Accessibility links

Бішкекте қазақ босқынның жоғалып кеткен ұлы табылды


Ақылбек Назаров, Қырғызстандағы қазақ босқынның ұлы.2006 жылғы сәуір айы түсірілген фото
Ақылбек Назаров, Қырғызстандағы қазақ босқынның ұлы.2006 жылғы сәуір айы түсірілген фото

Бішкекте жоғалып кеткен қазақ босқыны Ақылбек Назаров жұма күні табылды. 12 жасар баланы белгісіз біреулер қала шетіне шығарып, әкесі жайлы сұрақтың астына алған. Баланың жауаптары «көңілдерінен шықпаған» болуы керек, оны бірнеше сағаттан соң тас жолдың бойында тастап кеткен.


ҰРЛАНУ

Бішкекте тұратын қазақ босқындарының баласы Ақылбек Назаров жұма, қыркүйектің 3-інде түскі сағат 13.30-да табылды. Жасөспірімді қаланың шетінде тұратын таныстары кездейсоқ көріп қалып, ата-анасына алып келген.

Ақылбектің сөзінше, қыркүйектің 1-і күні оны белгісіз ер адамдар күшпен көлікке отырғызып алып кеткен. Бойынан әлі үрей кетпеген, әбден қорқып қалған бала радиомызға болған жайтты айтып беруге тырысты.

- Мен дүкенге шықтым. Жол-жөнекей қоқыс төкпек болып едім, терезелері қап-қара «Мерседес» көлігі келді. Ішінен екі адам шығып, біреуі менің аузымды жауып, біреуі укол салды. Мәшинаға салып мені бір жаққа алып кетті, - дейді Ақылбек.

Оның сөзінше, белгісіз адамдар оны алысқа алып кеткен. Біраз уақыт өткенде өздеріне қара түсті джип көлігі келген екен.

- Қара джиптен бір аға шықты. Ол мен шығарып алып сұрақ сұрады. «Папаң героин сата?» ма деді, мен «жоқ» дедім, сосын тағы сұрады, мен тағы да «жоқ» дедім. Сосын біреуі айтты «болды ол маған керек емес» деп. Сосын мені шетке лақтырып кетті, - дейді Ақылбек.

АДАСУ

Тас жолдың шетінде, шөптің арасында есін жинаған жасөспірім алыста көрінген үйлерге қарай бет алған. Алдымен қорыққаннан жүгірген, кейін шаршап жүре берген. Осылайша шамамен екі сағатта кейін қас қарайғанда түрғын үйлерге жақындаған дейді Ақылбектің әкесі Назар Жұбанышев.

- Ақылбек екі сағаттай жүгірдім дейді, соған қарағанда ол 15 шақырымдай жүрген болуы керек. Сол жерде тұрғын үйлер бар. Сол жақта біз осыдан бір жыл бұрын үй жалдап тұрғанбыз. Ақылбек сол жерді танып қалып, біз тұрған үйдің иелеріне келген екен. Бірақ, түнде есікті ешкім ашпаған, - дейді Ақылбектің әкесі.

Осылайша Ақылбек алғашқы түні тығылып далада түнеген. Екінші күні, яғни қыркүйектің 2-сінде ол өзінің танысын кездестіріп қалады. Алайда ол кішкентай досына жағдайын айтудан қорқады.

- Сол күні кешке дейін жүрген екен. Түнде сол үйдің бақшасына қонайын деп, шарбағынан өтпек болған. Сол кезде үйдің иесі «Мерседес» көлігімен келіп қалады. Алдыңғы көліктен қорқып, үйдің иесін танымай қалыпты. Түнде үйдің иесі де Ақылбекті танымай қалған екен. «Мұнда не істеп жүрсің?» деген сұраққа ұлым, «Ақшам сіздер жаққа түсіп кетіп еді, соны алайын дедім» дейді. Кейін Ақылбек ол жерден де қашып кетіпті, - деді радиомызға Назар Жұбанышев.

Үйдің иесі үйге кіріп, сыртта белгісіз баланы көргендігін айтқаннан кейін ұлы оның Ақылбек болуы мүмкін екендігін айтқан. Үйдің иесі дереу қайта шығып Ақылбекті іздестіргенімен таба алмайды. Ал Ақылбек болса қорыққанынан тығылып отыра берген. Жұма күні таңертең екі дос бала тағы кездеседі. Бұл жолы Ақылбекті үйдің иесі көлікке отырғызып, ата-анасына алып келген.

ҚАУЫШУ

Назар Жұбанышев ұлының аман-есен оралғандығына Аллаға ризашылығын білдіріп, Бішкектің Октябрь аудандық ішкі істер бөліміне келген. Онда ол баласының иығына жасалған уколдың ізі мен ұлының айтқандарын тіркемек. Айтуынша, ұлының сипаттауынша, өзін сұрақтың астына алған адам, осыдан біраз бұрын ұрланған Самал Қисметовадан жауап алған адамға ұқсайды. Қазір Ақылбек Назаровтың ұрлануына қатысты іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Естеріңізде болса, Азаттық радиосы шілде айының 13-і күні Қырғызстанның Қант қаласында тұрып жатқан босқын қазақ әйелі Самал Қисметованың жоғалып кеткендігін хабарлаған еді. Дәрігердің қабылдауына кетіп, сол күйі үйіне оралмаған 24 жастағы әйел тек тамыздың 12-сі күні ғана табылды. Самал Қисметова өзін белгісіз үш адамның ұрлап, Қазақстанға алып кеткенін айтқан. Келіншекті «Өлтіреміз» деп қорқытып, өзінің Қырғызстанға теракт ұйымдастыруға келгені туралы жалған куәгерлік жасатқызған. Дәл осындай жаланы Бішкектегі босқындардың барлығына да жапқызған. Оны еркінен тыс ұстағандар оған күш көрсетіп, ұрып-соққан, денесінде содан қалған іздер бар дейді өзге босқындар.

Қазір Самалдың ұрлануына қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Бішкектегі қазақ босқындары соңғы екі айда болған осы екі жайтқа Қазақстанның арнайы қызметінің қатысы бар дегенді айтады. Себебі бұған дейін де өздерін белгісіз біреулер аңдып, үйлерінде заңсыз тінту жүргізген.

Қазақстанның батыс өңірінен шыққан Назар Жұбанышев, Диянат Ердешов, Абзал Сайфоллаұлы және Қанат Өскембаев есімді азаматтар діни көзқарастары үшін Қазақстанды тастап кетуге мәжбүр болғандарын айтып, отбасыларымен бірге осыдан біраз уақыт бұрын Қырғызстандағы БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша Жоғарғы комиссары кеңсесінен көмек сұраған. Алайда әлі күнге дейін олардың мәселесі шешілмей жатыр.
XS
SM
MD
LG