Accessibility links

Атқарушы билік аймақтық баспасөзді уысынан шығармай ұстағысы келеді


Аймақтық медиафорумынан көрініс. Алматы, 20 қыркүйек 2010 жыл.
Аймақтық медиафорумынан көрініс. Алматы, 20 қыркүйек 2010 жыл.

Қыркүйектің 20-сы күні Алматыда аймақтық медиафорум өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған журналистер аймақтық журналистиканың өткір деп есептеген мәселелерін талқылады.


Мамандардың айтуынша, тегеурінді оппозиция қалыптасқанша ақпарат құралдарына биліктің оппоненті болуына тура келеді. Әйтсе де, шындықты қоғамға жеткізуі тиіс ақпарат құралдарында еркіндік жоқ, билік тәуелсіз ақпарат құралдарына әлі де қысым жасап отыр дейді олар.

– Мәселен, қаржы полициясының өтініші бойынша дәл қазір «Стан» компаниясын салық органдары тексеріп жатыр. Заң бойынша тексеріс бір айдан артық созылмауға тиіс. Алайда біздің компанияны тексеріп жатқанына міне, жарты жыл болды. Оның қашан бітетіні
«Стан» компаниясының өкілі Элина Жданова аймақтық медиафорум мінберінде. Алматы, 20 қыркүйек 2010 жыл.
белгісіз. Ең сорақы жайт – салық органдары қаржылық құжаттардан бөлек, редакцияның ішкі жұмысына да араласа бастады. «Материалдарды кім редакциялайды?», «Журналистерді қай аймақтардан іздейсіздер?» деген сияқты сұрақтар қояды. Әсіресе, видеоларды интернет арқылы қалай жіберетінімізді білуге қатты құштар, – дейді «Стан» компаниясының өкілі Элина Жданова.

Деректер бойынша, жыл басынан бері ақпарат құралдарынан моральдық өтемақы ретінде 758 миллион теңге талап етілген. Мұның салдары кейбір ақпарат құралдарына интернеттің мүмкіндігін толық пайдалануға мүмкіндік бермей отырған көрінеді.

– Сайтымызға тек мақалаларды ілумен ғана шектелеміз. Одан арғысына баруға қаржы жетіспейді. Бұл мәселе қозғалған сәтте кейінге ысыруға тырысамын. Себебі, 20 миллион теңге айыппұлмен болған оқиғаны бәріңіз де білесіздер. Бұл бізге қаржылық салмақ салғаны анық.
«Уральская неделя» басылымының редакторы Тамара Еслямова. Алматы, 20 қыркүйек 2010 жыл.
Жоспарға сай жұмыс істей алмай отырмыз, – дейді «Уральская неделя» басылымының редакторы Тамара Еслямова.

Биылғы наурыз айында «Тенгизнефтестрой» акционерлік қоғамы іскерлік беделіне нұқсан келтірді деген айыппен «Уральская неделя» басылымының журналисі мен газет редакциясын сотқа беріп, сот редакцияны моральдық өтемақы ретінде талапкерге 20 миллион теңге төлеуге міндеттеген болатын.

«Азат» жалпұлттық социал-демократиялық партиясының хатшысы Әміржан Қосановтың пікірінше, билік мүмкіндігінше ақпарат құралдарын бақылауды жалғастыра бермек

– Атқарушы билік ақпарат құралдарының 95 пайызын бақылауында ұстап отыр. Әртүрлі заңды, қаулыны пайдаланады. Өйткені, баспасөзге еркіндік беру деген сөз ол биліктің ауылдық деңгейден астанаға дейінгі былық-шылығын ашу деген сөз. Сондықтан билік одан қорқады, – деді Әміржан Қосанов.

Журналист Бақытгүл Мәкімбайдың айтуынша, әсіресе, облыс, аудандардағы ақпарат құралдарында еркіндік жоқ. Советтік
Қазақ журналисі Бақытгүл Мәкімбай. Алматы, 20 қыркүйек 2010 жыл.
журналистиканың принциптері бойынша жұмыс істейтін мұндай ақпарат құралдарында әдетте, өткір мәселелер қозғалмайды.

– Олар тек сол жердегі атқарушы билікке қызмет етумен шектеледі. Олардың өзінде еркін пікір жоқ. Әкім нені айтса, соны жазады, – дейді Бақытгүл Мәкімбай.

Форумда қызу талқыланған мәселелердің бірі – мемлекеттік тапсырыстың маңыздылығы. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтың айтуынша, барған сайын мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайып келеді. Биыл оның көлемі 5 миллиард теңгеге жеткен.

– Әсіресе, аудандық жерлерде шығатын газеттер мемлекеттік тапсырыссыз жұмыс істей алмайды. Себебі, қазір қаржыландыру, жарнама жағы өте қиын болып жатыр. Сондықтан әр облыста оның көлемін 100 миллион теңгеге дейін көбейттік. Ақпарат құралдары көбіне, саяси ақпарат таратады. Бүгінгі күні жұртты сауаттандыру мақсатында экономикалық өнімдерге де тапсырыс беріп жатырмыз, – деді Мұрат Әбенов.

Дегенмен кейбір мамандар биліктің мұндай қадамын түсінбейді. Олардың пікірінше, мемлекеттік тапсырыс ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін жоғалтатын «ең тәтті у» дейді.

– Меніңше, мемлекеттік ақпарат құралдары мен тапсырыстарды мүлде жою керек. Мұның бәрі қазіргі уақытта елдегі ақпарат кеңістігіне кері әсерін тиігізіп отыр. Егер ақпарат құралдары биліктен аулақ кетсе, онда қайда қарайды деген заңды сауал туындайды. Дәл қазіргі жағдайда биліктің орнын олигархтар, қандай да бір топтар баса бастайды. Бұдан сескенбеу керек. Есесіне бұл топтар арасында ақпарат нарығы үшін күрес басталады. Сөйтіп, олар заман талабына сай ақпарат өнімдерін шығара бастайды. Сәйкесінше, ақпарат құралдары да бәсекеге қабілетті бола түседі, – деді Сергей Уткин.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG