Accessibility links

Алматының соты бұл істі бастай алмаған күні Киевтегі сот Байсақовтарға қолдау білдірді


Киевтің апелляциялық соты ағайынды Байсақовтарға саяси босқындар ретінде мәртебе берілуінің заңдылығын растады. Дәл сол күні, 22 қаңтарда Алматыда оларды жасырып жүр деген айып тағылып отырған оппозиция көшбасшыларының соты басталмай жатып, кейінге шегерілген болатын.

22 қаңтар, бейсенбі күні Киев қаласының апелляциялық соты Украинаның бас прокуроры орынбасарының талап арызы бойынша Есентай және Жұмабай Байсақовтардың ісін қарады.Сотта ағайынды Байсақовтарға саяси босқын мәртебесінің берілуі және бас прокурордың ол шешімге қарсы болуы қаралды.

Сол бейсенбі күні Киевтің апелляциялық соты Украинаның бас прокуроры орынбасарының талап арызын қанағаттандырмай, Киев қаласы әкімшілік сотының Байсақовтарға қатысты шешімін күшінде қалдырды. Демек, бірінші инстанциядағы сот шешімінің заңдылығы кезекті рет расталды.

Киевтегі “Петро Бойко и партнеры” адвокаттық кеңсесінің жетекшісі Петр Бойконың Азаттық радиосына айтқанына қарағанда, Киевтегі апелляциялық сот сонымен бірге, ағайынды Байсақовтарға Украинада саяси босқындар мәртебесінің берілуі заңды, олардың Украина территориясында болуы негізді деп тапқан. Оларды Украина емес, Украина заңдары қорғауда. Соған сәйкес, Қазақстан билігіне тапсырылмайды.

Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұхбатында Петр Бойко тағы да бір қызықты мәселені айтып өтті:

«Маған белгілі болғанындай, Украинаға Астанадан екі жоғары лауазымды шенеунік келген. Менің білуімше олар ағайынды Байсақовтарды Қазақстанға алып кетеміз деген нық сеніммен келген. Мен мұны білдім. Ағайынды Байсақовтардың ісін Киев соты қарап жатқан күн - олардың Украинаға келген күнімен сәйкес болды. Мен олардың Киевке келуінің кездейсоқтық емес екеніне күмәнім жоқ. Олар Киевке ағайынды Байсақовтарды экстрадациялайтынына сенімді болып келді, бірақ оларсыз қайтатын болды.

Мен олар қалай да, тіпті заңсыз жолмен болса да, ағайынды Байсақовтарды Қазақстан территориясына алып кету мақсатымен келген деп ойлаймын».

Мен таңданысымды жасыра алмаймын. Неліктен? Себебі мәселе бұл жерде тіпті Украинада да емес. Сот қандай шешім шығарса да Украина оларды экстрадиция жасай алмайды. Мұның себебі қарапайым ғана.

Ағайынды Байсақовтар адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотқа шағымданған. Өз кезегінде Еуропалық сот Украинаға іс Еуропа сотында қаралғанға дейін ағайынды Байсақовтарды Қазақстанға беруге тыйым салды, яғни олар экстрадициялауға жатпайды.

Осылайша Еуропалық сот құқық қорғау органдарын, атап айтқанда Украинаның бас прокуратурасын ағайынды Байсақовтарды Қазақстанға бермеуге міндеттеді. Яғни, Халықаралық конвенцияның Еуропалық сот және адам құқығын қорғау туралы жалпы декларациясының 39-бабын қолданды.

Бұл құжаттарда Еуропалық сот сұрап отырса, ешкімнің экстрадициялай алмайтыны нақты белгіленген. Сондықтан да мәселе мұнда Украинада да емес. Тіпті Украина мұны қалап, соған сәйкес соттың шешімі болса да, адам құқықтары бойынша Еуропалық сот пен оның Украинаның құқық қорғау органдарына жасаған мәлімдемесі бұған кедерді келтіреді».

Қорғаушы Петр Бойконың сөзіне қарағанда, Киев сотының шешімі күшіне енді және ол барлығы үшін міндетті. Петр Бойко былай деп хабарлады:

« Украинаның конституциясына (129-бап) сәйкес, сот шешімі барлығына міндетті және бәрі де орындауы тиіс, оның ішінде Бас прокуратура да.

Алайда ол Жоғарғы әкімшілік сотқа арыз беру құқынан айрылмаған, демек кассациялық шағым беріп, сот шешімін кассациялық тәртіппен өзгерте алады. Бірақ сот шешімінің міндетті күшін бұл кассация жоққа шығара алмайды. Шағымдана алады, бірақ дәл осы жағдайда мәртебесі мүлдем басқаша болады.

Егер ағайынды Байсақовтардың ахуалы бұған дейін солқылдақтау болып келсе, қазір олардың жағдайы айқын және түсінікті».

Киевтегі “Петро Бойко и партнеры” адвокаттық кеңсесінің жетекшісі Петр Бойко аса қауіпті қылмыскерді жасырып отыр деген айып тағылған оппозиция көшбасшылары Болат Әбілев, Асылбек Қожахметов және Төлен Тоқтасыновтарға қатысты қылмыстық іс бойынша тыңдаудың Алматыда 22 қаңтар күні басталмақшы болғанынан хабардар екен.

«Мұны жай ғана құқықтық сандырақ деп айта салуға болмайды. Бұл соншалықты.... Құдай сақтасын, ешкімді де ренжіткім келмейді. Бұл ақылға сыймайтын нәрсе. Бұл өркениетке жатпайды, мәдениетсіздік және т.б. сол сияқты. Маған мұны айтып түсіндірудің өзі қиын. Өйткені «қылмысты жасыру» деп жүргендері, басқаша айтқанда, мемлекеттің өз азаматтарына жасаған қарсы қылмысы болып табылады».

Құқықтық-қылмыстық құрал дегеніміз не? Ол қылмысқа, қылмыскерге қарсы бағытталуы қажет. Алайда бұл қалыпты құқықтық-қылмыстық құрал азаматтарға қарсы бағытталып отыр, яғни бұл мемлекеттің өз күшін қолдануы. Бұл шоқпар сілтегенмен бірдей. Бұл соғыс гранатасын ұстаған маймылды еріксіз еске түсіреді.

Яғни нәтижесі ешкім күтпегендей болуы ықтимал. Сондықтан да мен көп нәрсе айта беруім мүмкін, менің алаңдаушылығымды түсінесіздер деп ойлаймын. Себебі, бұл мен үшін тіпті, жабайылық. Алайда бұлай болуы мүмкін емес. Бірақ бұл Қазақстанда болып жатыр ғой?!

Осындай қылмыстық істі қозғаған ресми тұлғаларға, сол “ іс-сымақты” қарап отырған сотқа бұл тым ұят болуы қажет. Бұл жағдайда құқықтық тұрғыдан бірнәрсе айтуға болмайды және ештеңені түсіндірудің де қажеті жоқ. Себебі, онда құқықтың иісі де жоқ. Біз мұны талқылауымыз мүмкін, алайда түсіне алмаймыз».

Кезінде Украина үкіметінен ағайынды Байсақовтарға саяси баспана беруді сұрағаны себепті Болат Әбілев, Асылбек Қожахметов және Төлен Тоқтасынов Есентай мен Жұмабай Байсақовтарды жасырды деп айыпталып отыр.
Астана ағайынды Байсақовтарды 2001 жылғы павлодарлық кәсіпкер Борис Костановтың өліміне қатысы бар деп айыптайды.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG