық талаптарды ескеріңіздер” деп интернетті өшіріп тастау көрсеткіштеріне қатысты Еуропаның қатаң сөйлесетін уақыты келді. Мен шынымды айтсам, түркиялық соттардың осыдан екі жыл бұрын YouTube пен басқа да сайттарға тыйым салып жатқанына, енді қазір де ондай шектеулер жалғасқанын көріп, Еуропаның шыдамдылық танытқанына көңілім бұзылды. Менің ойымша, бұл деген біздің айтып жатқынымыздың қажетті деңгейде қаттырақ айтылмағанын білдіреді».

ЕУРОПА ОДАҒЫНАН ҚАШЫҚТАТАТЫН КЕДЕРГІ

Түркияның Еуропа Одағына қосылу жөніндегі келіссөздер Франция мен Германияның қарсылығына байланысты қиындықпен жылжып келеді. Енді түрік үкіметінің интернетті шектеу жөніндегі шешімдері Анкараның бұл мүмкіндіктерін азайта түседі.

Профессор Сахиннің пікірінше, премьер-министр Режеп Тайып Ердоған үкіметі Еуропа Одағына қосылуды бұрынғыдай мақсат тұтпай қалған сияқты.

«Менің ойымша, биліктегі партия алғашқы төрт не бес жылда еуропашыл болған. Себебі басында жергілікті саяси жағдайға байланысты, кемалшылдарға қарсы ұпай жинау жолында болды. Енді қазір олар ол кезеңнен өтті. Менің пікірімше, олар енді Еуропа Одағының толық мүшесі болуға қызықпай қалған сияқты».

Бұл жағдайда негізгі бағытты халықаралық қысымнан гөрі жергілікті саяси күштер қолына алу керек шығар дейді Сахин.

Түркия президенті Абдулла Гүл елдегі интернет сайттарына енгізілген шектеуге қатысты қарсылығын білдіріп, өзінің биліктегі ресмилерге вебсайттарды тұмшалайтын заңдарын өзгертуге нұсқау бергенін айтты. Түрік президенті ол шектеулер елдің басқа әлеммен қосылуына кедергі жасайды деген.

Түркиялық профессордың айтуынша, алдағы қолға алынуы тиіс шараларда басты оппозициялық Республикалық халық партиясының интернет еркіндігін қолдауымен қоғамда наразылық акцияларын өткізу керек.

«Халық тарапынан мықты қарсылықтар болып, әсіресе YouTube-ке тыйым салынғаны мен Google қызметіне шектеулерден жапа шегіп отырған жастардың қарсылығы керек», - дейді Стамбул уинверситетінің ақпараттық зерттеулер жөніндегі профессоры.
XS
SM
MD
LG