Accessibility links

Мектеп қазандығында от жағушының біреуі қаза тапқан соң ғана оның желдеткіші алмастырылған


Қаңтардың 23-і күні Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының Өрнек ауылында облыс әкімі келер алдында төтенше оқиға болды. Мектеп қазандығында иіс тиген бір адам көз жұмып, бірнеше кісі ауруханаға жеткізілді.Дәрігерлердің айтуынша, олардың денсаулықтары түзеліп келеді.

Тиісті орындар бұл оқиға жайында көп жайтты ашып айтпай отыр. Ауыл тұрғындары қайғылы оқиғадан әлі естерін жия алар емес. Олардың бірінің айтуынша, алдымен сол күні мектеп қазандығында жұмыс істеген адам ауырып қалып, үйіне барған да, өз орнына жұмысқа баласын жіберген. Бірақ, арада аз уақыт өткен соң ол бала да өзін жайсыз сезініп, оны үшінші адам алмастырған. Сол адам қазір ауруханада жатыр. От жағушылар ауырып қалған соң, кезекпен қазандық от жағу мұғалімдерге жүктелген.

Сол күні от жағушылардың бірі Сержан Абашев есін жимастан ауруханаға жетпей, жолда қайтыс болды. 37 жастағы азамат әлі отбасын құрып үлгермеген екен. Оның ата-анасына материалдық көмек көрсету үшін арнайы комиссия құрылыпты.

«Тұрғындар алдында есеп беруге облыс әкімі келеді деп, соған дейін дұрыс істемей тұрған екінші пешті қосты. Біреуінің желдеткіші шала істейтін, ал екінші пеште желдеткіштің бар-жоғын білмеймін. Осы қайғылы оқиғадан кейін ғой бірден бәрін қалыпқа келтірді - жаңа желдеткіш орнатты» , - дейді қайтыс болған Сержанның анасы Мария Абашева.

Қазір қайғылы жайттың себептері тексеріліп жатыр. Аудан басшылығы мен мектеп әкімшілігі Өрнек орта мектебінде ендігі жағдай қалыпты деп отыр.

«Тиісті мекемелердің өкілдерінің қатысуымен тексеріс жүруде. Қазір құжаттар жасалып жатыр. Мектебіміздің қазандығы барлық талаптарға сай. Сараптама қорытындысы әлі шыққан жоқ. Сондықтан, әзірге төтенше жағдайдың себебін айта алмаймын», - деді Есіл ауданы әкімінің орынбасары Айнагүл Бектасова.

Өрнек орта мектебінің директоры Сайран Бекмағанбетов:

«Жылда пайдаланып жүрген көмір. Алты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл жылу қазандығында осыған дейін ешқандай мұндай жағдай болған емес. Жұмысшы-қызметкерлердің бәрі де қауіпсіздік техникасы ережелерімен таныс, ол туралы қойған қолдары бар», - дейді.

Қазір Өрнек орта мектебінің мұғалімдері әр екі сағат сайын бірін-бірі алмастырып, қазандықта кезекшілік атқарады. Бұл – сақтық шарасы. Соның салдарынан кейбір пәндер сабақ кестесінен уақытша алынып тасталған.

Ауыл шағын ғана болғанымен, осы оқиғадан нақты неше адамның зардап шеккенін білу мүмкін болмады. Ауыл әкімі, мектеп директоры және хатшы қыздың үшеуінің сөзі үш түрлі шықты. Бірі ауруханаға алты адам түсіп, қазір үшеуі ем қабылдап жатыр десе, екіншісі екі мұғалім зардап шеккенін айтады, ал үшіншісі «бес адам ауруханаға түскен болатын, үшеуі бүгін үйіне келді» деген жауап айтады.

Мән-жайды білмек болып Явленка орталық ауруханасына хабарластық.

«Қазіргі таңда бізде Өрнек ауылынан бір адам ғана ем қабылдап жатыр. Иіс тиіп уланған деген диагноз қойдық. Қайғылы қаза болған күні қалған төрт от жағушы да ауруханаға жеткізілген еді. Олардың бәрін тексердік, қажетті анализдерді алдық. Қазір олардың бәрі үйлерінде», - деді бас дәрігер Александр Барабаш.

Ал ауруханада ем қабылдап жатқан сырқат белгісіз себептермен бізбен сөйлесуден бас тартты. Тіпті, ауыл тұрғындары да болған оқиға туралы айтудан тартынады.
XS
SM
MD
LG