Accessibility links

Түркістан облысында белсенді Сәбит Сыздықбек "тыйым салынған ұйым жұмысына қатысты" деген күдікке ілінді


Белсенді Сәбит Сыздықбек. Шымкент, 4 ақпан 2020 жыл.

Түркістан облысы Отырар ауданы Шәмші Қалдаяқов ауылының тұрғыны, азаматтық белсенді Сәбит Сыздықбек Қылмыстық кодекстің "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласу" бабы (405-бап) бойынша күдікке ілінді. Белсендінің үстінен іс қозғалып, үйін тінту туралы қаулы шыққан.

60 жастағы Сәбит Сыздықбектің Азаттыққа айтуынша, 29 желтоқсан күні түстен кейін ауылдағы отбасымен бірге тұратын жеке тұрғын үйін тінтуге оннан аса полицей келген. Сот қаулысында көрсетілген мекен-жайдың дұрыс болмауына байланысты белсенді үйін тінтуге рұқсат етпеген. Тергеу сотының тінту туралы берген санкциясында Сыздықбек Қазақстанда сот тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының ісіне қатысы бар екені, оның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына қозғалысты қолдап, елдегі әлеуметтік-саяси мәселелерге қатысты материалдар жариялағаны жазылған.

– Тағылған айыппен келіспеймін. Бұл – 10 қаңтар күні өтетін сайлауға қатыстырмаудың амалы, – дейді ол.

Сыздықбектің үстінен Қылмыстық Кодекстің 405-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалғанын Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова растады. Оның сөзінше, қазір тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.

Бұдан бұрын Сәбит Сыздықбек Шымкентке келіп, президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесін басқарып, билікке ықпалын сақтап отыр делінетін Нұрсұлтан Назарбаевтың орнынан кетуін, бейбіт митингіге шыққандарға қысым жасамауды талап етіп бірнеше рет наразылық білдірген. Осы әрекеті үшін ол әкімшілік жазаға тартылып, қамалған.

Түркістан облысында Сыздықбектен бөлек бірнеше белсендінің үстінен Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша іс қозғалған. Соның ішінде құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған Мұрат Дүйсембиевтің бас бостандығы 3,5 жылға, Мұрат Байдәулетовтің бас бостандығы 1 жылға шектелген. Ал белсенді Қайрат Сұлтанбек үш айдан бері үйқамақта отыр.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG