Accessibility links

Жазушы Назарбаевтың кітаптары. Ол 16 айда бір кітап жазады


Жазушы Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары.
Жазушы Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары.

Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын жаңа кітап шығарады. Ресми БАҚ-тар оның кітаптарының халық игілігі үшін жазылатынына сенімді. Бірақ бұл кітаптарды советтік тоқырау кезеңіндегі еңбектердің кебі күтіп тұр. Олар ертең-ақ ұмытылып, оқырман назарынан шығып кетеді.

НАЗАРБАЕВТЫҢ КІТАПТАРЫ ӘЛЕМНІҢ КӨПТЕГЕН ТІЛДЕРІНДЕ ШЫҒАДЫ

1991–2006 жылдар аралығында Нұрсұлтан Назарбаев өз атынан 12 кітап шығарған. Демек, 15 ай сайын бір кітаптан шығарып отырған.Тек өндіріп жазатын маман жазушылардың ғана қолынан келетін іс бұл. Тағы да сонша жыл шығармашылық құлшыныста болса, жазушы Нұрсұлтан Назарбаев шығарған кітаптарының саны бойынша Мольер, Пушкин, Абайларды артқа тастап, әлемдік әдебиеттегі Оноре де Бальзак, Лев Толстой, Габриэль Гарсиа Маркес сынды алыптардың қатарынан орын алмақ.

Нұрсұлтан Назарбаевтың билікке келуінің 20 жылдығы қарсаңында Азаттық радиосы жазушы Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары Қазақстан оқырмандары арасында сұранысқа ие ме екен деген сауалға жауап іздеп көрді. Өйткені, бұл кітаптар түптеп келгенде солар үшін жазылып отыр емес пе?!

Шындыққа жетіп, толық мағлұмат алу үшін біздің тілшімізге алуан түрлі адамдармен сөйлесуге тура келді. Бұлар – бірінші кезекте студенттер, оқуды кеше ғана бітіргендер, қарапайым еңбеккерлер, жоғары оқу орындарының оқытушылары, саясаткерлер және әрине, жазушылардың өздері.

Сұралғандардың барлығы бірдей, әсіресе, қаламгерлер сұраққа жауап бере отырып аты-жөндерін көрсеткісі келмеді. Оларды түсінуге болады.

Бізді сыңаржақтылыққа салынды, обьективті болған жоқ деп айыптамас үшін оппозицияны айналып өттік. Осы және басқа да мәселелерге байланысты оппозицияның пікірі баршаға белгілі.

Бірақ, журналистік зерттеуіміздің басында біз бірінші кезекте ресми көздерге жүгіндік.

Ұлттық кітапхана бас директорының орынбасары Зарема Шаймарданова Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары тек қазақстандық оқырмандар ғана емес, шетелдік оқырмандар арасында да үлкен сұранысқа ие екендігіне сенімді. Оның ойынша, бұған жеткілікті
Ұлттық кітапхана бас директорының орынбасары Зарема Шаймарданова Азаттық радиосына сұхбат беріп отыр. Алматы, маусым, 2009 ж.
дәлелдер бар. Президенттің жазған кітаптарының барлығы дерлік шетел тілдеріне аударылған және әлемнің көптеген елдерінде жарық көруде.

Бұған байланысты Ұлттық кітапхана бас директорының орынбасары Зарема Шаймарданова былай деді:

«Қазақстанның Ұлттық кітапханасы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық еңбектерін жинақтап, сақтайды. Біз тіпті ол кісінің аударылып, шетелдерде жарық көрген еңбектерін де жинаймыз. Міне, сондықтан да біз оның кітаптарының танымалдылығы туралы айта аламыз. Біздің президентіміз мемлекет басында отырғанда жазған алғашқы кітабы – «Без правых и левых». Ол 1991 жылы Мәскеуде, «Молодая гвардия» баспасында 254 бет болып жарық көрді.

[Сол жылы бұл кітап «Ақиқаттың ақ жолы» деген атаумен Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан қазақ тілінде шықты. - Азаттық]

Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы кітабы – «Қазақстандық жол» деп аталады. Ол 2006 жылы шықты. Назарбаевтың барлық кітаптары Қазақстан азаматтарына жақсы таныс және белсенді түрде оқылады. Жоғары сынып оқушыларынан бастап жоғары оқу орындарының студенттері, профессорлары, зейнеткерлерге дейін біздің президентіміздің кітабына қызығушылық танытады.

