Accessibility links

Әділет министрлігі Бажкенованың адвокатын лицензиясынан айыру жөнінде талап-арыз берді


Адвокат Мұрат Адам. Фото Facebook парақшасынан алынды
Адвокат Мұрат Адам. Фото Facebook парақшасынан алынды

Қазақстанның әділет министрлігі Orda.kz сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың мүддесін қорғап жүрген адвокат Мұрат Адамды лицензиясынан айыруды сұрап сотқа жүгінді. Министрлік тұжырымы бойынша, адвокат сотқа дейінгі тергеу барысы туралы бірнеше рет жалған ақпарат таратқан.

5 қаңтарда Мұрат Адамға адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы әділет министрлігінің талап-арызын табыстаған. Сот процесі 14 қаңтарда Алматы қаласының Бостандық аудандық сотында өтеді.

Алматы қаласы әділет департаменті министрліктің сенімхаты негізінде Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Мұрат Адамды лицензиясынан айыру туралы талап-арызды 29 желтоқсанда берген. Бұған ішкі істер органдарының ұсынысы негіз болған.

Министрлік "Власть" басылымының сауалына берген жауабында адвокатқа қатысты талап-арыздың берілгенін растады.

"Ведомствоаралық тергеу-жедел тобының материалдарына сәйкес, адвокат қылмыстық іске қатысқан сәттен бастап әлеуметтік желіде Orda.kz интернет-басылымының бас редакторына қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу барысы жөнінде бірнеше рет шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқан", — деп келтіреді басылым әділет министрлігінің ұстанымын.

Министрлік адвокаттың сотқа дейінгі тергеу және сот органдарына қатысты жалған мәліметті жария түрде қасақана таратқанын, бұл деректердің шындыққа сәйкес келмейтінін атап өткен. Әділет министрлігі "Бұл Қазақстан Республикасы заңнамасының және адвокаттардың кәсіби әдеп кодексінің талаптарын өрескел бұзу болып саналады" деген.

Мекеме Қазақстанда адвокат қызметі әділет министрлігі беретін лицензия негізінде жүзеге асырылатынын еске салады.

Ал Мұрат Адам әділет министрлігінің мәлімдемесіне әлеуметтік желідегі парақшасында жауап беріп, ешқандай фейк ақпарат таратпағанын айтты.

"Қорғауымдағы азамат — Гүлнәр Бажкенова әділет органы адвокаты оның құқықтарын бұзды деп қандай негізде өз атынан шешім қабылдап отырғанына және неге бұл мәселеде оның пікірі ескерілмейтініне наразы. Оның айтқаны бұл жағынан өте дұрыс. Өзін кім қорғағанын қалайтыны жөнінде пікірін білдіруге оның заңды құқығы бар", — деді адвокат.

1 желтоқсанда Алматыда полиция Orda.kz қазақстандық медиа редакциясында тінту жүргізді. Басылым қызметкерлері мен заңгерлер тергеу тобы жалақы төлеуге арналған қаражатты қоса алғанда, құжаттар мен техниканы тәркілеп, сейфті бұзғанын хабарлады. Сол кезде адвокат Мұрат Адам тиісті өкілеттігі бола тұра редакцияға да, Гүлнара Бажкенованың пәтеріне де кіргізілмегенін және тінтуге санкциямен танысуға мүмкіндік берілмегенін мәлімдеді, бұл қылмыстық-процестік заңнаманы бұзу екенін айтты.

1 желтоқсанда полиция Orda.kz сайтының Алматыдағы редакциясы мен бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың үйінде тінту жүргізіп, ізінше Бажкенова "көпе-көрнеу жалған ақпарат тарату" күдігімен екі айға үйқамаққа алынған. Редакцияның бірнеше қызметкері тергеуден кейін босатылған.

Бұған дейін Orda.kz басылымына халықаралық ұйымдар араша түскен. "Журналистерді қорғау комитеті" Қазақстан билігін сайттың бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға тағылған айыпты алып тастап, басылымның еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауға шақырған. Астана бұл мәлімдемеге келіспей, "бұл үндеу нақты жағдайды толық білмеуден туындағаны анық" деген.

XS
SM
MD
LG