Accessibility links

Немістің жетекші газеттері Қазақстан президентінің Германияға сапарын елеусіз қалдырды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Германия канцлері Ангела Меркель баспасөз мәслихатында. Берлин, 3 ақпан 2009 ж.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Германия канцлері Ангела Меркель баспасөз мәслихатында. Берлин, 3 ақпан 2009 ж.

Канцлер Ангела Меркель президент Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстандағы адам құқығының сақталу жағдайын жақсартуға шақырды. Неміс баспасөз құралдары Қазақстан президентінің бұл сапарын жазуда тым сараңдық танытты.

Жуырда президент Нұрсұлтан Назарбаев Германияға осы елдегі Қазақстан жылының ашылуына байланысты сапарда болды. Немістің ірі газеттері бұл сапарға мүлде назар аудармады. Назарбаевтың канцлер Ангела Меркельмен және президент Хорст Келермен кездесуі туралы ақпаратты тек бірнеше ресми порталдар мен аса танымал емес сайттардан ғана кездестіруге болады. Мұндағы мақалалардың негізі - демократия мен адам құқықтары жөніндегі мәселелер.

Сапар қарсаңында Бундестагтағы «жасылдар» партиясы мен "90-дар Одағы" фракциясының өкілі Марилуиза Бек канцлер Меркель мен сыртқы істер министрі Вальтер Штайнмайерден осы сапарды Қазақстандағы демократия мен адам құқықтары мәселесіндегі алаңдаушылық тудырып отырған жайттарға баса назар аударуға пайдалануын өтінді.

«Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге бекітілген кезде сенімге ие болған, оны ендігі жерде Қазақстан жоғалтып алмауға тырысуы керек. Алайда, уәде етілген реформалар әлі жүзеге асқан жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары әлі де қатты бақылауда. Дін, сөз, жиын бостандығына кепілдік берілмеген. Партия қызметтерін заңдылық жағынан реттеуде алға жылжу жоқ», - деп атап көрсетілген Марилиуза Бектің мәлімдемесінде. Қазақстан тек өзінің халықаралық міндеттемелерін орындау арқылы ғана Орталық Азия елдеріне үлгі бола алады және ЕҚЫҰ-дағы ролін күшейте алады деп есептейді ол.

Net-Tribune ақпарат порталы Associated Press хабарламасын «Меркель Қазақстанды адам құқығы мәселелерін жақсартуға шақырады» деген тақырыппен берген. Әңгіме Германия канцлері Ангела Меркельдің Қазақстан президентімен кездескенде айтқан сөзі турасында. Атап айтқанда, ол Нұрсұлтан Назарбаевты дінге сену құқығы мен демократия және адам құқығының сақталуына қатысты жағдайды жақсартуға шақырған еді. Осы пункт бойынша, Меркель қазақ қоғамы «бұдан да ашық қоғам» бола алатынына сенімі зор екенін білдірді.

Тақырып News-Adhoc.com. сайтында да жалғасын тапқан. Ол ақпаратта Германия канцлері ЕҚЫҰ-на 2010 жылғы төрағалық ететініне байланысты Қазақстанға өз көмегін ұсынғанын айтады.

«Меркель, – деп жазады басылым, – бір жағынан, жақсы экономикалық қарым-қатынастар туралы айтқанымен, екінші жағынан, Қазақстанда адам құқығы, адамдардың наным-сенім бостандығы мен демократияның тапшылығына, сондай-ақ, сайлау заңдылықтарын реформалау мәселелеріне баса назар аударды. Бұл мәселелерді шешу үшін кең көлемде ашық қоғам құрудың пайдасы зор деп атап көрсетті канцлер».

