Accessibility links

"Әділ сөз" қоры Динара Егеубаеваға қатысты істі ашық тергеуге шақырды

Logo of the press protection fund "Adil soz". Illustration taken from the fund's social media page
Logo of the press protection fund "Adil soz". Illustration taken from the fund's social media page

"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры тәуелсіз журналист Динара Егеубаеваға қатысты жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Қазақстанның ішкі істер министрлігі мен прокуратураны істі ашық тергеп, ұйымдасқан жалған ақпарат тарату фактілеріне құқықтық баға беруге шақырды.

Қор мәліметінше, жол-көлік оқиғасынан кейін журналистке қарсы үйлестірілген ақпараттық шабуыл басталған. Әлеуметтік желілерде велосипедшінің "қаза тапқаны", "ауыр жарақат алғаны" туралы жалған ақпарат таратылып, Егеубаеваның жақындарына агрессивті сипаттағы жүздеген хат-хабар жіберілген.

Қор Егеубаева тап болған оқиға түсірілген бейнежазбаларда велосипедшінің жолдың қарсы бағытымен келіп, көлікке жақындаған сәтте жылдамдығын төмендетпегені көрінетініне назар аударған.

"Әділ сөз" бұл жағдай Егеубаеваның аккаунттарының бұғатталуымен, оның YouTube платформасындағы арнасына қарсы шағымдардың көбеюімен және журналистің бейнесі мен дауысын қолданып жасалған жалған AI-арнаның ашылуымен тұспа-тұс келгенін атап айтқан.

Бұған дейін Динара Егеубаева өзінің жеңіл көлігіне соғылған велосипедшінің арызы негізінде Қылмыстық кодекстің 345-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалғанын және өзіне елден шығуға тыйым салынғанын мәлімдеген. Журналист істің тапсырыспен қозғалғанына сенімді екенін, тәуелсіз сараптама жүргізуді және бейнежазбаларды іске қосуды талап ететінін айтқан.


Айдар
XS
SM
MD
LG