Accessibility links

Еуропарламенттің бір топ депутаты ЕҚЫҰ саммитін өткізбеуге шақырды


Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайы.
Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайы.

Еуропарламенттің Қазақстанға сапарлап қайтқан бір топ депутаты қазақ билігін өткір сынға алып, еуропалық елдерді биыл Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізуге келісім бермеуге шақырды. Қазақ шенеуніктері мұндай үндеулерді бос әурешілік деп санайды.


ЕҚЫҰ ТӨРАҒАСЫНА АЙТЫЛҒАН СЫН

Қыркүйектің 8-і күні Страсбургте Еуропарламент депутаты Джо Хиггинс бастаған солшыл фракция мүшелері баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстанда қарапайым тұрғындардың құқықтары өрескел тапталып отырғаны туралы мәлімдеме жасады.

«Азаматтар Конституцияда жазылған құқықтарын пайдалана алмай келеді, ал билікті сынаған ақпарат құралдары елде қысымға ұшырап отыр» делінген онда. Сол себепті депутаттар 2010 жылы желтоқсан айында Астанада саммиттің өтуіне қарсы екендерін мәлімдейді.

Алматыдағы жиында Еуропарламент депутаты, Ирландия социалистік партиясының жетекшісі Джо Хиггинс Қазақстанда еңбекшілер құқығының бұзылатындығын сынап тұр. 4 қыркүйек 2010 жыл.
– Елдегі адам құқығының шынайы жағдайын әлем жұртшылығына көрсету үшін ЕҚЫҰ саммитін өткізбеуге шақырамын, – деді Еуропарламент мүшесі Джо Хиггинс.

АСТАНАНЫҢ ЖАУАБЫ

Ал Қазақстанда билік өкілдері мұндай мәлімдемені негізсіз деп бағалап отыр. Парламент Мәжілісінің депутаты Уәлихан Қалижан Қазақстан ЕҚЫҰ-ға ойдағыдай жетекшілік жасап келеді деп санайды.

– Еуропарламент мүшесінің Қазақстанға келіп, соның нәтижесінде саммит өткізбеуге байкот жариялау туралы ұсынысы, менің ойымша, этикаға сай келмейтін мәселе. Кез келген мемлекеттің қоғамдық құрылысы бар. Ішкі менталитеті бар. Жовтиске байланысты көп мәселелер көтеріліп жүр. Енді оның адам қағып өлтіргені шындық қой. Сондықтан одан қалай саяси астар іздеуге болады? Егер осылардың барлығын адам құқығын таптау деп есептейтін болса, онда шетелде болып жатқан кез келген құбылысқа да сондай баға болуы керек, – дейді Уәлихан Қалижан.

Қазақстан сыртқы істер мекемесінің шенеуніктері саммит өткізу туралы шешім ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің ортақ келісімімен қабылданғанын алға тартады.

– Біз саммиттің Астанада межелеген мезгілде өтетініне сенімдіміз, – деді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов.

Ирландияның социалистік партиясының жетекшісі Джо Хиггинс бастаған делегация мүшелері тамыздың 30-ы мен қыркүйектің 6-сы аралығында Қазақстан аймақтарын аралап, жұртшылықпен кездескен болатын. Олар үлескерлердің, жұмысшылардың және жазалау мекемелеріндегі сотталған азаматтардың мұң-мұқтажынан хабардар болып қайтқан еді.

Ал Еуропарламент делегатымен кездесуге Қазақстан түрмелерінде жазасын өтеп жатқандардың құқығы мәселесін жиі көтеріп жүрген құқық қорғаушы Вадим Курамшин де келмек болған еді.

Алайда Қарағандыға бара жатқан жолда полиция өкілдері Курамшинді «ұсақ бұзақылық жасады» деген айыппен ұстап, он күнге қамауға алған. Бұл әрекетті шетелдік делегация мүшелері билік тарапынан әдейі жасалған тосқауыл деп бағалады.

Оның есесіне Джо Хиггинс бастаған қонақтармен кездесуге түрмеде отырғандардың туыстары мен бұрын жазасын өтеген азаматтар келіп, Қазақстандағы жазалау мекемелерінде қамауда отырғандардың ауыр халі туралы баяндап, түрмедегі жағдайға қатысты кейбір деректерді көрсеткен еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG