Стамбұлда Ресей мен Украина делегациялар келіссөзінің екінші кезеңі аяқталғаннан кейін Американың ресми тұлғалары ABC News арнасына Мәскеудің талаптарынан көңілдері қалғанын, бірақ таңданбайтынын айтқан.
Телеарна дереккөзінің сөзінше, ресейлік құжатта Украина мен АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі қабылдай алмайтын пунктер болған. Олардың пікірінше, Ресей билігі қазір мазмұнды диалогқа мүдделі емес.
2 маусымдағы келіссөзге дейін де Трамп бейбітшілік келісімінде ілгерілеушіліктің жоқтығын айтып, көңілі қалғанын жеткізген еді. Оның айналасындағы шенеуніктердің сөзінше, кейінгі күндері Америка басшысы бұл тақырыптан өзін аулақ ұстап жүр.
ABC News жазуынша, бұған дейін Дональд Трамп егер Мәскеу атысты тоқтатуға ықылас білдірмесе, оған қарсы санкцияны қатайтамыз деп сес көрсеткен. Бірақ 2 маусымдағы келіссөзден кейін Трамп әкімшілігінен бұған қатысты ешқандай қадам байқалмайды.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт дүйсенбі күні Дональд Трамптың бейбітшілікті орнатуға күш салатыны жөнінде бұрынғы мәлімдемелерін қайталады.
"Президент соғыстың келіссөз үстелінде аяқталғанын қалайды және ол мұны екі басшыға ашық және жеке түрде де түсіндірген" деді Ливитт.
- Дүйсенбі күні Стамбұлдағы келіссөздің екінші кезеңі барысында Мәскеу мен Киев өкілдері соғысты аяқтау бойынша ұсыныстар жазылған меморандуммен алмасқан, сонымен бірге тағы тұтқын алмасуға келіскен.
- 2 маусымда кешке Ресейдің ақпарат агенттіктері ресейлік меморандумның мазмұнын жариялаған. Онда Ресей басып алған украин жерінен украин әскерін толық әкету туралы шарт та жазылған.