Мынаны айта кету керек. Назарбаевтың еңбектері тек ТМД елдерінің тілдеріне ғана емес, негізгі әлемдік тілдердің барлығына аударылған. Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаевты түрік, ағылшын, француз, неміс, қытай, венгр, поляк, болгар, араб, испан тілдерінде оқиды».
Назарбаевтың барлық кітаптары Қазақстан азаматтарына жақсы таныс және белсенді түрде оқылады. Жоғары сынып оқушыларынан бастап жоғары оқу орындарының студенттері, профессорлары, зейнеткерлерге дейін біздің президентіміздің кітабына қызығушылық танытады.


Ұлттық кітапхана бас директорының орынбасары Зарема Шаймарданова Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары шетелдерде сол мемлекеттердің бастамасымен аударылып, шығарылады деп сендіреді. Өйткені, олар үшін реформатор Назарбаевтың тұлғасы, экономикадағы және әлеуметтік саясаттағы оның керемет табыстары өте қызықты деп есептейді ол. Және батыс жұртшылығы оның кітаптарын ықыласпен оқитынын айтады.

Білім мен мәдениет саласындағы ресми тұлғаның президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектері туралы осындай көтеріңкі пікірлерінен соң біздің тілшіміз келесі сұрағын президенттік «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласы бойынша идеологиялық және қоғамдық-саяси жұмыстар жөніндегі меңгерушісі Гүлнара Сәменбековаға қойды.

– Бұрындары коммунистер партиясы бүкіл ел бойынша «Ленин, Брежнев оқуларын» өткізетін. Айтыңызшы, сіздердің партия өздерінің пікірлестері, студенттер арасында, еңбек ұжымдарында «Назарбаев оқуларын» өткізе ме?

Президенттік «Нұр Отан» партиясының жауапты қызметкері Азаттық радиосы тілшісінің төтеден қойған сұрағына абдырай қойған жоқ. Гүлнара Сәменбекова былай деп жауап берді:

«Иә, әрине. Бірақ, дәл бұрынғы коммунистер жүргізгендей емес, әрине. Дегенмен Назарбаевтың еңбектерінің насихаты белсенді түрде жүргізіледі. Еңбек ұжымдарында да, студенттер арасында да».

Алайда, тілшіміздің келесі сұрағы президент партиясының идеологиялық қызметкерін қалай болғанда да аздап абдыратып тастады:

– Алматыда мен ондаған кітап дүкендерін аралап шықтым. Бірақ, тек «Академкітап», Мега орталықтың кітап бөлімі тәрізді үлкен дүкендерде ғана маған Назарбаевтың кітаптарын ұсына алды. Басқаларында ол жоқ. Ондағы бары да «Қазақстандық жол» атты бір ғана кітап. Бағасы да 6 мың теңгеден асады (шамамен 40 доллардай). Қалай ойлайсыз, орташа қазақстандық бұл кітапты осындай бағамен сатып ала алады ма?

Гүлнара Сәменбекова бұл мәселеде ағаттықтың кеткеніне келісіп, партиялықтар бұны қаперге алып, шара қолдануға тырысатындықтарын айтты. Бірақ, соңынан Назарбаевтың кітабын сатып алғысы келгендер оны әрқашан тауып, сатып ала алатындығын қосып қойды.

СТУДЕНТТЕР ЖАЗУШЫ НАЗАРБАЕВТЫҢ КІТАПТАРЫН ОҚЫМАЙДЫ

Егер, Ұлттық кітапхана бас директорының орынбасары Зарема Шаймарданованың, «Нұр Отан» партиясының идеологиялық және қоғамдық-саяси жұмыстар жөніндегі меңгерушісі Гүлнара Сәменбекованың, «Хабар» арнасының, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің хабарларына сенсек, онда жазушы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрбір кітабы «қазақстандықтардың жаппай қызығушылығын туғызған» болып шығады.

Бұл шындығында солай ма? Бұл сұраққа жауап алу үшін біздің тілшіміз ең алдымен жастарға, Қазақстан жоғары оқу орындарының
Студенттер президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жағымпаздық әрекеттеріне қарсы «Нұр Отан» партиясы ғимаратының алдында наразылық акциясын өткізіп тұр. Алматы, 3 ақпан 2009 ж.
түлектері мен студенттеріне сауал қойды. Нұрсұлтан Назарбаевтың идеяларымен олар қаруланбағанда басқа кім қаруланбақ?

Алматыдағы әртүрлі жоғары оқу орындарының бірнеше студенттерімен тілдескен соң Азаттық радиосының тілшісі олардың барлығы Назарбаев деген жазушы туралы естігенін, ол адам Қазақстанның президенті болып қосымша жұмыс атқаратынан хабардар екендігі білді.

Бірақ, олардың ішінде Назарбаевтың шығармаларын оқымақ түгілі, қолына ұстамағандар да бар болып шықты. Оның үстіне, олардың айтуынша, олар ешқашан Назарбаевтың кітаптары бойынша рефераттар да, курстық жұмыстар да, баяндамалар да жазбаған.

КЕЙБІР СТУДЕНТ ЖАСТАРДЫҢ ПІКІРЛЕРІ


Муниципалдық басқару институтының бұрынғы түлегі, экономист Кенжехан Әбенов:

– Мен Назарбаевтың бір ғана кітабын, онда да оқытушының кеңес беруімен қарап шықтым. Былайша оны ешқашан оқыған емеспін. Назарбаевтың шығармалары жоғары оқу орнының бағдарламасына енген емес.

Архитектура-құрылыс академиясының ІІІ курс студенті Ерлан:

– Ешқашан оқыған емеспін. Тарихтан да, басқа қоғамдық пәндерден де курстық жұмыстар, рефераттар жазған емеспін. Бізден бұны талап еткен жоқ.

«Тұран» университетінің студенттері Ирина мен Алмат:

– Жоқ, жоқ, не деп тұрсыз! Біз оқыған да, өткен де жоқпыз.

Техникалық және гуманитарлық жоғары оқу орындарының студенттері осылай деді. Болашақ инженерлер, мұнайшылар, экономистер сияқты болашақ тарихшылар, филологтар, журналистер де осындай жауап айтты.

Мүмкін, Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптарын болашақ саясаттанушылар оқып жатқан болар?

Алматыдағы Қазақ Ұлттық Университеті саясаттану факультетінің 1998 жылғы түлегі, саясаттанушы Андрей Чеботарев былай деді:

– Біз де университетте Нұрсұлтан Назарбаевтың шығармаларын ешқашан оқыған емеспіз. Кей кездері кейбір оқытушылар Назарбаевтың жаңа кітабының шыққанын айтып, бізге оны оқып шығуға кеңес беретін. Бірақ бұл міндетті емес болатын. Алайда, бүгінде саясаттанушы ретінде, Қазақстандағы идеологиялық, экономикалық және саяси реформалардан хабардар болу үшін мен оларды оқуға міндеттімін. Барлығы бірдей емес, бірақ Назарбаевтың негізгі кітаптары менде бар.

Егер Алматыдағы ірі жоғары оқу орындарының студенттері Назарбаевтың еңбектерімен таныс болмаса, аймақтық оқу орындарында не болып жатқанын түсіну қиын емес.

КЕЙБІРЕУЛЕР НАЗАРБАЕВ ӨЗ АТЫНАН ШЫҚҚАН КІТАПТАРДЫҢ АВТОРЫ ЕМЕС ДЕЙДІ

Сонда жазушы-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптарын кім оқиды? Ол кім үшін жанын салып бір кітаптан соң екіншісін томпылдатып жазып жатыр? Біз енді халықтың қалың ортасына бару керек деп шештік. Мүмкін қарапайым еңбеккерлер мемлекет басшысының шығармаларының авторлығына байланысты көзқарастарымен бөлісер?

Өкінішке қарай, бұл жерде де мүлт кеттік. Журналистік сұрау салу дүкендерде, Алматының көшелері мен аялдамаларында жүргізілді. Назарбаевтың кітаптары туралы біздің тілшіміздің қойған сұрағынан соң респонденттер мықтағанда ыңғайсызданып бұрылып кетіп жатса, бәзбіреулері наразылықпен күңкілдеп жатты. Солай болса да кейбіреулері сұрақтарға жауап берді.

Анатолий, 27 жылдық еңбек өтілі бар құрылысшы. Ол Нұрсұлтан Назарбаев кітаптарды өзі жазады дегенге сенбейді екен:

– Өзіңіз қарап көріңіз. Мен төрт жылдан бері Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігін» оқып шыққым келеді, бірақ бәрібір оқып шыға алмай жатырмын. Ал Назарбаев таңертеңнен кешке дейін президенттік істерімен айналысады. Сонда ол кітаптарды қашан жазып үлгерген?
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (прездиенттің ресми сайтындағы сурет).
Оған жазып береді, ал ол фамилиясын қояды. Бүгінде біз Леонид Ильич Брежневке «Кіші жерді», «Қайта өрлеуді», «Тыңды» кім жазып бергенін білеміз. Назарбаев та өзінің бұрынғы кумирі тәрізді жазушы.

