Accessibility links

Ресейге ерегіскен Грузия Сталинді аластауға мықтап кірісті


Гориде тұрған Сталиннің ескерткішін тұғырынан алынды. 25 маусым 2010 жыл.
Гориде тұрған Сталиннің ескерткішін тұғырынан алынды. 25 маусым 2010 жыл.

Айрылып қалған жерлерін әскер күшімен қайтаруға шамасы жоқ Грузия солтүстіктегі бақталас көршісіне өзгеше амалдармен қыр көрсетіп келеді. Сүйегі баяғыда қурап қалған Сталин де ілікке себеп болды. ТМД елдерінің ешқайсысы Мәскеумен бұлайша ерегіске бара бермейді.


СТАЛИННІҢ ЕСКЕРТКІШІ БОМБАЛАУДАН АМАН ҚАЛДЫ

2008 жылдың тамыз айында Грузия мен Ресей арасында болған қысқа ғана соғыс кезінде Ресейдің бомбалағыш ұшақтары алғашқы сәттен нысанаға алған жердің бірі Оңтүстік Осетиямен шекараға жақын жатқан Гори қаласы еді. Бұл қала Сталин дүниеге келген елдімекен ретінде әлемге әйгілі болатын.

Ресей әскери ұшақтары тұрғын кварталдар мен мектепті бомбалады. Қалалық аурухана да қатты бүлінді. Кассеталық бомбалар қаланың әр тұсына түсіп жарылып жатты. Грузин жағы бомбалық шабуыл салдарынан кем дегенде алпыс адам қаза болған деген дерек келтіреді.

Бір қызығы, Гориде Ресей бомбасы мүлдем түспеген екі жер бар екен – Сталиннің мұражайы мен оның орталық алаңдағы алты метрлік қоладан құйылған ескерткішіне дым да болмаған. Қала тұрғындары бұны Ресейдің бұрынғы совет диктаторына деген айнымас құрметінің белгісі деп ұқты.

Грузия мәдениет министрі Николозу Руруаның пікірінше, Горидегі мұражайды түрі жағынан да, мазмұны жағынан да қайта құру керек. Ендігі жаңа нұсқа – мұражай туралы мұражай болмақ. Ол мұражайда Сталинді мадақтауға мүлдем орын жоқ.

Бұның орнына мұражай Сталин мен большевиктік режим туралы шынайы ақпараттарға көбірек назар аудармақ.

АЗАПТАН КӨЗ АШПАҒАН ГРУЗИЯ

Бір жағынан, диктатордың сырт бейнесі мұқым совет елінің көсемі ретінде көрінді. Екінші жағынан, сырт көзден таса жеке өмірінде ол грузинше сөйлеп, грузин тағамын жеді, грузин әндерін айтып, Грузияны өзі қойған әкімдері арқылы тікелей басқарды.

Қалай болғанда да, Сталиннің өмірбаяны туралы екі кітап жазған британ тарихшысы Саймон Монтефиеро оны осылайша сипаттайды.

Алайда, оның атап өтуінше, грузиндік дүниеге деген жеке басының ынтықтығына қарамастан Сталинді Отанында соншалықты дәріптемейді. Қайта барлығы керісінше болды.

Сталин сонау 1921 жылы-ақ Қызыл армияның Грузияға басқыншылығын ұйымдастырған болатын. Большевиктер грузин қоғамының сүт бетіне шығар қаймағын түгелдей құртты. Британ ауторының жазуынша, большевиктік қырып-жоюлардан, кез-келген өзге республикалармен салыстырғанда жан басына шаққанда, Грузия көбірек зардап шеккен екен.

ҚАРСЫЛЫҚ ТАНЫТҚАНДАР ОҚҚА ҰШТЫ

Парадокс болып көрінеді, әйтсе де 1953 жылы қайтыс болған соң Сталин грузиндердің мақтаныш символына айнала жаздағаны рас. Ал 1956 жылы Никита Хрущев Сталиннің жеке басына табынушылықты әшкерелей бастағанда бұны грузиндер өздеріне қарсы жасалған әрекет сияқты қабылдады.

Хрущевтің Сталинді әшкерелеген сөзінен екі апта өткен соң Тбилисидің мыңдаған тұрғыны Сталин қайтыс болғанына үш жыл толуына орай оны еске алу үшін көшеге шықты. Шерушілерге қарсы атқан әскер оғынан ондаған адам қаза болды. Шеруге қатысқан жүздеген адам жараланды.

Халықаралық шолушылардың атап өткеніндей, қырық жылдың бедерінде грузин ұлтшылдығы осылайша бірінші рет ашық көрінген еді.
Осыған ұқсас жағдай 1986 жылы Қазақстанда да болды. Билік өздерінің ұлттық намысын ескермегені үшін мыңдаған алматылықтар көшеге шықты. Арада тура отыз жыл өткен соң дәл сол Тбилисидегі сияқты совет өкіметі алматылықтардың қарсылығын қатыгездікпен басып-жанышты.

ПУТИН СТАЛИН ҮШІН АЛҒЫС АЙТТЫ

Грузияда Сталиннің образы Екінші дүниежүзілік соғыста фашизмді талқандаған адам туралы аңыз ретінде қалыптасты. Алайда жақында ғана Грузия Сталинге көзқарасын күрт өзгертіп, оның тұлғасына тарихи тұрғыда әділ баға бермек болып шешті. Бұл – Сталинді ақтап алуға ұмсынып келе жатқан Ресейдің іс-әрекетіне қарсылық сияқты сипатқа ие болды.

Владимир Путин өзі президент болып тұрған кездің өзінде-ақ Совет Одағының құлауы «жиырмасыншы ғасырдағы аса ірі геосаяси апат болды» деп мәлімдеген еді.

Минскіден Астанаға, Ереваннан Баку мен Кишиневке дейінгі постсоветтік кеңістіктегі барлық дерлік президенттер бұл мәлімдеге байланысты ләм-мим деп жақ ашқан жоқ. Бұлары, әрине, ұяттау болды.

Ресей президенті Владимир Путин өзінің грузиндік әріптесі Михаил Саакашвилимен болған алғашқы кездесуінде-ақ: «Бізге Сталинді бергендеріңіз үшін рақмет», – деген болатын.

ГРУЗИН ПРИНЦИПТЕРІ

Кремльдің Сталинге деген ықыласы грузин басшыларының одан іргесін аулақ салуына түрткі болды. Дәл сол Саймон Монтефиоренің жазуынша, «жаңа Грузия үшін Сталин енді грузин емес. Ол – Ресейдің билеушісі».

2006 жылы Михаил Саакашвили Тбилисиде грузин парламентіне қарама қарсы жерден совет басқыншылығына арналған мұражай ашты.
Санкт-Петербор көшесіндегі билбордта «Сталинсіз Отан үшін» деп жазылған. 21 маусым 2010 жыл.
Куәгерлердің айтуынша, Владимир Путиннің бұған долданғаны соншалық, Саакашвилимен жеке кездескен кезінде ашуына ерік берген көрінеді. Сталин мен Берияның грузин екендігін мойындаған Саакашвили Мәскеуде грузиндердің басқыншылығы туралы мұражай ашуға кеңес берген-міс және бұл іске көмегін беретіндігін де айтқан деген сөз бар.

Сталинге байланысты Мәскеу мен Тбилисидің арасындағы ерегіс мұнымен біте салған жоқ.

Биылғы жылғы маусым айында түн ортасында жұмысшылар Гориде тұрған Сталиннің ескерткішін темір арқанмен матап байлай бастаған кезде, бұл іске қарсылық білдірушілерді жақындатпас үшін ескерткіштің айналасын полицейлер қоршап тұрды. Көп ұзамай оқиға орнына біраз адам жиналды.

Олар көтергіш кранның көмегімен жұмысшылардың ескерткішті тұғырдан жұлып алып, оны үсті ашық жүк машинасына тиеп алып әлдеқайда алып кеткенінше үнсіз бақылап тұрды. Арада екі күн өткен соң Ткибули қаласындағы Сталиннің тағы бір ескерткіші
Егер Грузияның қазіргі және болашақ құндылықтары туралы айтар болсақ, онда болашақ Грузияда Сталин бейнесіне орын жоқ.
алдыңғысының жолын құшты.

Грузин парламентінің басшысы және президент Саакашвилидің жақын серіктесі Давид Бакрадзе Сталин ескерткішін тұғырынан алу соншалықты үлкен шара болмаса да грузин принциптерін байқатқан маңызды оқиға болды деп мәлімдеді.

«Егер Грузияның қазіргі және болашақ құндылықтары туралы айтар болсақ, онда болашақ Грузияда Сталин бейнесіне орын жоқ», – деп мәлімдеді Бакрадзе.

Гори қаласы алаңындағы Сталин ескерткіші 58 жыл бойы мызғымай тұрған орын бос қалмайды. Мәдениет министрі Руруаның айтуынша, онда Сталиннің, бүкіл тоталитарлық режимнің, 2008 жылғы тамызда Ресеймен болған соғыс құрбандарына ескерткіш қойылмақ.

Ал қоладан құйылған Сталин қайта жасақталған мұражайдың ауласында өзге де тарихи экспонаттардың жанынан бұйырған орынын місе тұтпақ.

ҚАЗАҚ ПРЕЗИДЕНТІ ҮШІН ЖАЙСЫЗ ТАҚЫРЫП

Былай қарасаң, Ресеймен осылай ашық ерегіске баруға кез-келген тәуелсіз республиканың тәуекелі жете бермейтін сияқты. Әсіресе, әңгіме ұлттық мүдделер мен ұлттық намыс туралы бола қалған жағдайда.

Президент қызметінде Виктор Ющенко отырған кезде Киев Мәскеумен әжептәуір тайталасты. Алайда, билікке Виктор Янукович келісімен жағдай лезде өзгеріп сала берді. Украина барлық жағдайда өзінің емес, Ресейдің ыңғайына қарай жығылып, өткірлеу мәселелерді жұмсартуға тырысатын болды.

Ресеймен арадағы қарым-қатынаста Астана да өзін өте сақ ұстайды. Ол, тіпті, қарым-қатынастың ушығуына себепкер болуы мүмкін таза теориялық алғышарттардың өзін айналып өтуге тырысады.

Мәскеудің қытығына тиеді-ау деген көптеген мәселелерді Қазақстан тасаға қарай ысыра салады. Бұл тіпті қазақтардың тарихындағы ең бір қасіретті оқиғаларға қатысты болса да осылай жасайды.

Бұған нақты мысалдар да бар. Мысалы, Сталин жеке өзі шешуші рөл атқарып, малшы қазақ жаппай қырылған 1932-1933 жылдардағы ашаршылықты да айтуға болады. Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасы үшін бұл өте жайсыз тақырып.

Қазақ ұлтының жартысына жуығын алып кеткен сол бір алапат Ашаршылық мәселесін билік талай мәрте тып-тыныш айналып өтіп, оны байқамағансып келеді, тіпті ол жайында мүлдем ауыз ашқысы келмейді.

Әйтеуір осы бір қаһарлы көршісінің шамына тиіп алмас үшін неге де болса көніп, бас шұлғуға даяр тұрады. Ол үшін кейде тіпті халықтың мүддесі аяққа тапталғанын да қаперге алып жатқан жоқ.

(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий бұрын «Азат Еуропа»/ «Азаттық» радиосы Украин және Түркімен редакцияларының директоры болып қызмет еткен. Аталған мақаладағы аутордың жеке көзқарасы мен пікірі Азаттық радиосының ұстанымымен сай келмеуі де мүмкін.)
XS
SM
MD
LG