3-ші ақпанда түске дейін Назарбаевты күтіп алуға арналған ресми рәсім жасалды. Федеральды президент Хорст Келер әскери құрмет көрсетіп күтіп алды. Сосын екі президент те Германиядағы Қазақстан жылының ашылу салтанатына қатысты. Кездесу кезінде неміс әріптестерімен арада болған әңгімеде екіжақты сауда қатынастары 6 миллиард долларға жеткендігі, 540 бірлескен кәсіпорынның жемісті еңбек етіп жатқандығы атап айтылды. Сонымен бірге ол Германияға шикізатты шетке шығаруда тереңдетілген кооперацияны қолдануды ұсынды. Қазақстан мұнай мен газдың біршама қорын иеленумен қатар, уран, кобальт, хром, ванадий және молибден қоры жөнінен әлемдік көшбасшылар қатарына кіреді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Германияға сапары алдында Frankfurter Allgemeine Zeitung газеті Қазақстанның экономикалық жағдайын сараптаған мақала жариялады. Ең алдымен басылым оқырмандарды Қазақстанның ірі банктерінің мемлекет қарауына өткендігі және мемлекет қаржысының елдің қаржылық жүйесіне құйылғандығы туралы соңғы жаңалықтармен таныстырады.

"Мұндай жаңалықтар елдегі экономикалық жағдайдың ушығып отырғанын көрсетеді, - деп жазады басылым. - Жағдай өткен жылы-ақ, мұнай бағасының түсуіне байланысты біршама төмендеген (қара алтынға ЖІӨ 30% және сырттан келетін түсімдердің жартысынан астамы тәуелді). Сонымен, өткен жылы экономикалық көрсеткіштер 3 пайызға дейін төмендеді, ал бұл көрсеткіш 2006 және 2007 жылдары тиісінше 8,7 және 10,7% құраған болатын. Ал биыл Goldman Sachs экономистері мен басқа да бақылаушылардың айтуынша, экономикалық құлдырау болуы да мүмкін".

Газет Қазақстанның қор рыногы жағдайын да саралайды. Қазақстанның көптеген банктерінің акциялары Франкфурт биржасында сатылуда, сондықтан да Германияның инвесторлары онсыз да жағдайы мәз емес Қазақстанды жіті бақылап отыр.

Жағдайды саралай келе, Frankfurter Allgemeine Zeitung газеті "қазақстандық акцияларға көптеген жағдайлар әсер етуде, ал ұлттық валютаның тұрақтылығына келсек, девальвацияны айналып өте алмайды", - деп жазады. Осында айтылған девальвация туралы жорамал мақала жарыққа шыққан күннің ертесінде айдай келді. Сонымен бірге неміс газеті жергілікті қаржы рыногының үміті мемлекет уәде етіп отырған 18 миллиард доллар мемлекеттік көмек пакетінде деп жазады. Бірақ бұл көмектің экономиканы сауықтыруы неғайбыл.

Сапардың мәдени жағына келетін болсақ, Қазақстаннан Берлинге мәдениет майданының таңдаулылары жіберілгеніне қарамастан, бұл тақырып та елеусіз қалды.

Berliner Morgenpost басылымы Германиядағы Қазақстан жылының ашылу салтанаты жайлы жазады. "Батыс, ең алдымен, Қазақстанның стратегиялық жағдайы мен пайдалы қазбаларына ғана назар аударады, ал, елдің мәдениеті туралы өте аз біледі. Бұл сапар ондай пікірді өзгертуі керек", - деп есептейді газет тілшісі. Қазақстан жылының ашылуына байланысты концерт, оның пікірінше, "қазақ музыка мәдениеті өзінің деңгейі мен алуан түрлілігі жөнінен оларды таң қалдырды".

Экзотикалық түрік сазы неміс тыңдаушыларына бұрыннан таныс. ХІХ ғасырдағы орыс композиторлары өз шығармаларында осындай саздарды кеңінен қолданған. "Алайда, домбыра мен қобыз сияқты халық аспаптары дәріптелгенімен, Брусиловский, Құрманғазы, Жұбанов сияқты қазақ композиторлары Батысқа әлі беймәлім болып қалуда", - деп жазады басылым. Концертке Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі, симфониялық оркестр мен ұлттық опера хоры қатысты. Кештің жарқыраған жарық жұлдызы опера әншісі Майра Мұхамедқызы болды.
XS
SM
MD
LG