Accessibility links

Ірі жобадан үлеске ие болуды көздеген Астана жер қойнауын игеріп жатқан шетелдіктерді қыса бастады


«Қарашығанақ петролеум» халықаралық консорциумына қарасты мұнай өңдеу зауыты. 13 маусым 2006 жыл.
«Қарашығанақ петролеум» халықаралық консорциумына қарасты мұнай өңдеу зауыты. 13 маусым 2006 жыл.

Қазақстан үкіметі бірқатар шетелдік мұнай компанияларымен жасасқан келісім-шарттарды қайта қарауда. Ел аумағындағы ең ірі мұнай-газ кенішінде жұмыс істейтін компанияға қысымды күшейткен Қазақстан бұл жобадан өз үлесін алғысы келеді.


МИНОРИТАРЛЫҚ МҰРАГЕР

Қазақстанның мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев сәрсенбі, сәуірдің 21 күні, Қазақстан үкіметі мен шетелдік мұнай компаниялары арасындағы қол қойылған келісім-шарттардың баптарын қайта қарау жөніндегі жоспардың елдегі ең ірі мұнай өндіру жобасына, яғни Қашағанға қатысы болмайтындығы туралы мәлімдеді деп хабарлайды Рейтер агенттігі.

Биылғы жылдың басында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мұнай компанияларына салық жеңілдіктерін беретін, бұған дейін қол қойылған келісім-шарттар қайта қарастырылуы керек деп мәлімдеген болатын. Алайда ол бұндай өзгерістер нақты қай компанияға қатысты болатындығы туралы ашып айтпаған еді.

Каспий теңізі табанындағы Қашаған мұнай кеніші әлемде соңғы 40 жыл ішінде ашылған мұнай кеніштерінің ішіндегі ең ірісі болып табылады. Мұнда мұнай өндіру жұмыстары өнімді бөлісу туралы келісім деп аталатын арнайы келісім-шартқа сай атқарылуда. Қашағанды Eni, Shell, ConocoPillips, ExxonMobil, Inpex пен «ҚазМұнайГаз» компаниялары бірлесіп игеріп жатыр. Кеніште коммерциялық мақсатта мұнай өндіру 2013 жылы басталмақ.

Мұнай компанияларына салық жеңілдіктерін беретін келісім-шарт негізінде игеріліп жатқан басқа бір жоба – Теңіз мұнай кеніші. Онда Chevron компаниясы жұмыс істеп жатыр. Ал екінші бір жоба – Қарашығанақ кенішіндегі мұнай-газ өндіруді құрамына Eni, BG, Lukoil және Chevron компаниялары кіретін халықаралық консорциум атқаруда деп жазады агенттік.

Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев Теңізді игеру ісіне қатысты түсінік беруден бас тартқанымен, Қарашығанаққа байланысты «кең ауқымды қамтитын» мәселелер туралы қызу келіссөздердің жүріп жатқанын тілге тиек еткен. Бұған дейін Қазақстан үкіметі Қарашығанақ кенішін игеріп жатқан халықаралық консорциумды салық төлеуден жалтарды деп айыптап, ел аумағындағы ең ірі газ өндіретін компаниядан үлес иеленбек ниеті бар екенін де жария еткен-тін. Ал консорциум, оған жауап ретінде, ешқандай заңды бұзбағандығын алға тартады.

ҮЛЕС ҮШІН КҮРЕС

Осыдан сәл бұрын «Блумберг» агенттігі «Қарашығанақ петролеум» мұнай өндіру кәсіпорынының Қазақстан сотының шығарған шешімімен келіспей, апелляциялық шағым арыз бергенін хабарлаған еді. Аталған сот шешімі бойынша кәсіпорынның екі қызметкері салық төлеуден жалтарған деп айыпталып сотталған болатын.

Қазақстанның құқық мекемелерінің айтуына қарағанда, аталған сот үкімі негізінде «Қарашығанақ петролеум» компаниясының қызметкерлеріне салық декларациясын жалған мәліметпен толтырғаны үшін айып салынып, биылғы жылғы наурыздың 4-күні екеуі де үш жылға шартты мерзімге бас бостандығынан айырылып сотталған. Осы адамдардың іс-әрекетінің салдарынан корпорация табыс салығы мен қосылған құн салығын төлемеген дейді құқық органдарының өкілдері.

