Абай облысында мерзімді әскери қызмет атқарып жүргенде жағдайы нашарлап, ауруханада көз жұмған жауынгердің ісі бойынша сотталған дәрігер амнистияға ілініп, жазадан босатылды, деп жазды Tengrinews сайты.
Сот материалына сәйкес, 20 жастағы сарбаздың қазасына байланысты істе айыпты деп танылған Аягөз әскери госпиталінің емхана бөлімінің бастығы, Семей гарнизонының әскери сотының үкімі бойынша, екі жылға бостандығынан және сондай мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырылған. Алайда 38 жастағы сотталушының үш баласы барын және қылмыстың ауырлығы төмен санатқа жататынын ескеріп, сот оған амнистия заңын қолданған.
Былтыр сәуірде Солтүстік Қазақстан облысынан әскерге шақырылған жас сарбаз 16 мамырда Аягөз әскери госпиталіне қызуы көтеріліп, жалпы жағдайы нашарлаған күйде түскен. Дәрігер оған назофарингит диагнозын қойып, ауруханаға жатқызған. Алайда сарбаздың жағдайы нашарлап, 19 мамырда аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болғанын Азаттық жазған еді:
Сот-медициналық сараптама қорытындысында жауынгер өліміне екі жақты іріңді отиттен кейін асқынған іріңді менингит себеп болған деп көрсетілген. Сарапшылар егер 16 мамырда дұрыс диагноз қойылып, уақытында ем басталғанда жас жауынгер аман қалуы мүмкін еді деген пікір білдірген.
Сарбаз өліміне байланысты әскери госпитальлің емхана бөлімінің бастығы "Медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу" (317-баптың 3-бөлігі) айыбымен. жауапқа тартылды.
Марқұмның ата-анасы сотта баласы әскерге алынар алдында толық медициналық тексеруден өтпегенін мәлімдеген. Ата-анасының айтуынша, 2025 жылғы сәуірде әскери комиссариат қызметкерлері үйге келіп, егер жас азамат шақыртылған уақытта келмеген жағдайда айыппұл салынуы мүмкін екенін ескерткен.
Сот жәбірленуші тараптың азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырып, сотталған адамнан моральдық, материалдық және өкілдік шығын ретінде 12 миллион теңгеден астам ақша өндіріп алу туралы қаулы шығарған.