Accessibility links

Абу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ келіссөзінің екінші кезеңі өтті


АҚШ, Ресей және Украина келіссөзінің екінші кезеңі.
АҚШ, Ресей және Украина келіссөзінің екінші кезеңі.

Сенбі күні Абу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ делегациялары арасындағы келіссөздің екінші кезеңі өтті. ТАСС агенттігінің жазуынша, тараптардың келісімімен кездесу жабық өткен. Ол үш сағаттан астам уақытқа созылды.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, кездесу кезінде соғысты аяқтау параметрлері талқыланған. Ол келіссөзді "конструктивті" жиын деп атады.

"Соңғы бірнеше күндегі кездесулерден кейін барлық тарап келіссөздің әрбір аспектісі бойынша өз астаналарына есеп беруге және одан әрі қадамдарды өз көшбасшыларымен үйлестіруге келісті. Әскерилер келесі кездесуде талқылануы тиіс мәселелер тізімін белгіледі" деді Зеленский. Оның сөзінше, келесі кездесу алдағы аптада өтуі мүмкін.

ТАСС агенттігі дереккөзінің айтуынша, келіссөз алдағы күндері жалғасуы мүмкін. "Кездесуде мүлде нәтиже болмады деп айтуға болмайды" деді ол. Өзге жай-жапсары хабарланбады.

Америка шенеуніктерінің бірі Axios басылымына “Путин мен Зеленскийдің кездесуіне жақындадық” деген.

Америка шенеуніктерінің айтуынша, екі күндік келіссөз кезінде барлық мәселе талқыланған: Ресейдің Донбасқа қатысты ниеті, Запорожье атом электр станциясы төңірегіндегі дау, соғыс аяқталғаннан кейін жағдайды ушықтырмауы үшін қажет қадамдар.

Сенбі күні кешке қарай үш жақ бірге кешкі ас ішкен. “Белгілі бір сәтте барлығы достасып кеткендей көрінді. Менде үміт оты пайда болды” деді Америка шенеунігі басылымға.

Американың ресми тұлғалары Абу-Дабидегі кездесу келіссөздің келесі кезеңіне өтуде маңызды қадам болғанын айтты.

“Біз Путин мен Зеленскийдің кездесуіне жақындадық” деді Америка шенеуніктерінің бірі басылымға.

Келіссөздің алғашқы кезеңі жұма күні кешке өткен. Ақ үйдің өкілі NBC News арнасына кездесу "өнімді" өткенін хабарлады. Reuters-тің жазуынша, кездесуде тараптардың ымыраға келгендегінің ешқандай белгісі жоқ.

Бұған дейін Украина басшысы Владимир Зеленский Абу-Дабидегі келіссөзде басты талқыланатын тақырыптардың бірі Донбасс мәселесі болатынын айтқан.

Ресейлік делегацияға – Ресей қарулы күштері бас штабы бас басқармасының жетекшісі адмирал Игорь Костюков, украин делегациясына – Украина ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Рустем Умеров, америкалық делегацияға АҚШ президентінің уәкілі Стив Уиткофф жетекшілік еткен.

XS
SM
MD
LG