Алған білімі бойынша тарихшы Қылышбек Асқарұлы біздің сауалымызға алдымен шын пейілімен қарқылдап күліп алды. Содан соң былай деп жауап берді:

– Батыста әлемдік деңгейдегі саясаткерлер бүкіл өмірінде бір, екі, ары кетсе үш кітап жазады. Содан соң, негізінен өздері жазады. Егер оларға біреулер көмектессе, мынадай ғалымдар, саясаттанушылар, тарихшылар, саясаткерлер кітапты жазғанда жақсы көмектесті деп жазып қояды. Мысалы, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчер бірнеше жыл бұрын кітабын шығарды. Мен бұны өте мықты кітап дер едім. Ол кітап «Мемлекетті басқарудың өнері» деп аталады. Бізде ол орысша аудармамен шықты. Қазақстанда емес, Ресейде.

Міне, әлгі кітаптың кіріспе сөзінде Тэтчер оған кітапты жазуға көмектескен елдегі танымал біраз адамдарға алғысын білдіреді. Шамамен қырық адамдай. Олардың көмегінсіз бұл кітапты жаза алмаған болар едім дейді ол. Содан соң мен біздің елімізде Тэтчердің кітабының айналасында айғай-шу болғанын естіген емеспін. Қайталап айтамын – кітап өте тамаша. Бұны мен Батыс оқырмандары Назарбаевтың кезекті кітабын шыдамсыздықпен тосып отыратындығына сенемін бе деген сауалыңызға жауап ретінде айтып отырмын. Менің күлкімді келтірмеңізші. Біздегілер батыстың ұлы саясаткерлерінің кітабын оқи қоймаса, батыс оқырмандары біздің, кешіріңіз, ұсақ-түйек автократымызға қызыға қояды деп ойлайсыз ба?

Аты-жөнін атағысы келмеген экономист Батыста шығып жатқан Назарбаевтың барлық кітаптары Қазақстан экономикасына тек шығын әкеледі дегенді сеніммен айтты.

«Олардың барлығы тек президенттің имиджі үшін ғана шығарылады», – деді ол.

Қалған респонденттер де шамамен осылай жауап берді. Азаттық радиосының тілшісіне жазушы Нұрсұлтан Назарбаевтың талантына табынушыларды табу бәрібір мүмкін болмады.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖАЗУШЫЛЫҒЫН ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАРЫ МЕНСІНЕ ҚОЙМАЙДЫ

Бұдан соң Азаттық радиосының тілшісі жазушылардың өздеріне жүгінуді жөн көрді. Жаңа буын жазушысына айналған Назарбаевтың әріптестеріне. Өкінішке қарай, бұл жерде де біздің көңіліміз қайтып қалды.

Қазақстан Жазушылары одағының ғимараты, Алматы.
Көпшілігі сауалымызды естіген соң сыпайы ғана осы жерде тоқтап, ары қарай тақырыпты жалғастырмауымызды өтінді. Қойған сауалымызға «Ол не, жазушы ма?» немесе «Сонда ол соншалықты қызықты не жазыпты?» деп сұрақпен жауап бергендер болды.

Жазушылардың бірі қынжыла отырып былай деді: «Назарбаев Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтың әруақтарын қорлады. Не үшін ол Қазақстан әнұранына қосалқы автор бола қалды? Ол қандай ақын? Өмірінде өлең жазып көрген жоқ. Бір-екі сөз қосып, бір-екі сөзін өзгертті, бітті. Осыдан кейін қосалқы автор, ақын бола қалды. Мен де Әуезовтың, Достоевскийдің кез-келген шығармасына аздаған өзгерістер енгізе аламын. Сонда мен қосалқы авторлыққа ұмтылуым керек пе? Кез-келген корректор мұнымен күн сайын айналысып жатыр. Ақымақтық».

Бірақ жазушылардың көпшілігі жауап беруге құлық танытпай, мұндай сұрақпен мазаламауымызды өтінді.

ПРЕЗИДЕНТШІЛ САЯСАТТАНУШЫ МЕН НАЗАРБАЕВТЫҢ КУРСТАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕ ПІКІРЛЕРІ

Осы сұраққа жауап табу мақсатымен біз тағы екі адамға қолқа салдық. Оның біреуінен Назарбаевты жақтырмайды деп күдіктенуге болмайтын болса, екіншісінен алдын ала белгіленген ой айтады деп күдіктенуге болмайды. Біріншісі – қазіргі билік пен Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өзінің жақтаушысы болса, екіншісі – Назарбаевпен бір тілім нанды бөліп жеген, оған реферат жазуға көмектескен, оның бұрынғы курстасы.

