Абу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ делегацияларының алғашқы үшжақты келіссөзі өтті. Келіссөз басталмай тұрып Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахайян делегация басшыларымен кездесті.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, келіссөздің бірінші кезеңі «барынша жабық режимде» өтті, БАҚ өкілдері қатыстырылмады. «Кемінде бүгін кешке осындай қатаң режим сақталады» деді агенттіктің дереккөзі. Келіссөз екі күнге созылады.
Украина президенті Владимир Зеленский келіссөзде соғысты аяқтау параметрлері талқыланатынын айтты және өзіне сағат сайын Украина өкілдері есеп беретінін жеткізді.
"Қазір Ресейден кем дегенде бірнеше жауап алынуы керек, ең бастысы - Ресей өзі бастаған соғысты тоқтатуға дайын болуы керек" деді Зеленский. Украина президентінің сөзінше, келіссөздің мазмұны бойынша қорытынды жасау әзірге ерте.
Ақ үй өкілі NBC News арнасына кездесу "өнімді" өткенін, келіссөз ертең де жалғасатынын айтқан.
Абу-Дабидегі ресейлік делегацияға Ресей қарулы күштері бас штабы бас басқармасының жетекшісі адмирал Игорь Костюков, Украина делегациясына – ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров, америкалық делегацияға АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф жетекшілік етеді.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Абу-Дабидегі 23 қаңтар күнгі кездесудің негізгі тақырыбы Донбасс мәселесі екенін айтқан.
Ресей президентінің кеңесшісі Юрий Ушаков Кремльде АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткоффпен кездесудің қорытындысы жөнінде "Анкориджде келісілген формула бойынша жер мәселесін шешпей, ұзақ уақытқа созылатын келісімді күтудің қажеті жоқ" деп мәлімдеп, ондай жағдайда Ресей соғысты жалғастыра береді деген.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамппен Анкоридждегі кездесу кезінде Ресей басшысы Владимир Путиннің Запорожье және Херсон облыстарында майдан сызығында соғысты тоқтатып, бірақ тұтас Донецк облысын Ресейдің бақылауына беруді талап еткені айтылған еді. Киев одан бас тартқан. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 23 қаңтарда "Анкоридж формуласы" деген тіркестің мәнін түсіндіруден бас тартты.