Accessibility links

Пласидо Доминго Назарбаевтың туған күні қарсаңында Астанада ән шырқайды


Пласидо Доминго Мексикадағы фестивальда ән салып тұр. Чиахуа, 1 қазан 2008 ж.
Пласидо Доминго Мексикадағы фестивальда ән салып тұр. Чиахуа, 1 қазан 2008 ж.

Әлемге танымал тенор Пласидо Доминго шілденің 5-інде Орталық Азиядағы тұңғыш концертін Астанада өткізбекші. Концерт Астана қаласына мемлекеттің ресми орталығы мәртебесі берілгендігінің 11 жылдық мерейтойына арналмақшы.

Юнайтед Пресс Интернешнл жаңалықтар агенттігі дүние жүзіне әйгілі тенор Пласидо Домингоның Орталық Азияда алғаш рет концерт беру үшін Қазақстанға келетінін хабарлайды. Ол концерт биылғы жылдың шілде айының 5 жұлдызында, Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өтпекші.

«Домингоның Қазақстанға сапары менің елімнің бай ән-күй мұрасына ие екендігін тағы да дәлелдейді әрі менің елімнің өнер мен мәдениетті лайықты қастерлейтіндігінің тағы бір нышаны болып табылады», – деп мәлімдейді Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ерлан Ыдрысов алдағы әнші сапары жайлы. – «Оның концерті Қазақстанның көңіл тебірентер советтік заманнан тәуелсіздік кезеңіне өтуіндегі тағы бір есте қалар оқиғасы болмақшы. Бұл Қазақстанның аймақтағы жетекші ел екендігінің бір айғағы», – деп хабарлайды Юнайтед Пресс.

Атақты тенор бұл жолғы концертте сопрано Вирджиния Толомен бірге ән шықрқамақ, ал оларды Юджин Кон дирижерлік ететін Астана мемлекеттік филармониялық оркестрі сүйемелдейді.

«Астанадағы жалпыұлттық мереке кезінде өлең айту – мен үшін үлкен құрмет. Бұл маған бүкіл Орталық Азия өңірінде өзімнің өнерімді жұртқа таныстыру үшін таптырмас мүмкіндік болып табылады», – дейді тенор шілдедегі концертіне қатысты ойларын ортаға сала отырып.

«Топ-Фоти-Чатс» сайты, опера әнін шырқау өнерінің майталман шеберінің Испания астанасы Мадридте, жергілікті сарсуэла (испан опереттасының бір жанры) жұлдыздарының отбасында дүниеге келгенін баяндайды.

Доминго өз әншілік өмірін 8 жасынан бастапты. Әдетте бала Пласидо мұндай өнерпаздығын анасы ән шырқаған кезде оны сүйемелдеп ән айту арқылы, ата-анасы бірге ән салған концерттерде оларға қосылып минорлық баритон рөлдерін орындай жүріп, шыңдаған екен.

Содан бері, дейді «Топ-Фоти-Чатс», Доминго әлемнің барлық басты опера театрларында музыкалық шығармаларды орындаған. Оның репертуарында 130 рөль бар. Әлемде мұншама көп рөль ойнаған бірде-бір өзге даңқты тенор болған емес.

Сонымен қатар, Домингоның қатысуымен опера қойылымдарының 100-ден аса толық жинағы, көптеген ариялар мен дуэттер, дискілер жазылып алынып, жарық көрді. Әнші 11 рет Грэмми жүлдесін және екі рет латын-америкалық Грэмми жүлдесін жеңіп алған.
XS
SM
MD
LG