Қазақстан президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы ғылыми-зерттеу институтының бұрынғы директоры, саясаттанушы Әзімбай Ғали Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары халыққа өте қажет, оны оқып, зерттеу керек деп есептейді. Бірақ, ол кітаптың шынайы
Әзімбай Ғали, саясаттанушы. Алматы, наурыз, 2009 ж.
авторлары президенттің спичрайтерлері дегенді қосып қойды.

Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың белсенді жақтаушысы Әзімбай Ғали былай деді:

«Меніңше, мемлекет қайраткерлерінің арасында жеке дара автор болатындар сирек. Асылы, Назарбаев идея мен концепцияның авторы. Ал, спичрайтерлер осы идеяларды кітапқа айналдырады. Кейбір жерлерін оның өзі жазуы да мүмкін. Сондықтан да оның өзін автор деп санауға құқы бар».

Зейнеткер Совет Оралбаев бір кездері Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Алматы жоғары партия мектебінде (ЖПМ) оқыған. Олар бірге тұрып, жақсы араласқан. Сондықтан ол Нұрсұлтан Назарбаевты жақсы біледі.

Назарбаевтың курстасы Совет Оралбаевтың пікірін тыңдап көрелік.

– Біз Назарбаевпен жоғары партия мектебінде бірге оқыдық. Онда ол Теміртаудағы металлургия комбинаты партия ұйымының хатшысы болып жұмыс істеді. Мен Алматы облысы Балқаш аудандық партия комитетінің хатшысы болатынмын. Біз емтихандарға бірге
Совет Оралбаев Нұрсұлтан Назарбаевпен жоғары партия мектебінде бір курста оқыған. Алматы, маусым, 2009 ж.
даярландық. Кейде бір бөлмеде, кей кездері көрші бөлмелерде тұрдық. Әр сессия басталар алдында ол маған телефон шалып, менің жанымнан немесе көрші бөлмеден орын алып қоюымды сұрайтын.

Мен сол кездердің өзінде поэзияға, әдебиетке қызығушылық танытып, өлеңдер жазатынмын. Бірақ Назарбаевтың ондаймен айналысқанын байқаған емеспін. Қалай болғанда да ол әдебиетке, жазушылыққа бейімі бар екендігін айтқан емес. Егер оның мұндай қасиеттері болса, мен оны байқаған болар едім.

Бірақ, адам ретінде ол өте қабілетті еді. Жақсы ұйымдастырушы болатын. Менің тағы бір байқағаным, Назарбаевтың есте сақтау қабілеті мықты еді. Жоғары партия мектебін екеуіміз де қызыл дипломмен бітірдік. Мақтанғаным емес, мен Назарбаевқа оқу барысында жиі көмектесіп тұратынмын. Қалай дегенмен мен ҚазМУ-дің философия факультетін бітірдім ғой. Ал Назарбаев Теміртаудағы кешкі ВТУЗ-да оқыған. Маған оқу оңайлау болды.

Назарбаев қаншалықты қабілетті болса да бұл кітаптардың барлығын жазуы мүмкін емес. Бұған бір адамның шамасы келмейді.
Жақында жоғары партия мектебінің түлектері жайында естелік кітабы жарық көрді. Сол жерде бұрынғы проректор Журавлев ең мықты студенттер Назарбаев пен Оралбаев болды деп жазды. Яғни, президент пен алдыңызда отырған пақырыңыз.

Мен не айта аламын? Назарбаев қаншалықты қабілетті болса да бұл кітаптардың барлығын жазуы мүмкін емес. Бұған бір адамның шамасы келмейді. Оның кітабымен көптеген адамдардың жұмыс істейтіндігіне мен сенімдімін. Өзіңіз ойлап қараңыз. Мен мамандығым бойынша философпын. Зейнет демалысындамын. Кішкене ғана кітапты жазып шығуға менің үш жыл уақытым кетті, – деп аяқтады әңгімесін президенттің бұрынғы курстасы Совет Оралбаев.

Азаттық тілшісімен әңгімелескендердің кейбіреулері Назарбаев өзінің жалған жазушылық шығармашылығымен Қазақстанды советтік тоқыраудың өткеніне қайтып әкелді деген пікірде. Кейбіреулері Назарбаевтың жеке басына табынушылық өсіп келе жатыр деп санайды. Бұл әңгіме жалғасын күтіп тұр.
XS
SM
MD
LG