Accessibility links

Жаза мерзімі толық өтелмеген Жақсыбек Күлекеев жаңа қызметке кірісті


Жақсыбек Күлекеев өзіне шығарылған сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 13 қараша 2008 жыл.
Жақсыбек Күлекеев өзіне шығарылған сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 13 қараша 2008 жыл.

Өткен күзде ғана түрмеден шартты түрде бостандыққа шыққан Жақсыбек Күлекеев мұнай институтының басшысы болып тағайындалды. Сот үкімі бойынша кесілген жазасын әлі толық өтеп бітпеген Күлекеев өзінің қылмыстық ісін саясиландырмағаны үшін билік оған осы қызметті берді дейді саясаткерлер.


МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ОРАЛМАЙМЫН ДЕГЕН ЕДІ


Отыз жылға жуық мемлекеттік қызмет атқарып, ұзақ жылдар бойы Қазақстан үкіметінің белді мүшесі болған Жақсыбек Күлекеев түрмеден шыққанына үш ай толар-толмаста басшы қызметке отырды.

«Қазақстан темір жолының» бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеев «Қазақтың мұнай және газ институты» компаниясының корпорациялық даму жөніндегі басқарушы директоры болып тағайындалды. Дүйсенбі күні ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында Күлекеев жаңа қызметіне бүгіннен бастап кіріскендігін айтты. Тиісті қаулыға институттың бас директоры Ұзақбай Қарабалин өткен жұмада қол қойған.

2008 жылы 1 сәуірде Астанада «үлкен көлемде пара алған» деген күдікпен ұсталған Жақсыбек Күлекеев сот үкімі бойынша сол жылы күзде «қызмет бабын асыра пайдаланған» деген айыппен үш жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда сот оған тағылған бастапқы «пара берген» деген айыптың дәлелденбегендігі себепті ондай айыптан Күлекеевті ақтап шыққан-ды.

Тергеу абақтысында шамамен жарты жыл, түрмеде бір жыл отырған Жақсыбек Күлекеев 2009 жылы 20 қарашада шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты. Бостандықтағы алғашқы күндері ол жергілікті басылымдардың біріне мемлекеттік қызметке қайта оралмайтындығын, «өз отбасына күнелтуге мүмкіндік беретін кәсіппен» айналысатындығынын айтқан еді.

«Маған бес жылға дейін мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салынды, ал ол мерзім аяқталғанда мен зейнетке шығар жасқа жетіп қаламын, мемлекеттік қызметке бара қоймаспын. Сондықтан мен мемлекеттік қызмет үшін келмеске кеткен адам шығармын», - деген еді Жақсыбек Күлекеев «Время» газетіне.

«АЙЫПТЫҢ ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАНЫН БИЛІК МОЙЫНДАДЫ»

Әйткенмен енді міне Жақсыбек Күлекеевке Қазақстанның мұнай-газ саласының «ғылыми орталығы» саналатын институттан орын берілді. Институт мұнай және газ саласындағы отандық ғылыми-зерттеу жобаларының басын біріктіру үшін 2002 жылы құрылған. Бірақ бұл мекеменің өзі де, ғылыми жобаларынан көрі, сыбайласқан жемқорлыққа қатысты жанжалдармен аты шыққан еді.

2003-2007 жылдары мұнай-газ институтының бас директоры қызметін атқарған Серік Бүркітбаев 2008 жылдың күзінде 2,4 миллиард теңге көлемінде мемлекет мүлкін талан-таражға салған деген айыппен ұсталды. Істің дәл осы мекеме қызметіне тікелей қатысы бар екендігі айтылды. 2009 жылы наурызда Ақмола гарнизонының әскери соты Бүркітбаевты сол айыппен алты жылға түрмеге жапты.

Жалпы, бірқатар сарапшылар Қазақстанда мемлекеттік ірі лауазым иелерін қылмыстық қудалау Жақсыбек Күлекеевті ұстаумен басталды
Бұл оған тағайындалған айыптың қолдан жасалған - жасанды екендігінің дәлелі, соны билік тарапынан мойындаудың бір түрі.
деп біледі. Тіпті, жергілікті оппозициялық баспасөз оған 1937 жылғы сталиндік жаппай репрессияның қайта дәуірлеуі деген айдар тақты. Бірақ Жақсыбек Күлекеев өз ісін саясиландырудан бас тартты.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов бұл тағайындау бірнеше мәселені аңғартады деп біледі. Оның пікірінше, «бұл оған тағайындалған айыптың қолдан жасалған - жасанды екендігінің дәлелі, соны билік тарапынан мойындаудың бір түрі».

- Екіншіден, өзіне қанша қысым жасалғанымен, айып тағылғанымен Жақсыбек Күлекеев ешқашан саясиланған мәлімдеме жасаған жоқ. Оның да қазіргі тағайындауына әсері болғаны сөзсіз, - деді Әлихан Бәйменов.

Сонымен бірге партия төрағасы жоғарыдағы пікір тек Жақсыбек Күлекеевке қатысты айтылғандығын және оның басқа да сотталған шенеуніктерге қатысы жоқ екендігін ескертіп өтті.

ЕҢБЕКПЕН ШҰҒЫЛДАНУҒА ӘРКІМ ҚҰҚЫҒЫ БАР


Сотта Жақсыбек Күлекеевтің мүддесін қорғаған адвокат Сәлімжан Мусин бұрынғы шенеуніктің жаңа қызметке кіріскендігінде ешқандай заңсыздық жоқ деп есептейді. Оның пікірінше, сот Күлекеевке бес жыл көлемінде мемлекеттік қызметпен шұғылдануға тыйым
Айыпкер Жақсыбек Күлекеев (сол жақта) пен оның адвокаты Сәлімжан Мусин сот залында. Астана, 7 қараша 2008 жыл.
салғанымен, оның жаңа жұмысы бұл санатқа жатпайды. Өйткені, мұнай-газ институты акционерлік қоғам болып саналады.

- Адамның қандайда бір еңбекпен шұғылдануына шектеу қоюға болмайды. Бұл адам құқығын бұзу болып саналады, - деді заңгер Мусин.

Билікті жақтайтын «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Серік Әбдірахманов болса Қазақстанда «Күлекеевтің біліміндей, тәжірибесіндей адамдар көп емес» деп санайды. Оның пікірінше, мемлекетке пайдалы орындарға осындай қайраткерлерді тарқан дұрыс.

- Мен Жақсыбек Күлекеевті қылмыскер деп санамаймын. Сол себепті қабілетіне сай қызметіне орналасып жатқаны дұрыс, - дейді Әбдірахманов.

Жоғарғы оқу орынын бітіргеннен кейінгі 13 жылда ұстаз болып істеген математик Жақсыбек Күлекеев 1997 жылы Қазақстанның статистика жөніндегі агенттігінің төрағасы, 1999 жылы экономика министрі, 2003 жылы білім және ғылым министрі қызметтерін атқарды.
XS
SM
MD
LG