Accessibility links

"Әділ сөз" қорын журналист Александра Алёхованың ісі алаңдатады

"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры алматылық журналист Александра Алехованы қылмыстық іс бойынша қудаланып жатқанына байланысты алаңдаушылық білдірді. Журналистің үстінен қозғалған іс сотқа жолданды. Алеховаға Қылмыстық кодекстің 147-бабы ("Жеке тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген жеке деректерді тарату") бойынша айып тағылып отыр.

Қылмыстық іс 2022-2024 жылдар аралығында Алматыдағы "Кенжехан" базарының жалға алушылары мен иелері арасындағы дау-дамай туралы жарияланған материалдарға байланысты қозғалған. Материалдарда бөлшек сауда орнын жалға алған кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаған белсенділердің бірі бұрын сотты болып, полицияда есепте тұрғаны айтылған. Белсендінің шағымы бойынша басталған тергеу бұл ақпаратты жария етуді азаматтың жеке деректерін заңсыз тарату деп тапқан, ал қорғаушы тарап барлық ақпарат ашық сот дерекқорларынан алынғанын алға тартып отыр.

2026 жылдың наурыз айында полиция журналист Александра Алехованы тергеу амалдарын жүргізу үшін шақыртқан, ал мамыр айында іс сотқа жолданды.

"Әділ сөз" қоры Алехова келтірген ақпарат бұрын полициядан деректер тарап кеткеннен кейін өзге бір Telegram-арнада жарияланғанын, яғни мұның алдында көпшілікке жария болған мәліметке жататынын атап көрсеткен. Осы орайда баспасөз құқығын қорғаушылар ол ақпарат алғаш рет жарияланғаннан кейін жәбірленуші полицияға жүгінгенін, бірақ ол жолы қылмыстық іс қозғалмағанын айтады.

"Қызмет бабында пайдаланылатын ақпаратты жария еткен полиция қызметкері, сондай-ақ ақпаратты алғаш жариялаған Telegram-арнасының иесі қылмыстық жауапқа тартылған жоқ. Сөйте тұра, жарияланған кезде жеке бастың құпиясы болудан қалған ақпаратты айтқан журналист ауыр қылмыс жасады деген айыпқа қалып отыр", деген қор мәлімдемесінде.

Қылмыстық кодекстің 147-бабында көрсетілген іс-әрекет үшін 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы, оған қоса белгілі бір қызмет түрлерімен айналысуға тыйым салу мүмкіндігі де қарастырылған. "Әділ сөз" "сот істің барлық мән-жайын объективті түрде қарап, журналисті қудалауды тоқтатады деп үміттенетінін" білдірді.


Айдар
XS
SM
MD
LG