«Қарашығанақ петролеум» консорциумының басшылығы «компания да, оның қызметкерлері де еш уақытта салық төлеуден жалтарған емес» деп мәлімдеді. «Блумберг» агенттігінің ақпараты бойынша, аталған компанияның капиталынан үлес иемденуді көздеген Қазақстан үкіметі соңғы уақыт ішінде оған қысымды күшейте бастаған.

Елдегі ең ірі мұнай мен газ өндіру кәсіпорындарының арасында тек осы компанияда ғана әзірге Қазақстан үкіметінің үлесі жоқ. Биылғы ақпан айында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдин осы жобаны іс жүзіне асырудан түсетін кірістің көлемін арттыру үшін Қазақстан үкіметінің аталған кәсіпорыннан үлес иеленбек ниеті барын мәлімдеген болатын.

ШЕТЕЛДІКТЕР ҰЖМАҒЫ

Ал бұл уақытта өзге шетелдік мұнай компаниялары Қазақстанға қызығушылықпен көз тігіп отыр. Бейсенбі, сәуірдің 22-күні Сеулде қазақстандық «ҚазМұнайГаз» компаниясы мен Оңтүстік Корей елінің Korea National Oil Corp. (KNOC) деп аталатын мемлекеттік мұнай компаниясы басшылары өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды деп жазады «Кориа Таймс» басылымы. Топ-менеджерлердің сөзіне қарағанда, тараптар алдағы уақытта Қазақстаннан тыс жатқан әлемнің түрлі аймағында да мұнай кеніштерін игеру ісінде күш біріктіруге ниет білдіріп отыр.

KNOC компаниясы Қазақстан нарығына алғаш рет 2004 жылы аяқ басты деп көрсетеді газет. Компания бірқатар кен орындарын игеру құқына ие болды. Олардың ішіндегі ең ірісі – «Ада» блогы болып саналады, жорамал бойынша, онда 90 миллион баррель көлемінде кен қоры бар.

Корея Республикасы өз аумағында мұнай өндірмейді. Алайда, экономикасының көлемі жөнінен Азияда төртінші орында тұрған бұл мемлекет күніне екі миллион баррельден астам мұнай тұтынады. Соңғы жылдары мұнай бағасының күрт артуы Корея экономикасының ең бір әлсіз тұсын ашып берді: мұнайдың бір баррелінің бағасы 25 доллар болатын деңгейге жеткенде, Корея аталған кен импорты үшін жыл сайын қосымша 10 миллиард доллар төлеп тұруға мәжбүр болды.

Мұнайға бай болғандықтан, Қазақстанды әдетте «екінші Таяу Шығыс» деп атайды. Қашаған кеніші мұнай қоры жөнінен әлемдегі ең ірі 5 кеніштің қатарына енетінін айта кету керек деп атап көрсетеді басылым.

Мамандардың бағалауына қарағанда, Қазақстандағы мұнай қорының көлемі шамамен 40 миллиард баррельге барабар. Әлемдегі көптеген мұнай өндіретін елдерде күнделікті өндірілетін мұнайдың мөлшері 3 миллион баррельден аспайды. Тек Таяу Шығыста орналасқан ат төбелдіндей азғантай мемлекеттер ғана бұл мөлшерден артығырақ өндіріп келеді. Олардың қатарына 2015 жылға қарай Қазақстан да енетін болады деп жазады басылым.

Бұл елде шаш-етектен пайдаға кенелудің мол мүмкіндігі бар екеніне жұрттың көбінің көзі жете бастады. Ең ірі халықаралық мұнай компанияларының көбісі, соның ішінде Exxon Mobil мен Agip бұл жер жаннатында өздерінің іс-әрекетін KNOC-тан әлдеқайда бұрын бастаған болатын деп атап көрсетеді газет.
XS
SM
MD
LG