Accessibility links

Қазақстан – адам құқықтарын шектеуші елдер қатарында


Сотталған құқыққорғаушы Евгений Жовтис бейнеленген шар.
Сотталған құқыққорғаушы Евгений Жовтис бейнеленген шар.

Маусымның 3-і күні Халықаралық Freedom House ұйымы жыл сайын қалыптасқан дәстүр бойынша әлемдегі адам құқықтарын ең қатты шектеп отырған елдердің тізімін жариялады. Қазақстан биыл бұл тізімде тағы да бірнеше сатыға құлдырай түсті.


«Фридом Хауз» барлық мемлекеттерге азаматтық қоғам қалыптастыру мен адам құқығын қорғаудағы немқұрайдылығы үшін бірден жетіге дейінгі аралықта балл қойып шыққан. Азаматтық бостандық пен саяси құқықты шектеу бойынша жеті-жетіден ең жоғары он төрт балл жинаған он ел мен бір территория мыналар – Бирма, Шығыс Гвинея, Эритрея, Ливия, Солтүстік Корея, Сомали, Судан, Түрікменстан, Өзбекстан және Тибет. Бұлардан бір ғана ұпай қалып тұрған сегіз елге Беларусь, Чад, Қытай, Куба, Гвинея, Лаос, Сауд Арабиясы мен Сирия жатады.

Аталмыш ұйымның бақылауы бойынша Қазақстанда биыл адам құқығын аяққа таптау тіпті күшейе түскен. Саяси құқық бойынша - алты, ал азаматтық бостандық жөнінен бес балл қойылған. Бұған себеп ретінде аталған маңызды факторлар – сыншыл көзқарасы үшін тәуелсіз БАҚ-ның сот алдында жауапқа тартылуы, интернетті пайдалануды шектейтін заңның қабылдануы, шенеуніктер мен іскер адамдардың жаппай әділетсіз түрде тұтқындалуы және құқық қорғаушы Евгений Жовтиске қатысты біржақты сот үкімінің шығуы.
Қазақстан президенті "Нұр-Отан" партиясының жетекшілерімен кездесіп отыр. Астана, 11 мамыр 2010 ж.

Қазақстанға қатысты қорытынды есепте президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның «Нұр-Отан» партиясының елдегі саяси сфераны жеке-дара билеп-төстеу үшін және азаматтық қоғамды тұншықтыру мақсатында жоғарыда айтылған репрессивті тәсілдерді қолданғаны баяндалады. Бұл үрдістің тіпті Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық етіп отырған кезде де тоқтамағанына баса назар аударылады. Сонымен қатар Қазақстан президентінің өкілетін барынша кеңейту туралы 1998 жылғы қазан айынан бері Конституцияға енгізілген бірнеше түзетулер мен өзгерістерге сілтеме жасалып, 2005 жылдан бері қолдан өлген бірнеше саяси қайраткерлердің жағдайы сипатталады. 2007 жылы елден қашып шыққан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабындағы мәліметтер де қаперге алынған.

Қазақстанның әлемдік саясаттағы салмағы ауыр ірі мемлекеттердің барлығымен әріптестік қарым-қатынас сақтап қалғанына да назар аударылған. Әсіресе, Қытаймен энергетикалық салада тығыз байланыс орнатқаны, Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетіп отырғаны аталып өткен.

Саяси құқық пен азаматтық еркіндікке қатысты тарауда Қазақстанның сайлау жүйесіне сүйенген демократиялық елге айнала алмағаны ашық жазылған. Құжатта Астананың жемқорлықпен күреске қатысты да бір сүйем алға ілгерілемегені тілге тиек етілген.
Сөз бостандығы үшін өткен митинг. Алматы, 24 маусым 2009 ж.

Қазақстан билігінің тәуелсіз баспасөзге қарсы қолданған түрлі қоқан-лоққы мен айла-шарғы әрекеттеріне мысал ретінде «Тасжарған» мен «Республика» газеттерін күйретіп кеткен айыппұл салу туралы сот шешімдері, Рамазан Есіргеповтың қамалуы мен қырғыз журналисі Геннадий Павлюктің қазасы келтірілген.

Астана «.kz» доменіндегі барлық веб-сайттарды БАҚ-0а теңегендіктен интернет саласындағы ақпарат алмасу процесіне кедергі қойылғаны және бірқатар электрондық ақпарат құралдарының кибер-шабуылға ұшырағаны назардан тыс қалмаған.

Бұдан басқа Қазақстандағы діни бостандық пен этникалық азшылықтардың құқығын қорғау мәселесінің де кемшін түсіп жатқаны, ҮЕҰ-ның қызмет аясының тарлығы туралы айтылады. Елден сыртқа қашқан бұрынғы банкир, әрі шенеунік Мұхтар Әблязовқа қатысты қозғалған қылмыстық істің негізінде көптеген жазықсыз адамдардың саяси себептер үшін түрмеге түскені де айтылған. Белгілі қазақ саясаткері Алтынбек Сәрсенбаевтың қазасына тікелей қатысы бар деп сотталған бұрынғы Сенат аппараты жетекшісі Ержан Өтембаевты тергеу кезінде түрлі қысым жасалды деп атап көрсетеді "Фридом Хауз".
XS
SM
MD
LG